Облыстық мәслихаттың хатшысы Бейбіт Жүсіповтің қатысуымен өткен тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында 2023-2024 жылғы жылыту маусымы қорытындыланып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және ветеринария салаларындағы қордаланған өзекті мәселелер талқыланды.
Отырыс облыстық мәслихаттың экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Марат Қойшыбаевтың алғысөзімен басталып, облыстық энергетика, тұрғын үй -коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Данияр Қуанышбаевтың баяндамасымен жалғасты. Басқарма басшысы 2023-2024 жылғы жылыту маусымы мен алдағы кезеңге дайындық жөнінде кеңінен баяндады. Айтуынша, облыс бойынша аяқталғалы тұрған жылыту маусымының дайындығына қазынадан жалпы 30 миллиард теңге қаржы бөлініпті. Оған жылу жүйелерін күрделі жөндеуден өткізу, қайта қалпына келтіру, қосымша көп қабатты және жеке үйлерді, әлеуметтік нысандарды орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу секілді бірқатар жұмыстар атқарылыпты. Десе де, биылғы қыстың қақ ортасында ара-кідік облыс орталығынан бастап, Степногорск қаласы мен Атбасар, Бурабай аудандарының тұрғындары жылу желілерінен ажырап, жылусыз қалып, қиындық көрген еді. Бұл жағдай елдегі жылыту жүйелері сонау Кеңес Одағынан мұра болып келе жатқанынан, қазандықтарымыздың әбден тоз-тоз болып ескіргендігінен орын алып отырғаны белгілі. Бірақ, басқарма басшысы комиссия отырысында қазандықтардың тозуы облыс аумағында 50-75 пайызды құраса, жылу тарату желілерінің 43 пайызға тозғанын айтып, қыста орын алған барлық келеңсіздіктер дер кезінде қалпына келтірілгенін алға тартты. Енді алдымызда келесі 2024-2025 жылғы жылыту маусымына дайындық басталғалы тұр. Данияр Қуанышұлының мәлімдеуінше, оған республика және облыс бюджеттерінен 15,9 миллиард теңге қаржы қарастырылыпты. Бұл қаржы Атбасар, Бурабай, Сандықтау, Шортанды, Ерейментау, Ақкөл аудандары мен Көкшетау қаласының жылу жүйелерін, орталықтандырылған қазандықтары мен желілерін, жылу көздерін қалпына келтіріп, жөндеуге жұмсалмақшы. Алдағы уақытта қосымша қаржы бөлу жағы облыстық бюджетке толықтырулар мен өзгерістер енгізілетін сессияда қарастырылатын көрінеді. Сонымен бірге, баяндамашы депутаттардың жылу тарифтерін көтеруге қолдау білдірулерін өтінді.
–Коммуналдық кәсіпорындар бүгінде тарифтерді өздігінен көтере алмайды. Ал, жылу маусымына қажетті стратегиялық маңызды тауарлар жыл сайын қымбаттауда, Сонымен бірге, абонементтерден түсетін қаржы жөндеу жұмыстарын, тіпті, бір кішігірім құрылғылардың өзін ауыстыруды өтей алмайды, – деп баян етті. Халық қалаулылары мәселенің өзектілігіне мән беріп, мұны тиісті органдармен бірлесіп шешуді әрі халықтың да пікірімен санасуды ұмытпау қажеттігін еске салды.
Бірлескен комиссия отырысы бұдан әрі өңірдің аграрлық мәселелері және индустриалды-инновациялық дамуы жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Саят Сыздықовтың төрағалығымен өрбіп, облыста ветеринария саласында орын алып жатқан келелі мәселелер талқыланды.
Жалпы, халықтың денсаулығы ветеринария саласына да тікелей байланысты. Өйткені, «дәрігер адамды емдесе, мал дәрігері адамзатты емдейді» деген аталы сөз бар. Бірақ, біздің Үкімет басындағылар бұл салаға басын ауыртқылары келмейтін тәрізді. Мәселен, отырыста көтерілген бірқатар жағдайлар соның бір дәлеліндей болды. Мысалы, төрт түлікті тиісті базаға енгізгеннен кейін, олардың жайын қадағалап отыру жағы дұрыс ойластырылмағаны, ауру малдың өлексесін көму және жағу бойынша атқарылатын жұмыстарға немесе алдағы бес жылда мүлде маман таппай қалуымыз мүмкін мал дәрігерлерін көтермелеуге, олардың тиімді жұмыс істеуіне қажетті материалдық жабдықтарды сатып алуға, мардымсыз еңбекақысын көтеру секілді мәселелерге қаржының қажетті мөлшерде бөлінбеуі, ойланып қарасақ, бұл салаға «экономикалық тұрғыдан үнемдеу» деген желеумен тиісті көңіл аударылмай отырғанынан. Ал, қаңғыбас иттерді аулау мәселесіне қыруар қаржы шашылып, желге ұшуда.
–Елді мекендерде қаңғыбас иттерді алдымен аулайды, оларға чип тағады, 8-15 күн көлемінде уақытша ұстау орнында бағады, вакциналайды, зарарсыздандырады, иелері табылмаса, жансыздандырып тастайды. Осы әрекеттерді жүзеге асыруға жүздеген миллион теңге қаржы бөлінеді, әрі бұл амалдар қаңғыбас иттердің халыққа қауіпсіздігін толық жоймай келеді. Себебі, мемлекеттік сатып алу заңы бойынша конкурсты ұтып алған жеке кәсіпкер бөлінген қаржыны игеріп, жоспарда көрсетілген санды ғана орындайды. Ал, бір ауданда 300 қаңғыбас ит болып, жоспармен 170-ін ғана қамту керек болса, қызметті көрсетуші кәсіпкер басқасына басын қатырмайды. Сала бағынатын заңдардағы шикілік бір бұл ғана емес, малдардан қан алып, жұқпалы ауруларға тексеру бойынша жүргізілетін шараларда да орын алған, – деп жанайқайын жеткізді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Талғат Жүнісов.
Комиссия мүшелері жағдайды тыңғылықты талдай келе, басқарма басшысына алдағы уақытта ауқымды жиын өткізіп, ұсыныстарды келесі жылдың бюджетті жоспарлауға алдын ала дайындау мәселелері бойынша бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.