Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бүгін – Қадір түні - АРҚА АЖАРЫ

Бүгін – Қадір түні

– Рамазан айы аяқталуға жақын. Бүгін – күллі мұсылман халқы асыға күтетін қасиетті Қадір түні. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай Тағанұлы агенттік тілшісіне Қадір түнінің ерекшелігі жайлы айтып берді.

«Алла Тағала түндердің ішінде Қадір түнінің қадірі мен қасиетін арттырып қойды. Рамазан айының қасиетті болуының ерекшеліктерінің бірі – Қадір түнінде тағдырдың жазылуы. Ал Қадір түнінің қасиетті болуының мәні – адамзат баласын екі дүние бақытына жетелеуші, ақ пен қараның, адал мен арамның аражігін айқындаушы Құранның түсуі.

Айша анамыз (оған Алла разы болсын): «Рамазанның соңғы он түні кірген кезде Пайғамбар білегін сыбанып, түнін құлшылықпен тірілткен және отбасын да құлшылыққа оятқан» дейді. Дұғалар қабыл болатын, күнәлар кешірілетін, тағдырлар жазылатын, періштелер сәлем жолдайтын түнді ерекше құлшылықпен өткізген абзал. Бұл түнде намаз бен Құран оқудың сауабы мол. Сонымен қатар көбірек дұға жасауды ұмытпайық», — деді Бас мүфти.

Қадір түні – қасиетті, тағдыр, тарылу деген мағыналарды білдіреді. Қадір түні – Алла Тағала періштелерге әмір етуімен Құран Кәрімді Лаухул Махфуздан (барлық жаратылыстың тағдыры жазылған кітап) Байтул Ғиззаға (дүние аспаны) түсірген қасиетті түн.

– «Негізінен Құранды Қадір түнінде түсірдік» («Қадр» сүресі, 1-аят), — деп айтқан. Кейін 23 жыл бойы түрлі себептер мен оқиғаларға байланысты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) уахи етіліп отырған. Бұл түннің артықшылығы жөнінде Алла Тағала Құранда былай дейді: «Қадір түні мың айдан да қайырлы» («Қадр» сүресі, 3-аят). Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім Қадір түнін иманмен және сауап тілеп, (намазда) тұрумен өткізсе, өткен күнәлары кешіріледі», — дейді.

Әнас ибн Мәлік (Алла оған разы болсын) былай деп айтқан: «Рамазан келгенде Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында, сендерге бұл ай келді. Онда мың айдан да қайырлы бір түн бар. Сонда кім ол түні бейқамдық танытса, оның барлық игілігінен құр қалады. Ал оның барлық игілігінен тек нағыз мақрұм адам ғана айырылып қалады», — дейді Н. Тағанұлы.

Қадір түні рамазанның қай түніне келетіні жайлы екі риуаят бар:

Соңғы он күннің тақ түндері. Айша (Алла оған разы болсын) анамыз: «Қадір түнін рамазанның соңғы он күннің тақ түндерінен іздеңдер», — деген хадис жеткізген. Және Ибн Аббастан (Алла оған разы болсын) жеткен: «Қадір түнін рамазанның соңғы он күнінен, қалған тоғызыншы, жетінші және бесінші түндерден іздеңдер», — деген риуаят бар.

Ибн Омардан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Қадір түнін жиырма жетінші түннен іздеңдер», — деген.

Убай ибн Кағб қадір түні жайлы былай дейді: «Аллаға серт! Расында мен ол түннің қай уақыт екенін білемін. Білуімше Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түнін құлшылықпен өткізуге әмір еткен түн – ол жиырма жетінші түн» деген.

Абдулла бин Аббас (Алла оған разы болсын) риуаят еткен тағы бір хадисте былай делінеді: «Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір қарт келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Мен ауру қартпын, маған түнде құлшылық ету ауыр тиеді. Маған бір түнді көрсетіп беріңіз, Алла Тағала Қадір түніне сай келуіне жар болғай», — дейді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жетінші (яғни 27-нші) түні тұр», — деп жауап береді».

«Бұл мүбәрак түннің жасырын болуының сыры ажалдың, қиямет күнінің жасырын болуы секілді мұсылман баласының ғибадатты көбейте түсуге және де ғапыл қалып, жалқаулық танытпау үшін құлшылыққа ынталандыру мақсатында жатса керек.

Айша анамыз (оған Алла разы болсын) ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың Елшісі, Қадір түнінде қандай дұға тілейін?» деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла, расында, Сен кешірімдісің және кешіргенді жақсы көресің. Мені кешіре көрші» деп айтасың» деп жауап берген. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде: «Кімде-кім Қадір түні иманмен және сауабын үміт етіп құлшылық етсе, оның алдыңғы күнәлары кешіріледі», — деген.

Исі мұсылман баласының тағдыр жазылатын түнді тағатсыздана күтуінің бір хикметі – Жаратқанға жақындай түсуге талпынуы. Сондықтан бұл түнді сауапты істермен өткізуге тырысайық», — деді ҚМДБ төрағасы.

Бұл түнді ойын-сауық орындарында өткізуге болмайды. Қадыр түнін үйде немесе мешітте өткізеді. Түнді жалғыз да, жамағатпен де қарсы алуға болады. Бұл түні намаз оқылады, Құран оқылады, өткен күндердің, айлардың қателіктері талданады, өткен реніштер кешіріледі, болашаққа жоспарлар жасалады.

Еске сала кетейік, бұған дейін дінтанушы Нұрлан Байжігітұлы JIBEK JOLY телеарнасында «отыз күн оразадағы отыз амалға» тоқталып, көрерменнің сан түрлі сауалына жауап берген еді.

Дереккөз: kaz.inform.kz

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар