Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
ПІР немесе Сәтбаев кенересі - АРҚА АЖАРЫ

ПІР немесе Сәтбаев кенересі

Серік НЕГИМОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор

 Ұлы даламыздың, ұлық жұртымыздың рухы мен ұлылығын, кереметі мен кемеңгерлігін, кеңдігі мен тереңдігін, асылы мен киелі қасиеттерін тумысынан, жаратылысынан болмыс-қалпына дарытып, халық, тарих, мемлекет алдында, Тайбурыл шабысты ересен, өрен дүлдүлдігімен, орасан намыс, отты жігерімен, дария білімімен, тұңғиық көрегендік-көсемдігімен, теңдессіз ұйымдастырушылық өнегесімен, әмбебап мәдени қызметімен айрықша ардақталған әлемдік деңгейдегі қазақ ғылымының пірін, дүрін, дүлдүлін, академик Әлкей Хақанұлы Марғұланның естелігінде халықтың қадірлісі Қ.И.Сәтбаевпен дидарласуын Қаратау, Талас, Бетпақдала, Шу, Сарысу, Ұлытау, Есіл, Нұра, Балқаш аймағындағы ел тарихын, жер-су сырын терең білетін шежіреші қариялар, қарт жұмысшылар, шопандар «қызықты дәуренге», «бақ құсына», «білім сарайына», «ақыл-ойдың шамшырағына» балағаны әңгімеленген.

Алаш қайраткерлерінің көзін көрген, тәлім-тәрбиесіне қаныққан, ұлтының озық рухани игіліктеріне жастайынан үңілген жас жайнақ Қанышты 1920 жылдарда дала данышпаны, көріпкел Мәшһүр Жүсіп: «Осы күнгі жастарда Қаныш Сәтбаев – адамның жорғасы. Тірі болса, тірі жүрсе, бақты, талайлы болатын жігіт …тірі Қаныштың өміріне Құдай береке берсін!» деп, келешектің кемел тұлғасын сәуегейлікпен болжапты.

Тұйғындық, сұңқарлық қасиеттері ерекше, дүниетануы, барлауы, бақылағыштығы өзгеше Қаныш Сәтбаев 1927 жылдың 8ақпанында: «Мен – қазақпын, жаратылысым да, жаным да қазақы; ой-түйсігім бойынша да қазақпын; алдағы өмірімді тек қана туып-өскен Қазақстанда өткізбекпін… бұл жолда …рухани күрес жолында өткізгенді жөн көремін, …Қазақстан қиырында «кезбе» болып, өмір-бақи кен іздеуге құштармын…» деп  жазған. Мінеки, Ұлы Дала патриотының, лидерінің, стратегінің фәлсафалық-ғылыми ұстанымы.

1919-1924 жылдарда ұлт тілінде «Алгебра» оқулығын жазған, Сібір геологтарының мектебінде тәрбиеленген, әйгілі ұстаз М.А.Усовтың майталман шәкірті, палеонтология, тарихи геология (яғни, жер қыртысының түзілісі, заттық құрамы, даму тарихы, қозғалысы, кен байлықтарының жаралуы мен жайғасу тәртібі жайында), петрография дейтін ілімдерді мінсіз байыптаған-ды.

Ілім-біліммен мұздай қаруланған жас жаратылыстанушы, «дала дейтін классикалық мектептің» (М.Усовтың тұжырымдамасы) қабілетті өкілі Қ.Сәтбаев «Минусин өңіріндегі Маин кенінен мыс барлау және оны геологиялық зерттеу» дейтін күрделі тақырыпта диплом жұмысын қорғады (1926 жыл, 14 мамыр).

Дереу Семей губерниялық «Қазақ тілі» газеті: «…Қазақстанның өнеркәсіп тарихында Қаныш жолдас өндіріске басшылық ету қызметіне кірісіп отырған тұңғыш маманымыз…. Сәтбайұлы Қаныш азаматтың қаз тұрып келе жатқан Қазақстан өндірісін қаз тұру жолында аянбай қызмет етуіне сеніміміз күшті, әмсе сол істе жолы болғай!» – дейтін лебізін жалпақ елге жайыпты.

Оқымысты-геолог Қ.И.Сәтбаев 1) рудалық кендер геологиясы мен геохимиясын; 2) Қазақстанның тұтастай минералдық ресурстарын барынша бажайлап анықтады, саралады; 3) металлогения мектебінің негіздеушісі. Және де формациялық металлогендік талдаудың кешенді тәсілдерін енгізді. Егер де ғылыми-методологиялық ұстанымдарының кестесін былайша жіктеп көрсетсек: 1) тектоникалық шарттар; 2) стратиграфиялық шарттар, 3) литологиялық-петрографиялық шарттар, 4) құрылымдық белгі-сипаттар. Жер қойнауының білгірі жинақталған геологиялық деректерді, болжам карталарының қисындарын сараптап-саралауда көріпкелдік танытады.

Алатаудай жемісті кесек істерімен замана қайраткерлерін мойындатқан Қ.И.Сәтбаев хақында академик А.А.Яншин: «Сәтбаев талантының сан қырлылығы таң қалдырады: әдебиет және өнер, философия мен экономика, геология, астрономия, астрофизика, ботаника мәселелері – міне, осылардың барлығы оның мұрат тұтқан құлшыныстарының бір бөлігі ғана еді» деп тебіренеді. Әрі жалғастырсақ, агробиология, вирусология, микробиология, зоология, энергетика және тағы  сол  сияқтылар.

Академик Қ.И.Сәтбаевтың ғылыми-шығармашылық еңбегінің беломыртқасы – Ұлытау өңірі. Жер бетінің бедері, тау жыныстары мен топырағының сарабдал сыншысының мына бір ой-тұжырымдарын миға жүгіртейікші: «Ұлытау кенересі көбінесе қатты тау жыныстарынан жасалған. Кей жерінде бұларға түйіршікті тақта тас жыныстары да қосылып отырады. Қазақ даласындағы ең көне тау – Ұлытау деп айтуға болады. Жердің тарихын зерттейтін ғылым жер жүзінің жасалу тарихын төменгі төрт дәуірге бөледі: 1) Агностозой, 2) Палеозой, 3) Мезозой, 4) Кайнозой.

Бұлардың ең ертесі агностозой дәуірі. Бұл дәуірде жер жүзі тегіс дерлік топан суының астында болған. Дүниеде еш тірі жәндік болмаған мезгіл. Палеозой дәуірінде жердің сыртының біразы су астынан шыққан. Жәндіктерден бұл дәуірдің басында – су ішіндегі құрт, балдыр ғана жасалған, аяғында – балық табы жасалған. Мезозой дәуірі жәндіктердің ең алғаш теңізден құрғаққа шыға бастаған мезгілі. Кайназой дәуірінде адам баласы жаралған. Ұлытау кенересі бұл бөліктің агностозой дәуіріне қосылады. Бұл дәуірде судан шыққан бүкіл жер жүзінде Скандинавия, Шотландия, Сібірдің таулары, Саян тауы мен Ұлытау ғана болған. Біздің Қазақ даласының жартысы тіпті бертін кайнозой дәуірінде ғана су астынан шыққан».

«Ұлытау кенересі» ұғымы нендей мағына беретіндігіне зейін аударалық. Мәселенің мәнісін түп-төркінінен түсіндіруге шебер ойшыл-геолог Ұлытау кенересінің бір жақ шеті Бетпақ Далаға дейін, екінші бір шегі Арал теңізіне шейін созылатынын жазған-ды. Расында Құранның қағидаты бойынша, тау – қара жердің қазығы. «Қаф» сүресінің 7 аятында «барлық биік таулардың түп негізі жердің жоғарғы қыртысынан өтіп, оның көрініп тұрған биіктігінен он-он бес есе үлкен көлемде тереңдеп кетіп, сол арқылы континенттердің тұрақтылығын күшейте түседі». («Қасиетті Құран: мағынасы мен түйіндемелері». – Нұр-Сұлтан, 2020. 776 бет).

