Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Суретші  Софья - АРҚА АЖАРЫ

Суретші  Софья

Негізінен, ауыл шаруашылығы саласымен айналысатын Мәдениет  ауылында бүгінде түрлі ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Халық  саны  бес  жүзден  асатын  ауыл  тұрғындарының көп бөлігін ұлттық  құрамы  бойынша  қазақ халқы мен  орыс ұлтының өкілдері  құрайды. Бұдан  бөлек  ауылда украин, беларус, татар, неміс, армян, өзбек, башқұрт және  құмық  халқының  ұрпақтары да тұрады. Бұрын бұл ауылда поляк,      молдаван, шешен-ингуш пен  қарақалпақтар да мекен  еткен  дейді жергілікті тұрғындар. Өз  басым оқу жылының басында осы ауылдың мектебіне тарих пәні мұғалімі болып орналасқан сәттен бері бұл елді мекендегі өзге ұлт өкілдерінің өзара сыйластығы мен достығын көріп, соған сүйсініп жүремін.

Осы мақалаға арқау болып отырған кейіпкерім –  оқуда алда жүрген озат оқушым, сурет салуға жаны құмар Софья Абраамян және оның отбасы. Бұл шаңырақ елімізде қалыптасқан ұлттар татулығының жарқын  көрінісі іспетті.

Софья ауылдағы  орта мектептің  9-шы сынып  оқушысы. Ол сурет салумен қатар, қазақ тілі және математика пәндерін сүйіп оқиды. Осы пәндерден көптеген  аудандық,  облыстық  және  республикалық пән олимпиадалары мен ғылыми жобалар сайыстарына қатысып, жүлделі орындардан көрінді. Атап айтқанда, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айжан Серікқызының жетекшілігімен республикалық «Дарын» ғылыми-практикалық  орталығы өзге ұлт оқушылары  арасында  қазақ тілінен  өткізген «Тіл – тәуелсіздік тұғыры» тақырыбындағы олимпиадада III-інші дәрежелі дипломға, математика пәнінің мұғалімі Айгүл Аманжолқызының жетекшілігімен қатысқан «Математический взгляд на проблему зрения учащихся» атты ғылыми жоба байқауының облыстық кезеңінде II-інші орынға қол жеткізді.  Софья  өзінің  ана  тілі – армян тілінен бөлек, қазақ және орыс тілдерін еркін меңгерген, ағылшын тілін де қызығушылықпен үйренуде. Бес аспап қызымыз қазақтың асық ойынын ойнап, мектептегі мерекелік шараларда ұлттық билерімізді мың бұрала билейді.

Ал, Софьяның  бойындағы  көркемсурет  өнеріне  деген қабілетін   анасына бастауыш сынып пән мұғалімі Марина Шпрунг (неміс ұлтының өкілі) байқап, айтыпты. Ол «боламын деген баланың бетін қақпа, белін бу» демекші, Софьяның бойындағы өнерін ұштап, оны дамытуға қолдау көрсетіп, түрлі сурет байқауларына қатысуына мұрындық болыпты. Содан жас жауқазын көптеген аудандық, облыстық, республикалық, тіпті, халықаралық сурет байқауларына қатысып, біраз жетістіктерге жетті. Нақты айтқанда, 2022 жылы Алматы қаласында халықаралық ЮНЕСКО  ұйымының  қолдауымен  өткен «THE PLANET OF ART» фестиваліне қатысып, арнайы сертификатқа, былтыр «Алтын  адам»  халықаралық білім және шығармашылық академиясы ұйымдастырған «Осенный  вернисаж»  сайысында бірінші орынға ие болып, арнайы   дипломмен   марапатталды. Сонымен  қатар, суретші қызымыз  өзінің шығармашылық жетістіктері нәтижесінде облыс көлеміндегі дарынды оқушыларды  қолдау  мақсатындағы «Сұңқар» сауықтыру кешеніне жолдама алып, жаздық  демалысын  өткізіпті.  Сонымен бірге, мектеп әкімшілігі мен сынып жетекшісі, орыс тілі пәнінің мұғалімі Ғалия Рамазанқызы да Софьяға үнемі қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар беріп отырады.

Софья  отбасында үш баланың ортаншысы. Оның әкесі Арсен Абраамян ауыл шаруашылығы саласымен айналысып, бірнеше адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер. Өз кезегінде ол ауылда өтетін іс-шараларға және мектепке демеушілік көрсетіп, қайырымды істердің басы-қасында жүреді. Осыдан екі жыл бұрын ауыл ішіндегі оқушылардың мектепке баратын жолын жөндеп, асфальт төсеп берді.

Жақында Софьяға «биыл қазақтан шыққан алғашқы академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына орай ғалымның суретін салып берсең» деген өтініш білдірген болатынмын. Жас суретші академиктің  портретін  айнытпай салып берді. Осындай озат, өнерпаз, жан-жақты шығармашыл оқушыма өзімнің ұстаздық ризашылығымды білдіріп, қанатың  талмай,  өнерің әркез үстем болсын демекпін. Алдағы уақытта Мәдениет ауылында Софьяның  салған суреттерінен жеке көрме  өткізу  жоспарлануда.

  Қуаныш ҚАБИДОЛДИН,
Мәдениет  орта  мектебінің  тарих  пәні  мұғалімі,
шебер-педагог, магистр.

Сандықтау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар