Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Өмірі ұрпаққа өнеге болар ұлы тұлға - АРҚА АЖАРЫ

Өмірі ұрпаққа өнеге болар ұлы тұлға

Ұлтымыздың біртуар кемеңгер перзенті Қаныш Сәтбаевтың ғұмыр жолын айшықтауға жазушы Медеу Сәрсеке қырық жылға жуық уақытын сарп етіп, осы жолда көп тер төккен тартымды еңбегімен қазақ қауымына тамаша сый жасады. Маған осындай кітаптың авторы Медеу Сәрсекемен екі рет кездесіп, пікір бөлісудің сәті түсті. Қазақстан Ғылым Академиясының тұңғыш Президенті, 20-ғасырдың ғұлама ғалымы, Мемлекеттік, Лениндік сыйлықтардың иегері, қоғам қайраткері, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына байланысты іс-шаралар елімізде кеңінен аталып өтіп жатыр. 12 сәуір –Қазақстан ғылымының негізін қалаушы Қаныш ағамыздың туған күні және Ғылым күні.        

Кейбір ұлы тұлғалардың ойы мен істеген ісі ғасырларды жалғастырып, ұрпаққа мирас болып, тек бір ұлттың ғана емес, бүкіл адамзаттың игілігіне қызмет етеді. Қазақ топырағынан шыққан, ЮНЕСКО мойындаған Әл Фараби, Абай, Мұхтар Әуезов осындай тұлғалар. Өмірі ұрпаққа үлгі, еңбектері ұлтымыздың рухани құндылығы болып, әлем ғылымының шыңына шығып, жарық жұлдыздай адамзат баласына нұрын төгіп тұрған ғұлама ғалым, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев  та осы қатарда.

1947 жылы Британ парламентінің шақыруымен бұрынғы Кеңес Үкіметінің басшылары делегациясы құрамында Англияға  барғанда.

– Біз кен байлығымызды игеруге бұрынғы Атбасар мыс қазбасы деңгейінен айтарлықтай жоғары нәтижесіне жеттік, – деп елінің абыройын көтеріп, Англиямен терезесі тең елдің өкілі екенін шебер таныта білді. Англияның бұрынғы премьері Иден Н.С.Хрущевпен кездескенде: «Совет Одағында әлемдік деңгейдегі тұлғалар бар», – деп Қ.И.Сәтбаевтің атын атап, «Бірақ, Ұлыбританиядағы аз ұлттар ішінде мұндай белгілі адам жоқ», – деп өкінішін білдірді. Қ.И.Сәтбаев кітабының авторы Медеу Сәрсекке үш мәрте, Социалистік Еңбек Ері атағын алған Ефим Павлович Славский сұхбат бергенінде:

– Қазақтар Қ.И.Сәтбаевтың ұлылығын әлі түсінген жоқ. Оның орасан зор еңбегі Қазақстанда да, Одақ көлемінде де өз бағасын алған жоқ. «Біздің ғасырда ол бола қоймас деп ойлаймын» – деген  екен.

Ондай уақыт тек екінші мыңжылдықтың аяғында келді. Қазақстан ғылымының негізін қалаушы, әрі ұйымдастырушы Қ.И.Сәтбаевтың 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның бастамасымен әлемдік деңгейде аталып өтті. Және Мәскеуде, Минскіде, Ашхабадта, Душанбеде, Астана, Алматы, тағы басқа қалаларда, облыс орталықтарында жалғасын тауып, кеңінен аталып жатты. Қ.И Сәтбаев өзінің 64 жас қысқа өмірінде ауыр кезеңдерді, қиыншылықтарды басынан кешті. 1937 жылғы репрессияда үш үлкен ағасы ату жазасына кесілді. Өзі ешқандай кінәсіз 1951-1952 жылдары болған «ұлтшылдықпен күрес» науқанында Қазақстан Ғылым Академиясының президенті жұмысынан босатылды. Қазақстанды ширек ғасыр билеген Д.А.Қонаевтың тұсында 1964-1986 жылдары Қ.И.Сәтбаевтың есімін, ұлаң-ғайыр ғылыми еңбегін ататпағаны, ел тарихынан алып тастағысы келгені пендешілік қаракетінен туындаған әрекет екенін зиялы қауым жақсы біледі.

1999 жылы 9 сәуірде «Казахстанская правда» газетінде шыққан «Қазақстанның мақтанышы» атты мақаланы оқығаннан кейін Қ.И.Сәтбаевтың бейнесі менің де санама сіңіп, содан бері 20 жылдан артық  уақыт бойы оқушы, студент жастарға тынбай насихаттап келемін.

Белгілі жазушы М.Сәрсекенің көп жыл бойы еңбектеніп, ой өрнегін қаламмен қашауы арқылы Сәтбаевтың сәтті шыққан бейнесі бүгінгі күні халқымыздың үлкен олжасы. Жазушы өзінің кітабын архивтегі құжаттарға және Сәтбаевпен бірге істеген замандастарының естеліктеріне сүйеніп, басты кейіпкердің өмір жолын хронологиялық ретпен еліміздің саяси экономикалық, әлеуметтік даму тарихын түзе отырып келтірген.

Мамандығы геолог бола тұра, Қ.И.Сәтбаев жан-жақты білімді болды. Мұхтар Әуезовтың Семейдегі алғашқы ұлттық театрда қойылған «Еңлік-Кебек» пьесасына пікір жазған Қ.И.Сәтбаев. «Еңбекші қазақ» газетінің 1927 жылдың 24 қаңтарында: «театр халық өмірінің айнасы болуы керек, театр ұлттық мінезіміздің кемшіліктерімен күресуші, халқымыздың ұлттық құндылықтарын сақтаушы және соны ұйымдастырушы болуы керек», – деп жазды. Бұл 28 жастағы Қаныштың кәсіби өнертанушы деңгейінде өнер саласының да қыр-сырын жақсы білгенін көретеді.

Сәтбаев Сібір технологиялық институтында оқып жүріп, ұлтының болашағын ойлап (1921-1926 жж.) орысша жазылған алгебра оқулығын негізге ала отырып, мысалдарын ұлттық ерекшелікке ыңғайлап, алгебра пәнінің қазақша оқулығын жазды. Бұл оқулықта  автор математика тіліне сол кезде қолданылып жүрген араб әрпін қолданбай, халықаралық латын әріпін қолданды. 1926 жылы 14 маусымда дипломдық жұмысын қорғап, тау-кен инженері деген диплом алды. Москвадағы Атбасар түсті металл тресі жас маманды Спасск құрамындағы Қарағанды көмір бассейні, Успенка руднигі, Спасскі мен Қарсақбай мыс қорыту зауыттары, Байқоңыр көмір шахтасы қарайтын геология бөлімінің бастығы қылып тағайындады.

Қ.И.Сәтбаевқа абырой, атақ оңай келген жоқ. 1940 жылға дейін Москва, Алматыға шақырғанда үзілді-кесілді жауап беріп, бас тартты. Ал, біз егемендікке қол жеткізгенде, экономикалық қиыншылық туғанда, кейбір жас ғалымдар, өнер адамдары, кәсіпкерлер шет елге кетті. Ал, Қ.И.Сәтбаев болса, Жезқазғанның аптаған ыстық желі, сақылдаған аязы мен бұрқыраған боранына шыдап, сонда қала берді.

Қ.И.Сәтбаев үлкен Азамат, интернационалист, ғылым, мемлекет және қоғам қайраткері. Сәтбаевтың осы адами қасиеттері кітапта өте жақсы ашылған.  «Сәтбаев құбылысының құпиясы неде?» – деген сұраққа жауап іздесек, жас инженер 1929 жылы Жезқазғанда геологиялық барлау жұмыстарын жүргізгенде тың әдістер қолданды. Осы мақсатты орындау үшін қаражат, терең бұрғылау станоктары жетіспеді.

Сол үшін 1930 жылдың көктемінде МемЖоспардың төрағасы, академик Г.Б.Крыжижановскийдің қабылдауында болып, қосымша қаражат, керекті техника алу мүмкіндігін қалт жібермеді.

Терең бұрғылау кадрларын даярлау үшін Ленинградқа 5 айлық курсқа бір топ жергілікті жастарды оқуға жіберді. Қарсақбайда сауаттандыру мектебін, бұрғышы, токарь, слесарь, жүргізуші, лобаранттар курсын ашты. Ал, бүгінгі күні бұқаралық ақпарат құралдарында біздің өңірде, Ақмола облысында, осы жұмысшы мамандар жетіспейтіндігін басшылар айтып жүр. Және жоғарғы жақтан геолог мамандарды шет елден шақыруымыз керек деген ұсыныстарды айтып жатқанын қалай түсінуге болады?!

Сәтбаев Г.М.Кржижановскиймен кездескенде жылына жазғы кезде 4-4,5 ай жұмыс істегенше бір бұрғылау станогымен жыл бойы жергілікті кадрлардың үздіксіз істегенінің өте тиімді екенін іс жүзінде дәлелдеп шықты. Г.М.Кржижановский осы нақты дәлелдің арқасында қосымша қаржы, техника бөлуге мәжбүр болды. 1931 жылы терең бұрғылау жүргізуге мүмкіншілік туды және соның нәтижесінде Жезқазған өңірінде кен көздері жер қыртысының 3-5 қабатында болады деген мамандардың ғылыми тұжырымдамасы жоққа шығып, Қ.И.Сәтбаевтың зерттеуінің арқасында кен қоры жер қыртысының 9 қабатында бары дәлелденіп шықты. Жезқазған әлемдегі ең ірі мыс провинциясының үштігіне кірді.

