Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ғалымның хаты өлмейді - АРҚА АЖАРЫ

Ғалымның хаты өлмейді

Жуырда елордаға іргелес Ақмола өңірінің халқы өзінің танымал ұландарына деген үлкен құрметтің куәгері болды. Осы ақпан айында Астана қаласы әкімдігінің қаулысына сәйкес, елорданың №94 мектеп-гимназиясына әдебиетші-ғалым, сыншы, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішұлының аты берілді. Ол 1927 жылы 15 тамызда Ақмола облысы, Бұланды ауданында дүниеге келген.

Тұрсынбек Кәкішев Қазақ мемлекеттік  ұлттық университетін, Қазақ КСР ҒА Тіл және әдебиет институтының аспирантурасын бітірген. 1944-1945 жылдары Ақмола облыстық Қазақ драма театрының актері, «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінде бөлім меңгерушісі,  1950-1958 жж. Партия тарихы институтында кіші ғылыми қызметкер, 1960-1968 жж. Қазақ КСР ҒА-ның М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болған.

Тұрсынбек Кәкішев қазақ әдеби сынының даму жолдары, жиырмасыншы ғасырдағы қазақ әдебиетінің, оның көрнекті өкілдерінің шығармашылықтары хақында ғылыми ізденістер жасап, өнімді еңбек етті. С.Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығы жөнінде ғылыми зерттеулер жүргізді: «Сәкен Сейфуллин» (1967), «Қызыл сұңқар» (1968), «Сәкен және Гүлбаһрам» (1994), «Сәкеннің соты» (1994), «Тар жол, тайғақ кешудің тағдыры» (К. Ахметовамен бірге, 1997), «Мағжан-Сәкен» (2000), «Сәкен аялаған арулар» (2003) деген он шақты кітап жазды.

Қазақ әдебиеті сынының тарихын зерттеп, «Сын сапары» (1971), «Оңаша отау» (1982), «Қазақ әдебиеті сынының тарихы» монографияларын жазды. Қазақстан Жазушылар одағының С.Сейфуллин атындағы сыйлығының иегері, Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының Құрметті академигі, Халықаралық Айтматов академиясының академигі.

«Парасат» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталған.

Атақты ғалым Тұрсынбек Кәкішев білімімен, ұстаздық қасиеттерімен біздің жадымызда ұмытылмастай сақталып қалған тұлға. Алматы қаласында ҚазМУ-де оқып жүрген кезімізде жазушы-ғалым ағаның лекцияларын тыңдап, ұлттың бетке ұстар талай азаматтары жайлы сырға толы әңгімелеріне қанық болғанбыз. Жалпақ жұртқа ашып айтпаса да, сол кезде ақиық аға ауызынан кейбір көпке құпия есімдерді аудиториядағы жастар біліп отырды. Сексенінші жылдары Қазақстанның бас қаласы Алматыда ел таныған тұлғалар көп болатын. Студент жастар олармен болған кездесулерге қатысып, талай қызықты әңгімелердің куәсі болды.

Атап айтатын болсақ, қазір орны ойсыраған небір танымал жандардың дидарын көріп, сөзін тыңдау бізге бір ғанибет еді. Солардың ішінде есімдері жұртқа кеңінен мәлім ғалым Әлкей Марғұлан, халық батыры Бауыржан Момышұлы, әсем әнімен жүрек тебіренткен Шәмші Қалдаяқов, тағы сондай ел таныған азаматтарды көріп, көңіліміз өсуші еді.

Оқуымызды бітіріп, елде қызмет істеп жүрген шағымызда есте қаларлық бір оқиға болды. Бұл 1983 жылдың жаз айы болатын. Ақмолаға Алматыдан бір топ ақын-жазушылардың келетінін естіп, тіпті, сол кісілермен өткен алқалы мәжіліске де қатысқан едік. Қазақстанның ақын-жазушылары мен ғалымдары «Тар жол, тайғақ кешу» кітабында айтылатын оқиғаларға орай «Сәкеннің ізімен» атты тарихи экспедиция ұйымдастырып, оны Ақмола өңірінің Ерейментау ауданынан бастауды жөн көріпті. Себебі, қазақтың кемеңгер ұлы Сәкен 1916 жылғы Ереймен көтерілісін айта келе елге қажет біраз мәнді мағлұматтар қалдырғанын оқырмандар жақсы біледі.

