Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 79 жылдығына орай, облыс майдангерлеріне төленетін төлемақы мөлшері ұлғайтылып, әрқайсысы 3 миллион теңгеден осындай төлемге ие болатын болды.
Елімізде Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қатары сиреп, санаулы майдангерлер ғана қалуда. Ақмола облысының аумағында бүгінде сол бір сұрапыл жылдары жаумен алысып, Жеңісті жақындатқан 5 ардагер ғана тұрып жатыр. Ақмола облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің мәліметінше, олар көкшетаулық Казимир Беймарт, Жақсы ауданының тұрғыны Анатолий Комяков, бурабайлық Арсентей Шудляк және бұландылық Иосиф Комин және Қосшы қаласының ардагері Нұрғасым Әжітаев.
Ақмола облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ақпаратына сүйенсек, биыл Жеңіс күніне орай, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген азаматтар да 10-нан 30 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде төлемге ие болады. Сонымен бірге, Чернобыль атом электр стансасындағы апаттың салдарын жоюға қатысқан адамдарға және басқа мемлекеттердің аумағындағы қимылдарға қатысқан ардагерлерге 25 айлық есептік көрсеткіш сомасында төлем төленбекші.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.