Сәтбаев ойлаған гипотеза дәлелденіп, енді осы бай ресурсты халық игілігіне пайдалану керек болды. Ол үшін жедел түрде Жезқазған-Қарағанды теміржолын қосу, Жезқазған мыс металлургия комбинатының өндіргіш қабілетін тиянақтап, Одақтық маңызы бар құрылысқа жатқызу жұмыстары қолға алынып, белгілі гидротехник-академик В.Е. Веденеевпен 1931 жылы су мәселесін зерттеудің нәтижесінде Жезқазған өңіріндегі Кеңгір су қоймасы салынды. Болашақ қаланы көгалдандыру үшін КСРО ҒА Алматыдағы филиалымен келісіп, болашақ қала болатын жердің қыртысын тексеру басталды. 1932 жылы Жезқазған бұрғышылары Одақтағы ГлавЦветМет барлау жүйесі бойынша 1-ші орынды жеңіп алды.

1933 жылғы ақпан айында Главкіден қаржы тоқтатылады деп жеделхат келді. Бұрғылау шебері М.Тұңғышбаевтың естелігінде: «Жезқазған, Қияқты, Байқоңырда жұмыс істейтін 700 адам жұмыссыз қалатын болды. Бұл қазақша айтқанда жұт еді. Қ.И.Сәтбаев Қарсақбайдан 400 шақырым қашықтықтағы Жосалы станциясына атпен жетіп, Москваға кетті. 1934 жылы ГлавЦветМет барлау жұмысын қаржыландырудан бас тартты. Сәтбаев қайтадан Москваға жол тартты. Ақыры, Москвада 1934 жылы қарашада ССР ҒА үшінші сессиясы өтті. Қ.И.Сәтбаев осы сессияда бірінші рет әлемге әйгілі ғылым корифейлері, 57 тау-кен қазба мекемелерінің басшылары, белгілі инженерлердің алдында ешқандай ғылыми атағы жоқтығына қарамастан, баяндама жасады. Осы сессияда Қ.Сәтбаев Қазақстанның жер қойнауында Менделеев таблицасындағы барлық элементтер бар деп мәлімдеме жасады және Жезқазған өңірінде өте бай мыс кен орны барын дәлелдеп шықты», – деп жазады.

1942 жылы Үлкен Жезқазған кенін ашқан үшін Қ.И.Сәтбаев Сталин атындағы екінші дәрежелі сыйлықты алды. Осы сыйлықтың жартысын Қорғаныс қорына жіберіп, жартысына облигация зайымын сатып алады.

1946 жылы Қазақ Кеңес Социалистік Республикасы Ғылым академиясы құрылып, Қаныш Сәтбаев оның алғашқы Президенті болып сайланды. Шығыс республикалары ғалымдарының арасынан шыққан тұңғыш академик атанды.

1957 жылы Ертіс – Қарағанды каналын саларда Одақтық ғалымдардың арасында пікірталас ұзаққа созылды. Қ.И.Сәтбаев А.Н.Косыгинге хат жазғаннан кейін сол кісінің қабылдауында болды. Кездесуде А.Н.Косыгинның айтқаны: «Расскажите пожалуйста, нужен ли этот канал для Казахстана? Одни пишут, что он совсем не нужен и что подземные воды с лихвой обеспечивают все нужды сельского хозяйства и промышленности. Другие доказывают что канал нужен. Трудно понять, кто прав…».

Қ.И.Сәтбаев Орталық Қазақстанның су қорының ресурсының мүмкіншілігін қысқаша баяндап, бұл мәселенің өте өткір екенін дәлелдеп берді.