Сол кездегі Ерейментау аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Төлеген Қашқынбайұлы Ошағанов алыстан арнайы келген меймандарды ерекше бір ықыласпен қарсы алды. Ол Талдықорған өңірінің тумасы, соғыс жылдары шекарашы болса, бейбіт заманда түрлі деңгейдегі мемлекеттік қызметтер атқарған жан. Төлеген Қашқынбайұлы мейілінше ұстамды, мінезге бай, көрген жанды жылы сөзімен баурап алатын қасиеті зор кісі болған еді.

Республикалық деңгейде құрылған экспедицияны ғалым, әдебиет саласының сардары Тұрсынбек Кәкішев басқарса, оның құрамында атышулы ақын Мұзафар Әлімбаев пен сол кездегі облыстық «Коммунизм нұры»  газетінің белді қызметкері, жазушы-журналист  Мәди Хасенов болды.

Осы экспедиция аудандық партия комитетінің мәжіліс залында көпшіліктің қатысуымен алқалы жиын өтті. Аудан қонақтары төрге жайғасқаннан кейін әңгіме тиегін ағытып, бастап отырған сапарларының мән-жайын түсіндірді. Тұрсынбек аға залда көпшіліктің ішінен өзінің бір кездегі шәкірті, мені көріп қалып, масаттана сөйледі.

– Сіздердің араларыңызда менің бұрынғы студентім отыр, – деп маған ерекше назар аударып, біраз жылы шырайлы тілегін  де арнады.

Анненковтың ажал вагонынан қашып шыққан Сәкеннің арып-ашып, осы құба жонмен туған жеріне жаяу-жалпылай әрең жеткендігін жазушы ағалар өз тыңдармандарына жан-жақты баяндап берген соң, 1916 жылғы Ереймен көтерілісінде ауыз толтырып айтып өтті. Ұлы баһадүр Қанжығалы қарт Бөгенбай батырдың аруағы қонған ел бес қаруы сай ақ патшаға өр мінезімен қарсы тұра білгені – екінің бірінің қолынан келмейтіні анық. Сондықтан, дауылпаз Сәкен бұл оқиғаға үлкен мән беріп, уақыт ағымына сай астыртын түрде астын сызып айта білгені де қамтылды.

Мұзафар Әлімбаев Ереймендегі бұл қанқұйлы оқиғаның мән-жайына тоқтала келе:

– Дегенмен, оған жан-жақты баға берілген жоқ. Біз Амангелді Иманов көтерілісінен әрі аса алмай жүрміз, – деді.

Екі сағаттан астам уақытқа созылған жиында жазушылар да, отырған ел үлкендеріне де көпшілік тарапынан біраз сауалдар қойылды. Мұның бәрі менің ойымда ұмытылмастай сақталып қалды.

Халқымыз «Ғалымның хаты өлмейді» деп бекер айтпаған ғой. Сәкеннің еңбегі, өмірде жасаған азаматтық ерлігі жайлы жан-жақты мағлұмат иесі өзінің білгенімен қалың оқырмандарымен әрдайым бөлісе білді. Елде тосын жайлар болса, оған да белсене пікір білдіріп, өз  үнін қосуға тырысты.

Еліміз өз тәуелсіздігіне ие болған жылдары Астанадағы Сәкен Сейфуллин атындағы мұражай ерекше бір елдік сипатқа ие болды. Ақынның ескерткішінің ашылу салтанатына да Тұрсынбек аға қуана қатысып, төгілген сөз сөйлегені әлі күнге көпшіліктің есінде.

Ғалымға құрмет – жерлестерінің міндеті. Ендеше, Астана қаласы әкімдігінің №94 мектеп-гимназиясына көрнекті тұлғаның есімін беруі жөніндегі шешімдері тарихи оқиға ретінде бағалауға болатындығы анық.

Жанат  ТҮГЕЛБАЕВ,
Қазақстанның  Құрметті  журналисі.

 Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар