Еліміздің 11 облысын қарғын су жайлап, салдарынан ауыз судың сапасына зиян келуде. Бұл халық денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіретіні анық. Мәселен, қазір облыс орталығындағы орталықтандырылған ауыз судың түсі былай тұрсын, иісі де жағымсыз. Осыған орай, облыстың бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусинамен әңгімелесіп, қазіргі жағдайда ауыз суды қалай тұтыну керектігін сұрап білдік.
Тасқын су жайлағаннан кейін ауыз сумен жабдықтау көздеріне еріген сумен химиялық, органикалық және биологиялық тұрғыдан лас заттар түсіп, оның сапасын нашарлатады. Көкшетау қаласының тұрғындары көктемгі су тасқынына дейін де орталықтандырылған судың сапасына шағымданып, көңілдері толмайтын-ды, енді қазір күнделікті тұтынатын суымыз одан сайын өзгеріске ұшырады. Қазір суды ішу былай тұрсын, жуынуға да жарамсыз. Бұл жалғыз менің пікірім емес, көшеден өтіп бара жатқан кез келген адамды тоқтатып, сұрасаңыз осындай пікір айтады. Ал, судың сапасын бақылайтын санитарлық-эпидемиологиялық мекемелердің мамандары осындай сауалдарды жолдағанымызда «тексеріс жүргізіп жатырмыз, санитарлық талаптарға сай келеді» деп ақталады.
Сонымен, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының айтуынша, Ақмола облысында эпидемиологиялық ахуал тұрақты.
–Су тасқынына байланысты облыста төтенше жағдай жарияланды. Жалпы, қазір өңірде 91 жеке және 18 көп қабатты тұрғын үй су құрсауында тұр. Бұған дейін 143 жеке тұрғын үйге су кірген болатын, қазір көбінің аумағында су сору, кептіру, тазарту жұмыстары жүргізілуде. (Бұл біз бас санитарлық дәрігермен әңгімелескен күнге дейінгі жағдай. Автор). Жыл сайын көктемгі су тасқыны кезінде эпидемиологиялық ахуалды бақылау бойынша тиісті бұйрықтар шығарып, санитарлық сараптама жүргізу орталықтарының жұмыс тәулік бойына ауыстырамыз. Біздің мамандар аумақтық штабтардың құрамына кіріп, өзіне тиісті жұмыстарын атқаруда. Сонымен бірге, эвакуация бекеттерінде кезекшілік жүргізілуде, –деді облыстың бас санитарлық дәрігері.
–Қазір біз ауызсуға ерекше назар аударудамыз. Көктемгі су тасқыны кезінде ауыз суға абай болуымыз керек. Апта сайын судың сапасы мен құрамына, тиісті талаптар бойынша тексерістер жүргізілуде. Әсіресе, судың құрамындағы азот тобына көп мән береміз. Азот ауыз суға канализациялық қалдықтардың түсуінен пайда болатын көрсеткіш. Біз осы уақытқа дейін түрлі су көздерінен алынған ауыз судың құрамына 482 санитарлық химиялық көрсеткішке тексеріс өткіздік. Оларда азот тобының тиісті мөлшерден асқан көрсеткіші анықталмады. Бірақ, судың түсі мен тұнықтығында өзгерістер болды. Көктемгі су тасқыны кезінде судың түсі осылайша өзгеріске түсетіні белгілі, оны санитарлық дәрігерлердің бәрі біледі, – деп атап өтті Айнагүл Советқызы.
Ақмола облысында 19 су қоймасы жер үсті су көздерінен толығады. Сондықтан, судың тұнықтығында өзгеріс болуы ықтимал дейді мамандар. Осыған байланысты ауыз су көздеріне хлор тиісті мөлшерден көбірек пайдаланылуда екен. Ондағы мақсат – халықты жұқпалы аурулардан сақтау. Санитарлық ережеге сәйкес 1 литр суға 0,3 мг мөлшерінде хлор пайдаланылатын болса, қазіргі жағдайға байланысты хлор мөлшерін 1 миллиграмға дейін жеткізіп, суды залалсыздандыруда.
