Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мерекелік салтанаттың қуанышы - АРҚА АЖАРЫ

Мерекелік салтанаттың қуанышы

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған салтанатты шараға қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, биылғы көктемгі су тасқынының жайылуына жол бермеуде, осы табиғи апаттан зардап  шеккен тұрғындарды құтқаруда ерекше көзге түскен төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері мен еріктілерді Алғыс хаттармен және тауарлық сертификаттармен марапаттады. Сонымен бірге, Көкшетау қаласында тасқын салдарынан баспаналары жарамсыз деп танылған екі отбасына жаңа пәтерлердің кілті табыс етілді.

Қазақстан халқының бірлігі күні – елімізді мекендеген сан ұлттар мен ұлыстардың достығы мен ұлтаралық келісім нышанына айналған айтулы мереке. Осы мерекеге байланысты жиналғандар алдында сөйлеген құттықтау сөзінде облыс әкімі:

–Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХХІІІ сессиясында Ассамблеяның ел бірлігін орнықтыра түсетін тиімді құрылым екендігін, ол елімізде орын алған көктемгі су тасқыны кезінде де ортақ іске белсене жұмылып, көлемді жұмыс атқарғандығын атап көрсеткен болатын. Осы жылы сөзге лайық ассамблея мүшелерінің ішінде біздің ақмолалықтар да бар. Бүгінде өңіріміз үшін күрделі кезең аяқталды. Біз елді мекендерді жаппай су басуға жол бермедік. 2,5 мыңға жуық адамды дер кезінде қауіпсіз аймаққа көшіріп, табиғи апатпен күреске барлық ресурстарды жұмылдырдық. Облыс бойынша қабылданған осындай шұғыл шаралардың арқасында 95 елді мекенде 8 мың үй су басу қаупінен аман қалды. Ең бастысы, үйлерді ғана су басудан емес, сонымен бірге адамдардың өмірін сақтап қалдық, – деп осы кезеңде көп болып  атқарылған жұмысқа жоғары бағасын берді.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көктемгі су тасқынына орай,  «Ешбір азамат назардан тыс қалмай, мемлекет тарапынан қолдау мен көмек көрсетіледі» деп айтқан болатын. Жуырда Көкшетау қаласында осы қарғын судың салдарынан баспанасыз қалған алғашқы отбасыларына жаңа пәтерлердің кілттері тапсырылса, осы бағыттағы жұмыс мұнымен тоқтамай, одан әрі жалғасуда. Сонымен бірге, облыста су апаты болған аймақтарда жапа шеккен тұрғындарға бір реттік қаржылай көмек беріліп, келтірілген шығынды өтеу, дүние-мүлікті қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен қолға алынған «Жүректен жүрекке» акциясы барысында этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері мен еріктілер, кәсіпкерлер мен тұрғындар, құқық қорғау органдары, азаматтық қорғаныс қызметкерлері мен әскери қызметкерлер, жүректері елім-жерім деген басқа да жұртшылық өкілдері мұқтаж жандарға моральдық және материалдық көмек-қолдау көрсетті. Ақмола Ассамблеясы жанынан арнайы штаб құрылып, су тасқынынан зардап шеккен аудандар мен қалаларға 250 миллион теңгенің 150 тоннадан астам гуманитарлық көмегі жеткізілді.

–Осы орайда, су тасқынына қарсы күреске бір адамдай жұмылып, белсенділік және қайырымдылық танытқан азаматтардың барлығына шексіз ризашылығымды білдіргім келеді. Ел басына түскен ауыртпалықтан ешкім тыс қалған жоқ. Өңіріміздің ардақты ақсақалдары, ел ағалары да осынау сындарлы сәтте ақыл-кеңестерін аянбай, биіктен көрінді. Бұл ретте, Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев, мемлекет және қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев, Ақмола облыстық Қоғамдық Кеңесінің төрағасы Ермек Нұғымановтың және тағы басқа да аға буын өкілдерінің орны ерекше, –дей келе, өңір басшысы Бұланды ауданындағы «Балдырған» бөбекжайының тәрбиеленушісі Ағзам Азаматұлын да ерекше аузына алды. Өйткені, бұл жеткіншек те әлі  кішкентай болғанымен, тасқын судан зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсеткен жандардың қатарынан табылыпты.

Шара барысында облыс әкімі осы бір сын сағатта азаматтық жоғары ұстанымдарымен көзге түсіп, тасқын суды ауыздықтауда уақытпен санаспай еңбек еткен бір топ ақмолалықтарды Алғыс хаттарымен марапаттап, сый-сияпат жасады. Олардың қатарында Есіл қаласындағы №23 өрт сөндіру бөлімшесінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Жандос Жексенбаев, Атбасар аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторы Данияр Аманжолов, Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданындағы жүкті келіншекке санавиациямен жедел медициналық көмек көрсетіп, екі шаранасымен бірге аман алып қалған Ақмола облыстық көпсалалы ауруханасының неонтолог-дәрігері Татьяна Шафигина, Ерейментау ауданындағы №24 өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі Сағыныш Біләлов сияқты 40-тан астам марапат иелері бар.

Сонымен бірге, салтанатты жиында су тасқынынан үйлері жарамсыз болып қалған Көкшетау қаласының тұрғындары Сәрсенбаев мен Шиловтың облыс әкімінің қолынан пәтер кілттерін алғаны да көпшілік көңілін жадыратты. Бүгінгі қос қуанышты есептегенде, осымен облыс орталығынан қысқа мерзімде осындай 14 отбасы баспанаға ие болып отыр. Салтанатты шара соңы мерекелік концертке ұласты.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Айбек Данияров.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар