Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Көкшетау қаласының вокзал маңындағы аумақты аралады. Бұл аумақта Қылшақты өзеніне еріген су ағынының ұлғаюына байланысты күрделі жағдай қалыптасқан.
Өңір басшысы Жанділдинов көшесінде тұратын тұрғындармен де кездесті. Олардың баспаналары өзен бойына жақын орналасуына байланысты үйлері су басу аумағында.
«Мен жағдайдың күрделілігін түсінемін, сіздерден шыдамдылық танытуларыңызды сұраймын. Биылғы жылы ауа райының қолайсыздығына байланысты облыс орталығында осындай келеңсіз жағдай орын алып отыр. Қазір біз бар күш — жігерімізді жұмылдырудамыз», — деді М.Ахметжанов.
Шығынды өтеуге қатысты әкім әрбір жағдай жеке және шұғыл түрде қаралатынын атап өтті.
«Шешім туралы біз сіздерге міндетті түрде хабарлаймыз. Бірнеше нұсқа қарастырылуда», — деді облыс әкімі.
Айта кетсек, 6 сәуірдегі жағдай бойынша Көкшетауда өзен жағасын нығайту жұмыстары жүргізілуде. Су тасқынына қарсы жұмыстарға Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұлан академиясының курсантары 60 адамы көмектесуде.
Барлығы 122 техника, сондай — ақ, 326 адам жұмылдырылды.
Дереккөз: www.gov.kz