–Көкшетау қаласы бойынша айтар болсақ, орталықтандырылған су желісіне ауыз су Сергеевка су қоймасынан келеді. Қазір пайдаланып жатқан судың сапасын тексергенімізде, талаптарға сәйкес. Қала бойынша судың сапасы жаман емес, –дейді департамент басшысы. Бірақ, оның бұл пікірімен біз келісе алмаймыз.
Департамент басшысы сонымен бірге, судың нашарлауынан пайда болатын ішек аурулары бойынша мониторинг жүргізіліп жатқанын алға тартып, әзірге қазіргі көрсеткіш былтырғыға сәйкес, жаппай ауырып жатқан адамдар жоқ екендігін айтты. «Тіркеліп жатқандардың көбі 1 жасқа дейінгі балалар, ал, олар санитарлық жағынан келсек, су ішпейді» деді. Сол тәрізді вирустық Гепатит А бойынша да мониторинг жүргізілуде. Бұл да сапасыз суды тұтынудан туындайтын жұқпа. Десе де, жыл басынан бері 7 жағдай тіркелген екен.
–Қазір балаларға жоспарлы екпе егу жолға қойылғандықтан, олардың арасында бұл жағынан көрсеткіш төмен, –деді бас санитарлық дәрігер. – Жыл бойы 1 оқиға орын алды, оның өзі екпе алмаған бала болып шықты. Ересектер де кездесті, олар да дәрігерлік анықтамаларға байланысты екпе алмағандар. Қазіргі уақыт қызылша, көкжөтел ауруларының белең алатын кезі болғандықтан, осы жұқпалардың вакцинасы мен Гепатит А бойынша насихат жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Гепатит бойынша дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының халық санына байланысты рұқсат етілетін шекті көрсеткіштері бекітілген. Астанаға жақын Целиноград ауданы мен Қосшы қаласында бұл көрсеткіштенр шектен асып тұр. Бүгінде бұл елді мекендерде балалар арасында жұқпа таралмау бойынша қажетті шаралар жүзеге асырылуда. Сөз соңында Айнагүл Мусина:
–Облыс тұрғындарына көктемгі су тасқыны кезінде құтыда сатылатын тазартылған су мен қайнатылған суды ғана тұтынуға кеңес береміз. Қайнаған судың өзін 2 сағаттан артық тұрып қалса, ішуге болмайды. Қазір мектептерге де тазартылған су әкелініп, қайнатылған су болса, оны талаптарға сай пайдалану бойынша кеңестер берілуде. Сонымен бірге, тұрғындардан оқушы балаларына мектепте екінші аяқ киім ауыстырғаннан кейін қол жуу қажеттігін ескертіп отыруын сұраймыз. Әркім жеке басы гигиенасын сақтауы қажет. Сонымен бірге, қарғын су кірген аумақтарды залалсыздандыру жұмыстары да біздің бақылауымызда. Сумен жабдықтау нысандарында да осындай жұмыстар қатаң түрде жүргізілуі тиіс, –деді.
Ақмола облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті облыстық білім басқармасына осы тақырып аясында оқушыларға диктанттар жазғызу, жоғары сынып оқушыларына дәрістер оқу секілді шаралар жүргізу керектігіне ұсыныс жіберіпті. Әлеуметтік желілерде де ауызсуды тұтыну бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізуде.
Қалай болғанда да, қазақта «сақтансаң, сақтар» деген сөз бар. Жан-жақтан жиналып жатқан тасқын су қай жерлерді, басып шайып келгенін білмейміз, сондықтан, ішетін суымызға абай болайық. Фильтрленген судың өзін қайнатып ішкеніміз дұрыс болар.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.