Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Махаббат, қызық мол жылдар - АРҚА АЖАРЫ

Махаббат, қызық мол жылдар

Қазақ театрларының арасынан алғаш рет еліміздің барлық қалаларын қамтитын «Сезім сапары» спектакльдер  турын бастаған Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театры сонау ару Алматыдан көгілдір Көкшетауда бір апта болып, көрерменнің көзайымына айналған қойылымдарды сахналап, театр сүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді.

Облыс орталығының тұрғындары, әсіресе, студент жастар әр қойылымды құр жібермей, тамашалады.Аталған театр сапарының екінші күні «Көкшетау» мәдениет сарайында жастардың ынтыға тамашалайтын қойылымы «Махаббат, қызық мол жылдар» спектаклі қойылды. Бұл жолы да театр көрермендері залға лық тола отырып, 3 сағатқа созылған қойылымды тапжылмай тамашалады. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Әзілхан Нұршайықовтыңқаламынан туған шығарма өткен ғасырда-ақ талай жанның жүрек сырын қозғаса, бүгінгі күні де «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Фархад Молдағалидың режиссурасымен өз көрерменін тапқан, сезім мен сананы селт еткізген таңдаулы туындылар қатарында. Кітабын оқыса да, кино немесе қойылымын көрсе де әр жанның өз «Махаббат, қызық мол жылдары»,көз алдына елестетіп, қиялы арқылы қалыптасқан өз Ерболы мен Меңтайы, Танасы мен Заманы, Майрасы мен Зәйкүлі бар десек артық емес.

Қойылым барысында жазылған кітап мазмұны бұзылмай сақталған. Шымылдық ашылғанда кітап соңында оқылатын Меңтайдың Ерболға жазылған хаты оқылып, жұмсақ мелодия үнімен көңілді бірден баурап әкетеді. Әрмен қарай кітап сюжетімен оқиғалар тізбегі бірде күлдіртіп, бірде мұңайтып, кейде сүйсінтумен қойылым жалғаса береді. Спектакль мәнін ашып, жүгін жеңілдетіп тұрған майда, қоңыр дауыстағы баяндаулар. Кейбір көріністерді тек осы баяндау арқылы да жеткізген. Режиссер комедиялық сарындарды сәтті қолданып, өз кейіпкерлерінің болмысын аша түскен. Әрине, туындыға арқау болған бас кейіпкерлер Ербол, Меңтай рөлдеріне басымдық берілгенімен, өзге тұлғаларды да бойындағы елең етер артықшылықтарымен көрсете білген. Мысалға, Зәйкүл болмысы тым ашық, айналасын күлкіге бөлейтін, көңілді жанды аңғартса, Майра ақылы мен біліміне сүйенетін, жанындағы достарыныңда сол жолда болғанын қалайтын көрікті қыз. Сол сияқты, Жомартбек Ерболдай емес, батыл, қыздарға ашық сөйлейтін, әзілқой, тік мінез жігіт болса, соғыс өтінен келсе де Ербол жасықтау, сөзге шорқақ, бірақ, сезімшіл, жаны сұлу азамат ретінде суреттелген. Олар соғыстың қасіретті жылдары салған жараларды сездірмеуге, бәрін бұрын тазалыққа, адалдыққа құштар болуға талпыныс жасайды. Көрерменді жарасымды жастық, іңкәрлік, адалдық, достық, кіршіксіз таза сезім, сүйіспеншілік, қимастық, ынтық махаббат, ғашықтық, бауырмалдылық кескіндеріқуаныш әсеріне бөлесе, жалғыздық, жалғандық, мұңлылық, алдау, тәкаппарлық, нәпсі құмарлық, ұятсыздық, тексіздік сипаттары еріксіз реніш пен жек көрушілік күйіне жетелейді.

Сахнадағы ең ауыр, аянышты көрініс Тұмажан сұмның оралуынан басталады. Театр актеры Ұлан Болатбек өз рөлін нақышына келтіре білген. Себебі, одан бұрынғы көріністерде күліп, жайдарлы отырған түріміз, бұл сәттерде түнере бастағандай. Жоғарыда аталған жаман қасиеттерді бойына жиған Тұмажанның іс-әркетінен кейінгі Меңтайдың өкініш өксігі, дағдарысқа түскен мезгілдері, жылағаны, жанайқайы, көңіл-күй құбылысы сарынды, эмоциялық музыка арқылы әсерлі жеткізілген. Барлығы үйлесім тапқан осы сәт көңілдерге қаяу салғандай, залдың әр жерінен күрсінген жандардың үндері естіліп жатты. Қалай күрсінбессің, біреудің ала жібін аттап өтпеген, бетінің қызылы кетпеген қазақтың қаракөзі еді ғой. Меңтай образының түсінген жанға трагедиялық тұсы да жоқ емес. Мысалға, ағасы соғыста қайтыс болды. Оның өсиетін жамылған досы арбауына түсірді. Жүрегіндегі сезімін оятқан ғашық жігіт Ерболға бар асылын арнай алмады. Соңында, ақ қағазға қимастықпен жазылған бір парақ хат қалдырып, нәзік жүректің соңғы сәлеміне жүгінді.

Міне, осындай қуанышы мен өкініші бірге жүретін тәлейлі тағдырлар бейнелі суреттелген спектакль Көкше жұртының көңілді тербеп, жанына рухани тазалық сыйлады. Әдеттегідей өз өнерлерімен тәнті еткен театр труппасына көрермендер қошеметтерін аямай, құрметтерін гүл шоқтарыменде көрсетті. Бұл туындыдан түйер ой, алар іліміміз құлқынның құлы болып, арсыздықпен біреудің өмірін қор етудің бүгін-ертең немесе арғы дүниеде опа таптырмайтынын ұғу. Оған қоса, жығылғанға жұдырық сілтемей, адамдық парызыңды дұрыс өтеу және досқа деген сыйластық, құрметіңді қанша жыл өтсе де жоғалтпау. Қорыта айтқанда, өмір мәні болған махаббат құндылығын жүрек түкпірінен жоғалпау, оны сана биігіне шығарып, адалдығыңды іспен дәлелдеу. Махаббатсыз өмір бос, ғұмыр мәнсіз деген рас.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар