Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бірқатар салаларда сыбайлас жемқорлық тәуекелі жоғары - АРҚА АЖАРЫ

Бірқатар салаларда сыбайлас жемқорлық тәуекелі жоғары

Бүгінгі күні Ақмола облысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне бейім  салаларға агроөнеркәсіптік кешен, жер қатынастары, экология, кәсіпкерлік, жолдар мен инфрақұрылым, апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлер, әлеуметтік сала, проблемалық құрылыс нысандарына қатысты мәселелер жатады.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифинг барысында облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Асхат Оразхан мәлімдеді. Сондай-ақ, аймақтағы сыбайлас жемқорлықта жиі кездесетін мәселелердің бірі – мемлекеттік сатып алулар. Мысалы, осындай жағдай облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты Жарқайың аудандық ауруханасында орын алған. Мемлекеттік сатып алу бойынша ауруханаға  дезинфекциялық құралдарды жеткізген серіктестік директоры департаментке медициналық ұйым тарапынан шарттық міндеттемелерді орындамағаны туралы шағыммен жүгінген. Алайда тапсырыс беруші қаражаттың жоқтығын айтып, бір жарым жыл бойы қарызын өтемеген. Салдарынан 60 кәсіпкер медициналық мекемеге жеткізілген тауарының төлемін ала алмай қалған. Қазіргі уақытта, департаменттің ұсыныстарын ескере отырып, аурухана жеткізушілерге 20 миллион теңгеден астам қарызды төлегені белгілі болды.

–Бюджет қаражаты бойынша біз негізсіз жоғары бағаға мемлекеттік сатып алуды үнемі қадағалап отырамыз. Мұндай жағдайлар анықталған кезде мемлекеттік органдарға ұсынымдар жіберіледі. Олар өз кезегінде мемлекеттік сатып алу жоспарларын қарайды, түзетеді немесе олардың күшін жояды. Мәселен, Атбасар ауданы әкімінің аппараты 22,3 миллион теңгеге кеңселік компьютер сатып алуды жоспарлап, бір компьютердің орташа нарықтық құнын 1 миллион теңгеге бағаламақшы болған. Біздің араласуымыздан кейін ұйым бағаны қайта қарап, нәтижесінде 22 миллион теңге үнемделді. Осылайша бір компьютер 230 мың теңгеге бағаланды, – дейді департамент басшысы Асхат Оразханұлы. Өңірде, жыл басынан бері 20-ға жуық мемлекеттік ұйымда осындай қылмыс әрекеттері тіркеліп, 600 миллион теңге қаржының қисынсыз жұмсалуына тосқауыл қойылған.

Сонымен бірге, спорт саласында бапкерлердің жалған диплом пайдаланғаны, спорттық секция, сайыстарды ұйымдастыруда мемлекеттік сатып алуды белгілі тұлғалардың иемденуі, ойыншылар мен жаттықтырушылар жалақысын төлеуде және спорт саласындағы көрсетілетін қызметтер кезінде бюджет қаражатын тиімсіз игеру фактілері анықталған.

–Талдау көрсеткеніндей, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері заңнаманың жетілмегендігімен, процестерді цифрландыру мен автоматтандырудың жеткіліксіздігімен байланысты болып келеді, – деді бұл орайда, осының себебін түсіндірген баяндамашы. Жалпы, соңғы 6 жылда яғни, 2018-2023 жылдар аралығында облыста бұл саланы дамытуға 54 миллиард теңге бюджет қаражаты бөлінген.

– Сыбайлас жемқорлыққа барынша бейім салалардың кейбіріне жол құрылысы, ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алуды субсидиялау, бірлескен кәсіпорыннан бөлінген қаражатты пайдалану жатады. Бюджеттік қаражаттың жұмсалуын бақылау және сатып алулардағы сыбайлас жемқорлықты азайту мақсатында ағымдағы жылдың наурыз айында цифрлық теңгені тура мағынада қолданатын «ақшаны бояу» пилоттық жобасын іске қостық. Бюджет қаражатын игеру үдерістерінде ақшаны таңбалау және қадағалау тетігін енгізу «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат» тұжырымдамасында белгіленген. Бұл тетік Ұлттық Банк және Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитетімен бірлесіп, «цифрлық теңге» платформасы негізінде жүзеге асырылатын болады, – деп түсіндірді департамент басшысы. Бірлескен мақсатқа облыстан 2023 жылы 1,2 миллиард теңге бөлінсе, биыл 1,8 миллиард теңге бөлу жоспарланған. Аталған, «Цифрлық теңге» жобасы бюджет қаражаты бөлінген сәттен бастап, олардың мақсатты пайдаланылуына дейінгі процестің ашықтығына, басқа мақсаттарға пайдаланылуына жол бермеуге тиіс.

Өткен жылдың соңында департамент сыбайлас жемқорлық картасын жүзеге асыру аясында облыстағы құрылысы мен қайта қалпына келтіру жұмыстары кешіктірілген 15 әлеуметтік нысанды қолдауға алған болатын. Республика көлемінде мұндай ұзақ мерзімді құрылыстың 156 нысаны бар.

–Бұқаралық ақпарат құралдарында бірнеше рет жарияланғандықтан, бұл нысандарды барлығы білетініне сенімдімін. Проблемалық ұзақ мерзімді құрылыс мемлекеттік органдар тарапынан тиісті бақылау мен дер кезінде шаралар қабылдауды талап етеді. Осыған орай, облыс әкімдігімен бірлесіп, проблемалық нысандардың құрылысын аяқтау жоспарын бекіттік. Қазір сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізіп, осы нысандарды аралап, мүдделі тараптардың қатысуымен проблемалық мәселелерді шешу жолдарын талқылап жатырмыз. Яғни, біз ең алдымен, жалпы күш-жігермен түпкілікті нәтижеге жету үшін алдын алу шаралары арқылы осы мәселелерді шешуге тырысамыз, – деп сендірді өз сөзінде А.Оразхан.

Оған қоса, соңғы сегіз айда Агенттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске қоғамның барлық топтарын белсенді тартуды көздейтін «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасын жүзеге асырған. Бүгінгі таңда, жобаға 120-ға жуық қамқор ақмолалық нақты бағыттар бойынша қатысуда. Нәтижесінде еріктілер 30-дан астам қоғамдық мониторинг жүргізіп, мемлекеттік сатып алу жүйесі бойынша 201 миллион теңге үнемдеген.

Қорытындылай келе, «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасын» іске асыру, мемлекеттік органдар тарапынан анықталған бұзушылықтарды жою және келешекте олардың орын алуына жол бермеу мәселелеріне де, заңнаманы жетілдіруге де қатысты шара. Бұл ретте, бірыңғай цифрлық есепке алу арқылы бюджеттік қаражатқа қатысты барлық  процестерді автоматтандыру керек. Бұл ұсыныстар облыс әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен өткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссияның отырысында да талқыға салынған болатын.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар