Бүгінде еліміздің су тасқынынан зардап шеккен өңірлеріне жан-жақтан көмек келіп жатыр. Бірақ, мынау көмек шынында ерекше. Моңғолиядағы қазақ балалары өздерінің күнделікті тәттіге деген ақшаларын Қазақстан халқына жолдауды ұйғарған. Оқушы балалар өздерінің ата-жұртына сәлемін, тәтті тілектерін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген. Видео желі қолданушыларының үлкен қызығушылығын тудырып, қандас бүлдіршіндердің әрекетіне риза болған отандастарымыз алғыстарын білдіруде.
– «Өзін ғана ойлаған жамандықтың белгісі, өзгені де ойлаған адамдықтың белгісі». Біз күнделікті тәтті заттар алатын ақшамызды осы жолы Қазақстандық достарымызға жібереміз. Сыныбымыздың және де мұғаліміміздің атынан қазақстандық достарымызға 200 мың төгрөг (Моңғолия валютасы) ұсынамыз, – дейді видеода қандастарымыз ықыластарын білдіріп.
Сөз соңында оқушылар қазақ халқының ұйымшылдығын сөз етіп, «Қазақстан Республикасының кейбір өңірлерінде су тасқыны болып жатыр. Қазақ халқы басына іс түссе, біргіп көтеретін бауырмал жандар», – деп барша Моңғолия азаматтарын Қазақстанға көмектесуге шақырады. Айта кетейік, видеодан сәлем жолдаған оқушылар Өлгей қаласының жалпы орта білім беретін №1 мектебінің 6 «б» сынып оқушылары.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Эх, ауызы ашса жүрегі көрінетін, қаймағы бұзылмаған қайран қазағым-ай!