Жер жаралуының, жанды-жансыз дүниенің тарихы, жаратылыс гармониясы тиянақты баяндалған. Құбылыстардың мәні мен мағынасын, сыры мен күйін тұтасымен сөйлету, зерделеу саңлақ Қ.И.Сәтбаевтың өтімді тәсілі. Жер асты құпиясын талдаумен қатар, ел тарихынан да әңгімелейді: Талай хандар ордасын осы Ұлытауға тіккен. Талай батырлар жасағын осы Ұлытауға орнатқан. Сондықтан Ұлытаудың жотасы ескі сөз – естеліктің кені. Ұлытаудың биік шың, әжімді құз, терең сайларынан ескіліктің, ерте заманның исі аңқиды. Ұлытаудан шығып, түстікке ағатын Сарысуға құятын «Қаракеңгір» дейтін өзеннің жиегінде атақты Шыңғысханның баласы Жошы хан, Алаша хандардың мазарлары әлі күнге дейін бұзылмай тұр; Жыланшық өзенінің бастау көзі шығатын Ұлытаудың бір биігінде Ер Едігенің моласы бар деп жұрт аңыз етеді; Абылай да ордасын Ұлытауға тіккен; Ұлытаудың түстік бөктеріндегі «Хан төбе» дейтін жерде өткен ХІХ ғасырдың 30-шы жылдарында атақты Кенесары батырды Орта жүздің баласы басы арғын Шеген би болып, ақ киізге салып хан көтерген.

Задында, жер мен ел тарихы жөніндегі түйдек-түйдек сара, дара пікірлері «Қарсақбай ауданының күйі» дейтін еңбегінде өрнектеліп, 1927 жылғы «Жаңа мектеп» журналының №5-6 сандарында жарияланған. Кеңестік сойқан идеологияның дәуірінде Шыңғысханның, Жошы мен Алаша, Абылай мен Кенесары хандардың, тархан Шақшақ Жәнібектің ұрпағы Шеген бидің, Ер Едігенің аттарының аталуы – нағыз қаһармандық, көкжалдық.

Сәтбаев кенересін, яғни, ақыл-ойының, ұшқыр қиялының, фәлсафалық интуициясының, энциклопедиялық білімінің, жаратылыстану және гуманитарлығының ауқымын, шек-шекарасын, шарықтау деңгейін айқындау – жүзжылдықтардың еншісінде…

Ол – сөз зергері, өнертанушы, театртанушы, қазақ тарихи жырларының білімпазы, көсемсөзші, этимология мен топонимикаға жүйрік, 1926 жылы А.В.Затаевичке Мәскеу шаһарында домбырамен халықтың жиырма бес әнін нәшіне келістіре орындап, мәтіндерін орыс тіліне тамылжыта тәржімалап, әндердің шығу тарихына қатысты бағалы деректерді, мәліметтерді жұтынтып жеткізген.

Оның суреткерлік, шеберлік қабілеті «Обаған» дейтін новелласында («Қазақ тілі» газеті, 1923 жыл, 13 декабрь) жарқын түрде көрініс тапқан. Бұлшық ақсақал қазақтың ежелгі ғашықтық әні «Обағанның» тарихын есілте-көсілте баяндайды. Ол он төртінен туған айдай Ақық арудың қасіреті, жүрек түкпіріндегі сыры…

1927 жылы Мәскеуде «Ер Едіге» жинағына жазылған «Сөз басы». Мұнда «Ер Едіге» жырының жазылу, жариялану тарихынан бастап, қазақ елінің территориясын («Бір шеті Алтай мен Тянь-Шань, екінші шеті Балқан тауларының Шығыс бөктері аралығындағы ұлан-байтақ жерде түрлі түрік қауымдарының ерікті, бұланды көшпелі өмірмен ерсілі-қарсылы жөңкіліп жүретін мезгілі»), Дешті Қыпшақ, Алтын Орда заманын, «ескі жолды» Есімхан, «қасқа жолды» Қасым хан, «тура жолды» Тәуекел хан, «жеті жарғылы» Әз Тәуке, Ер Абылай дәуірлерін және де халқының қамал-қорғаны – хас батырларын меруерттей тізіп атайды. Солай десек те, Ер Едіге «қазақ батырларының ішіндегі ең маңдайы, аруағы күшті көсемі, сәулесі күшті шолпаны», «әрі би, әр батыр, әр көсем, әрі ақылды дана».

Академик Қ.И.Сәтбаевтың жазуынша, «ел аузындағы ескі сөз көпшіліктің ар-иманының айнасы». Сондықтан да Едіге әңгімесінің көркемдік әлемін, тарихилық қырларын, барша түрік нәсілдеріне ортақ мұра екендігін әдебиет тарихшысының тұрғысынан байыптайды.

Сонымен қатар, әдеби тіл мәселесі, «тіл сақтау», «тіл байыту», жыр уәзіні дейтін қымбат құндылықтар мен қисындарды айрықша атайды.

Филологиялық білімі, танымы, пайымы ерте қалыптасқан Қ.И.Сәтбаев ескі сөздердің «бейнешілдік, кеңдік, суретшілік жақтарынан алғанда» «әлі күнгеше жаңа ақындардың көбіне үлгі» деп ескертеді. Тағы да: «Ескі сөздердің ішінде қазақ жұртының өткен кездегі тұрмысы, салт-санасы, әдеттері көп суреттеліп отырады. Бұл тарих жағынан қымбат нәрселер». Міне, толық түсіндіру, кешенді талдау дегеніміз осы.

Ғұлама Қ.И.Сәтбаевтың «Том қаласында ұлттар кеші» дейтін мақаласында («Қазақ тілі» газеті, 1926 жыл, 28 май) Сібір халықтарының ән-күйлерінің гармониясына, көркемсөз оқуға, ертекшілерге қатысты ойларымен бөліседі. Сондай-ақ, түркі рухын оятатын Мағжан Жұмабаевтың «Тез барам» өлеңі оқылған (айтушы Қазалы). Қазақ жұртының «отқа май салар ырымы жанды сүгірет түрінде көрсетілген».

Қ.И.Сәтбаевтың «Қазақстанның ұлт театры туралы» дейтін байыптамасында («Еңбекші қазақ», 1927 жыл, 24 январь) ұлтымыздың ұлы әншісі Әміренің орындаушылық шеберлігі, қазақ труппасының сауық кеші (ән, күй, хор, би, декламация), Исаның толғаулары хақында қалам тербейді де, «Театр – ел өмірінің түзу айнасы, ел міндерінің құрулы тезі, төреші ұстазы, қазақтың салт-сана, күйі, сарындары сияқты мәдениет, өнер кендерінің терең ошағы, ұйтқысы» деп тұжырымдайды.

Академик Қ.Сәтбаев өзінің артында үш ұлы игілік қалдырды: 1) Жезқазған, 2) Ғылым академиясы, 3) Геологиялық ғылымдар институты. (Профессор В.С.Коптев – Дворников).

Қ.И.Сәтбаевтың ұлы еңбегін, астрономия ілімін ілгерілетуге қосқан қызметін бағалап, ғаламшарлар жүйесінің жаңа астероидтына Халықаралық астрофизика орталығы (АҚШ-тың Смитсон институты) Жұлдыздар картасында 2402 санды «Сәтбаев ғаламшарын» тағайындайды. Бұл орайда ақын Хамит Ерғалиев «Ғарыштағы Қаныш» дейтін жырында:

Құдайлығын тіріде құндайды Алып,
Бұл дүниеде қалыпты кім байланып.
Данышпанның талайы тасқа айналса,
Біздің ағай ұшып жүр Күнді айналып!, –

деп толғанды. Академик Қ.И.Сәтбаевтың ой-толғауларында, жазбаларында Хан Кенеге құрметі орасан. Кенесары Иман батырдың үздік жауынгерлік өнері мен тәжірибесін жоғары бағалап, «Иман келді – аман келді» дейді екен. «Сөз түйінін Иман шешеді екен дейтін лебіздерін арқау еткен («Аманкелді батыр бабалары». «Социалистік Қазақстан», 1944 жыл, 18 июнь).

Ел келешегін кемеңгерлікпен ойлаған, болжаған, бағдарлаған Қ.И.Сәтбаев ХХ ғасырдың 60-шы жылдарында Қазақстанның көмір, мұнай, газ, су, топырақ, шөлейт даланы игеру мен күн, жел қуаттары сияқты энергетиканың ресурстарын үнемдеуді, өрістетуді ойластырған.

Ғұламалық зердесі, ой-парасат дүниесі, ғылыми ойлау  жүйесі кемел кемеңгер 1947 жылдың наурызында КСРО Жоғарғы Советінің делегациясының құрамында Англияға барғанда Премьер-Министр Уинстон Черчилль таңданып: «Қазақтардың барлығы осындай ұзын бойлы ма?» деп сұрапты. Сонда тұтқиылдан Қаныш Сәтбаев: «Менің халқым менен де биік» деп, жауап қайтарыпты.

Асылы, энциклопедист-оқымысты, өрен ұйымдастырушы, ұлт, мемлекет қайраткері Қаныш Сәтбаев – Ұлы Даланың жиһанкез кеншісі, ұлы көшбасшылық идеялардың кеніші, халық перзенті.

12.03.23-13.03.23.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар