Ақмола облысының кәсіпкерлер палатасы алаңында өткен сауда және қызметтер салалық кеңесінің кезекті отырысында сауда қызметін және тұтынушылардың құқығын қорғау саласын регламенттейтін заңнама нормалары қаралды. Сондай-ақ, «Сапалы өнім» жобасын іске асыру аясындағы ынтымақтастық жолдары талқыланды.
Қазақстанда ішкі нарықты және отандық өндірушілерді қорғау, «Азамат – бизнес – мемлекет» триадасында қатынастарды қайта құру, сауда саясатында реттеуші шараларды әзірлеуге бағытталған «Сапалы өнім» тұжырымдамасының жобасы енгізілді. Ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде барлық мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар, сондай-ақ, бизнес-қоғамдастықтың өзара іс-қимылы талап етіледі.
Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің басшысы Ерлан Әубәкіров айтып өткеніндей, жобаны іске асыру мақсатында қоғамдық бірлестіктер мен қауымдастықтар тұтынушыларға қолжетімді тауарларды сату, жұмыстарды орындау немесе қызметтерді көрсету орындарына барып, қоғамдық бақылау жүргізеді. Бұл ретте, олар тауар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігіне сараптама жүргізуге бастамашылық жасайды, сондай-ақ, тұтынушылар мүддесі үшін сотқа талап-арыз түсіреді. Тұтынушылардың құқығы мен заңды мүддесінің бұзылуы анықталған кезде бұл туралы ақпарат тиісті мемлекеттік органдарға жіберіліп, бақылау субъектісіне беріледі. Қоғамдық бірлестіктер қызметін неғұрлым тиімді интеграциялау үшін ахуалдық штаб құрылды, оған бейінді мемлекеттік органдар да кірді.
Штаб жұмысының нәтижесі бойынша өткен жылдан бастап импорттық өнімнің шамамен 13 түрі зерттелді. Оның барысында 10-ға жуық бұзушылықтар анықталды. Бұл кемшіліктер өнімнің санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға, мәлімделген сипаттамалар мен құрамға, сондай-ақ, таңбалау талаптарына сәйкес келмеуі. Өз кезегінде өңірлік палатаның директоры Ерқанат Мұсылманбек бизнес субъектілерінің өтініштері негізінде ахуалдық штабтың жұмысын күшейту ұсынылатынын атап өтті. Сүт өнімдерін өндірушілерден көптеген шағым түсіп жатыр.
–Расында да, бүгінде парадоксалды жағдай орын алды. Бір жағынан, мемлекет тауарлы-сүт фермаларын салуға қомақты қаржы жұмсайды, ал, елде шикізат апатты түрде жетіспейді. Ресей мен Беларусьтен импортталған «сүт» бар, оның ішінде құрғақ сүт басым. Өткен жылдың он айында ғана Қазақстанға 10 мың тоннаға жуық құрғақ сүт келді. Бұл ретте, оған жыл сайынғы қажеттілік небәрі 2 мың тоннаны құрады. Отандық сүт өндірушілері арзан сапасыз импортпен бәсекелестікке төтеп бере алмай, жабылуға мәжбүр. Осыған байланысты ахуалдық штабтың жұмысын жандандыру қажет, – деп толықтырды АӨК кеңесінің төрағасы Қуаныш Рақышев.
Ерлан Әубәкіров аудиторияны сауда қызметін және тұтынушылардың құқығын қорғау саласын регламенттейтін заңнама нормалары туралы хабардар ете отырып, тұтынушылар әрбір азамат үшін қолжетімді бағамен отандық өндірушілердің күнделікті қажеттіліктегі өнімдерімен қамтамасыз етілуге тиіс екенін еске салды.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға белгілеуді тұрақтандыру үшін делдалдық сұлбаларды тергеу жөніндегі өңірлік комиссия жұмысының нәтижелері бойынша департамент сауда үстемесін асырғаны үшін 70 кәсіпкерлік субъектіне әкімшілік сипаттағы шаралар қолданды. Соның ішінде 65 ескерту, 198 мың теңгеден астам сомаға 5 айыппұл салынды.
–Бизнес субъектілеріне қолданыстағы заңнама талаптарын сақтау қажеттігін еске саламыз. Атап айтқанда, сауда үстемесі өндірушінің сату бағасының немесе көтерме жеткізушінің сатып алу бағасының 15 пайызынан аспауы керек. Отандық өндірістің азық-түлік тауарларын сауда алаңына орналастыру жалпы сауда алаңының 30 пайызынан кем болмауға тиіс. Сондай-ақ сатылатын тауарларға міндетті түрде баға белгілерінің, тауар, жұмыс, көрсетілетін қызметтер туралы ақпараттың болуы қажет. Тұтынушыға тауарды қайтару және айырбастауды жүзеге асыру, «тұтынушының бұрышын» ұйымдастыру, тұтынушының 10 күнтізбелік күн ішінде берген шағымына жауап беру қажет, – деп атап өтті Ерлан Әубәкіров.
Жиын қорытындысы бойынша кәсіпкерлерге азық-түлік тауарларын көтерме сатып алу кезінде тауардың қажетті таңбалануына және сапаның сәйкестігіне бақылау жасау, әкелінетін импорттық өнімді немесе отандық тауар өндірушілердің өнімдерін сатып алуды таңдау кезінде таңдауды соңғысының пайдасына жүзеге асыру ұсынылды.
Таңбаланбаған импорттық тауар анықталған жағдайда кәсіпкерлерге сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау облыстық департаментінің қызметкерлеріне хабарлау ұсынылады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.