Астрахан ауданында тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға көмектесетін және өңірдің өнеркәсіп саласының дамуына тың серпін беретін жаңа жобаларды іске асыру көзделіп отыр.
Мысалы, биылғы жылы «APK Bavaria Product» серіктестігінің 2050 бас асыл тұқымды малға арналған шошқа фермасы мен бордақылау алаңын қамтитын мал шаруашылығы кешенінің құрылысын жүргізу жоспарлануда. Жобалық қуаты бойынша кәсіпорын жылына 5,5 мың тонна ет өндіреді. Сондай-ақ, 100 жұмыс орны ашылады. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан осы мақсатқа жалпы көлемі 74,4 гектар жер телімдері бөлінді. Жобаның жалпы құны 20,9 миллиард теңгені құрайды. Оның 18,5 миллиард теңгесі несиелік қаражат болса, 2,4 миллиард теңгесі серіктестіктің өз қаражаты. Шаруашылық өз өнімдерін ішкі нарықта және көршілес елдерге сатуды жоспарлауда. Қазіргі уақытта шошқа фермасына құрал-жабдықтарды жеткізуге міндеттенетін ірі жем өндеуші қытайлық Famsun ауыл шаруашылығы компаниясы жаңа серіктес болып анықталды. Бұл ретте, инвестицияны Sinasure компаниясы арқылы сақтандыру бойынша келіссөздер жүргізілуде. Жобаны іске асыру кестесіне сәйкес несие алғаннан кейін құрылыс-монтаж жұмыстары басталады. Егер оң шешімге қол жеткізілсе, кешен құрылысын 2024 жылдың 2 тоқсанында бастау жоспарланып отыр. Ал, іске қосу мерзімі 2025 жылдың төртінші тоқсаны. Ағымдағы жылдың 25 қаңтарында аудан әкімдігінде «APK Bavaria Product» ЖШС құрылтайшыларымен жиын өтті. Келіссөздер барысында компания инвестициялық жобаның жүзеге асырылуын растап, даму перспективалары мен белгіленген мерзімде мал шаруашылығы кешенін салудың алдағы жоспарларын белгіледі.
Сондай-ақ, аталмыш жобаға қоса, ауданда 2023-2025 жылдарға арналған тағы бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. «Зеленое 1» ЖШС ауыл шаруашылығы дақылдарына жаңбырлату жүйесін салу, «Камышенка» ЖШС азықпен қамтамасыз етуді арттыру үшін суару жүйесін құру, Астрахан құс фабрикасының өнім өндіру қуатын 3,0 мың тоннаға кеңейту. «Дани-нан» ЖШС-нің астық қабылдау пунктін Жалтыр ауылындағы 50 мың тонна бір реттік қоймаға кеңейту және «Азам КК» ЖШС-інде астық және майлы дақылдарды сақтайтын қоймалар салу сияқты жобаларды іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Аталмыш жобалар облыстың агроөнеркәсіп кешенінің дамуына елеулі серпін беріп, экспорттық әлеуетін арттырады. Алда әлі көп жұмыс бар дегенмен, бұл бастамалар алдағы жылдары жақсы нәтижелер беретініне үміт мол.
Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Астрахан ауданы.