– Егер біз Жезқазғанның жер асты суын пайдалансақ, қазіргі ірі кәсіпорындар Орталық Қазақстанды шөл далаға айналдырады, бұны болашақ ұрпақ бізге кешірмейді… Себебі жауған жауын, жер астынан алынған судың орнын, көлемін толтыра алмайды, – деген сөзге А.Н.Косыгин ойланып қалды…       Сөйтіп, 1961 жылы Совет Одағының Министрлер Кеңесінің Ертіс-Қарағанды каналын салу жөніндегі Қаулысы қабылданды. Бұл келтірген фактілеріміз Қ.И.Сәтбаевтың Қазақстан халқы үшін атқарған істерінің аз ғана бөлігі. Қ.И.Сәтбаев қоғам жұмысына бар зейінімен араласып, республиканың әдеби, мәдени, экономикалық және әлеуметтік дамуына, Қазақстанда жаңа индустриялық қоғамның қалыптасуына бар ынтасын салды. Қазақстан Ғылым академиясы тез өсіп, жедел дамыды. Ғылыми мекемелердің саны мен сапасы артып, ғылыми кадрлар жылдам қалыптасты. Ғалымдардың жұмыстары aca көлемді мәселелерге бағытталды. Ғылым академиясының президенті Маңғыстау түбегінің табиғи ресурстарын кешенді түрде зерттеу және көмір, мұнай, газ, қара металлургия рудаларының жаңа кен орындарын игеруге байланысты зерттеу жұмыстарын тікелей өзі басқарды. Қ.Сәтбаев аталған еңбектерінің нәтижесінде металлогениялық ғылымды дамытушылардың алдыңғы қатарынан орын алып, Қазақстандағы металлогения ғылымының атасы атанды.

1958 жылы Қ.Сәтбаевқа үздік еңбектері үшін Лениндік сыйлық берілді. Бұл марапат Қ.Сәтбаевтың Қазақстанның геология саласының бастаушысы екендігін бүкіл әлемге танытты.  Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың бір сырлы, сегіз қырлы азамат болғанын осы аталған және әлеуметтік, саяси, экономикалық, салалардағы басқа да еңбектері айқын дәлелдеп беріп отыр.

Сәтбаевтың бүгінгі ұрпаққа қалдырған жеті ұлы ізгілік ісін атасақ:

  1. Жезқазған өңірінің кен байлығының өте құндылығын әлемге паш етіп, 1940 жылдары әлемдегі ең ірі үш мыс провинциясының бірі екенін дәлелдеді, нәтижесінде дала қазақтарының өмірі түбегейлі өзгеріп, Жезқазған қаласына заманауи индустрия келді.
  2. 1941 жылы Қ.И.Сәтбаев Геология институтын геологияның ғылым штабына айналдырды. Бұл институтқа жиырма жылдан кейін тек Кеңес Одағынан емес, басқа елдерден де ғалымдар, мамандар келіп, тәжірибе алатын болды.
  3. Сәтбаев Ұлттық академияның негізін қалаушы әрі ұйымдастырушы болды. Жас академия Одақ көлемінде танылған ғылыми жаңалықтар ашқан беделді ғылым орталығы болды.
  4. Қ.И.Сәтбаев Ұлы Отан соғысы кезінде жеңіске жетуге баға жетпес үлес қосты. Қорғаныс өнеркәсібін марганец рудасымен, мыспен қамтамасыз етті.

Жауға атылған 10 оқтың тоғызы, снаряд гильзасының 30 пайызы Қазақстан мысы мен қорғасынынан болды. Бұл істі іске асыруда Қ.И.Сәтбаевтың еңбегі өте зор болды.

  1. Қ.И.Сәтбаевтың идеясымен іске қосылған Ертіс-Қарағанды каналы қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған су мәселесіне үлкен серпін беріп, ондаған елді мекендер, кіші, үлкен қалалар сумен қамтамасыз етіліп, Екібастұздың энергетикалық қуатын бірнеше еселеп арттыруға мүмкіндік туды. Ертіс-Қарағанды каналы – халқымыздың ғасырлар бойы су тапшылығынан арылудағы армандарының орындалуы. Тағы бір қуана айтарымыз: 20 ғасырдың бірінші жарты жылдығында Ертіс-Қарағанды жармасының орта тұсынан тартылған мол су зор құбыр арқылы Астана қаласына жетті. Бүгінгі күні ол жарма әйгілі ғалымның есімімен аталады.
  2. Мұнайдың орасан зор мол қоры, полиметалл, марганец рудасы Сәтбаевтың металлогендік болжау картасының негізінде ашылғанын аздаған мамандар ғана біледі, біз бүгінгі күні сол болжамның тарихи куәгері болып отырмыз.
  3. Сәтбаев елімізде осы металлогендік болжам картасын жасаудың негізін қалаушы, оның 90 пайыз дәлдігі мамандарды таңқалдырды.

Міне, бүгінгі оқушыдан бастап министрге дейін осындай адамды өзіне үлгі тұтып, күнде жатарда «мен өмірімде не істедім және не істей аламын?», – деп ойлап жатса, қазіргі қоғамда болып жатқан жемқорлық, басқа да келеңсіз жағдайлар азайып, еліміздің алға басуы жеделдеп, бәсекелестікке қабілетті, дамыған елу елдің қатарында емес, одан да жоғары көтерілер едік.

Мейрамбек ҚИЫҚОВ,
сәтбаевтанушы, еңбек ардагері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар