Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұлағатты ғұмыр жалғаса береді - АРҚА АЖАРЫ

Ұлағатты ғұмыр жалғаса береді

ХІХ ғасырдың отызыншы жылдары жаппай сауатсыздықты жою, жұртты коллективтендіру науқанына жұмылдыру сол кездегі биліктің алдында тұрған басты міндет болатын. Маңызды бұл шараларды сақтықпен жүзеге асыру ел арасынан суырылып шыққан көкірек көзі ояу зерделі жастарға жүктелді. Жасы жиырмаға жаңа ғана толған Қазжан Темірбаев өз замандастары сияқты адам тағдырына қатысты бұл іске жүрексінбей, білек сыбана кірісіп, ел үмітін ақтай білді.

Көне тарихтан сыр шертетін осындай дәрісті әңгімені Қазжан ағадан сан мәрте естігенде, дәуір шындығын әсірелемей, тындарманға нанымды түрде қаз-қалпында баяндауымен таңқалдыратын.

Иә, айтса-айтқандай, Көкшетау-Қызылжар өңіріндегі қазақ ауылдарында жаңа өмір бірден орнығып кеткен жоқ. Әу баста жеті үй, он үй болып жер өңдеу серіктестіктерін, артельдер мен колхоздар, «Қызыл отаулар» құруға біреудің маңдай терімен күн көріп, билік жүргізуді мансұқ еткендер қарсы болды. Қоғамға іріткі салушылардың арам пиғылдарына Қазжан аға сияқты жалындаған жастар тосқауыл қойып, сатқындықтың жолын кесті.

Оны мұндай батыл қадам жасауға өмірдің өзі шыңдады. 1909 жылғы 9 мамырда Петропавл уезіндегі Қуанышбай ауылында дүниеге келген Қазжан Темірбаев анасынан ерте айырылып, балалар коммунасында тәрбиеленді. Одан арғы өмірі Қызылжар өңірімен тығыз сабақтасып, мектептерде ұстаздық етті. Ұлы Отан соғысының шешуші шайқастары жүріп жатқан қиын сәтте партия органдарына саяси сауатты, қабілетті жас кадрлар қажет болды. Облыстық партия комитетінің бюросы осындай мақсатпен Қазжан Әбдірахманұлын 1942 жылы Пришим аудандық партия комитетінің хатшысы етіп сайлады. Орда бұзар отызында биікасуға қадам басқан жігіт ағасының болашақ тағдыры, одан кейін Айыртау ауданында жалғасты. Бұл кезде Көкшетау облысы дербес әкімшілік-аумақтық құрылым ретінде шаңырақ көтерген болатын.

Әр өңірдің әр кезеңге сәйкес ерекшеліктері болды. 1948-1953 жылдар аралығында Зеренді аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған уақытта ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге ерекше мән беріліп, партиялық тәртіп күшейтілді. Көкшетау облысындағы ең ірі астықты өңір Чкалов ауданын басқарған жылдары, тың және тыңайған жерлерді игерумен тұспа-тұс келді. Ауданда «Котовский», «Тихоокеан», «Севастополь», Ильич атындағы совхоздар құрылды.

Жылдар жылжып өтіп жатты. Қиын балалық шақ, қарбалас еңбек Қазжан қарияның денсаулығына ықпал етпей қоймады. Сөйтіп, 1961 жылы ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағының облыстық комитетінің төрағасы қызметіне ауысты. 1964-1974 жылдар аралығында Көкшетау обкомының партиялық комиссиясының мүшесі болып істеді. Қазжан Әбдірахманұлы қай салада еңбек етсе де сабырлымінезімен, кәсіби біліктілігімен жас әріптестеріне үлгі-өнеге бола білді. Өңір экономикасын өркендетуге қосқан үлесі жоғары бағаланып, «Ленин», «Құрмет белгісі» ордендерімен, мерекелік медальдармен марапатталды.

Қазжан ақсақалдың жеті перзентінің төртеуі әке жолын қуып, ұстаздық мамандықты таңдады. Тіпьі, екеуі мектеп директоры дәрежесіне дейін көтерілді. Осыдан қырық жыл бұрын Көкшенің текті перзенті, аяулы әкесін ақтық сапарға шығарып салған сүйікті ұлы Сұлтанның да фәниден бақилыққа аттанғанына бір жылдың жүзі болыпты.

Ағайынға сыйлы асыл азамат  Сұлтан жайлы айтар болсақ, ол Көкшетау қаласындағы №2 орта мектепті бітірісімен алғашқы қадамын аспап жасау заводында бастады. Целиноград құрылыс институтын бітіріп, үй-құрылысы комбинатында инженер болып істеп жүргенінде биліктің ұйғарымымен ауылшаруашылығы-өнеркәсіп кешені қызметкерлері кәсіподағының Көкшетау қалалық комитетінің төрағасы қызметіне сайланады. Бұл қызметті зейнетке шыққанша абыроймен атқарып, еңбек ұжымдарында кәсіподақтың рөлін көтеруге, еңбек тәртібін нығайтуға үлесін қосып, кәсіби біліктілік танытты.

Ер жігітке жеті өнер де көптік етпейді. Біз білетін Сұлтан болса студенттер арасында волейболдан Тың өлкесінің, тіпті, Қазақстанның чемпионы атанып, өз жанкүйерлерін сан мәрте таңдай қақтырды. Ол темірден түйін түйіп, түрлі сызба жасап, сурет те салатын. Осындай өнерпаз жігіттің достарының көптігіне ешкім шүбә келтірмейтін шығар. Тіпті, бір шеті сонау Қиыр Шығыстан бастап ту-ту Германиядағы жолдастарымен үзбей хабарласып, туған күндерімен құттықтайтын.

Қара шаңырақтың ұйытқысы, мемлекеттік сауда ісінің үздігі Күлән Пазылқызының асыл жары Сұлтанның да алдында ары таза. Ерін алақанға салып аялағандай, мәпелеп күтті. Аэроғарыш саласында істейтін қызы Сәуле мен кәсіпкер ұлы Ерік болса, бес немере сүйгізіп, анасының сенімді қолғанаты болып саналады.

Өз басым Темірбаевтар әулетімен ертеден біте қайнасып кеткендіктен, айтар тілегім, бастарыңыздан бақ таймай, ата-баба дәстүріне адалдық танытып, өнегелі  істеріңізбен ұрпақ сабақтастығын абыроймен жалғастыра беріңіздер.

Шияп ӘЛИЕВ,
Көкшетау қалалық ардагерлер

кеңесінің төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар