9 мамыр – Жеңіс мейрамы бұл ең әуелі, ардагерлерге құрмет көрсетер һәм елі үшін жанын пида еткен жандардың рухына тағзым етер тағылым күні.
Отанға қауіп төнгенде жас ғұмырын сарп етіп, оқ пен оттың ортасына аттанудан тайынбаған, ел қорғаны болып жауға қарсы тұрған аталарымыздың ерлік істері ешқашан ұмытылмауы керек.
Ел қасиеті – ер қасиетін естен шығармағанында.Уақыт – зымыран. Екінші дүнежүзілік соғыстың аяқталғанына биыл 79 жыл толып отыр. Сол қан майданда қайрат көрсетіп, от кешкен Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қатары сиреп барады. Тіпті, қалмауға айналды. Мысалы, қалың Көкшетаудың өзінде бір ғана Ұлы Отан соғысының ардагері бар. Ол Көкшетау қаласының құрметті азаматы – Казимир Борисович Беймарт. Биылғы жылы ардақты ардагеріміз мерейлі 98 жасқа толып отыр. Ұлы Отан соғысы басталған шақта 18 жасар Казимир Борисович Беймарт Солтүстік Қазақстан облысына қарасты, Красноармеец, қазіргі Тайынша ауданынан әскер қатарына алынған. «Жол жөнекей қарның ашып қалмасын» деп азын-аулақ азығын да қолыма ұстатқаны күні бүгінге дейін көз алдымда тұрады. Өздерінің аузынан жырып, балама аз да болса, қуат болсын деген ана жүрегі қандай десеңізші!» деп еске алады қарияның өзі.
–Мен ол кездеколхоздажұмыс істейтінмін, бидайды элеваторға апара жатқанымда, алдымнан пошташы жүгіріп шыққанын байқадым, қолындағы қағазды бұлғап маған көрсетіп жатыр. Әскери комиссариаттан келген шақырту екен. Мені сол жерден үйге жіберместен әскери комиссариатқа алып кетті. Онда менен де басқа жас жігіттер болды. Әскери комиссариаттан біз вокзалға бардық, пойызды бірнеше сағат күтіп отырдық. Бірақ, жүрегімде ата-анаммен қоштаса алмадым-ау деген бір алаңдаушылық болды. Өз-өзіме орын таппадым. Сөйттім де, шыдай алмай, әскери комиссариатқа қарай жүгіре жөнелдім. Мен жүгіріп барсам, екеуі үрпиісіп, көңілсіз комиссариат алдында қатар отыр. Анамның қолында бір бөлке нан және бес рубль, үйдегі бар қазына осы. Қан майданға кетерде ата-анамды бір рет қапсыра құшақтау арманым еді. Жүрегім орныма түскендей болды. Осы күнге аман-есен жетуім де ата-анамның ақ тілеуі болар, – деп еске алыпты ардагер өзінің бір жазбасында.
Казимир БорисовичБеймарталдымен, пулеметшілер ротасына жіберіліп, қаруды қолдану машығын үйренген. Содан кейін ол 1128 атқыштар полкының құрамында Бірінші Балтық майданында соғысқан. Ұрыс кезінде танк жарылысынан аяғынан екі жерден жарақат алған. Соған қарамастан, взвод командирі Ляхов екеуі жауға қарсы оқ боратып, екеуі ғана ондаған жау тобымен жекпе-жекке шыққан. Әсте, жүрегі батыл адам – батыр адам деген осы-ау болар! Осындай және басқа да жанкешті ерлігі үшін І дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.
Казимир Борисовичке 1945 жылдың 14 ақпанында Кенигсбергте алған ауыр жарақатынан бір емес, екі ота қатарынан жасалған. Осыған сәйкес бірнеше ай бойы ауруханада жатуына тура келеді. Жеңіс туралы хабарды да ауруханада естіген. 1950 жылы демобилизациядан кейін майдангер Украинаға кетіп, кейін тың жерлерді көтеру кезеңінде Қазақстанға, өкшетау облысына келген екен. Мұнда тепловоздың көмекшісі, содан кейін машинисі болып жұмысқа орналасыпты, темір-бетон бұйымдары комбинаты мен құрылыс комбинатында еңбек жолын жалғастырып, онда цех бастығы болған.Зайыбымен бірге төрт бала тәрбиелеп, барлығына білім берді. Көңілге кірбің ұялататыны, уақыт көші алға жылжыған сайын өмір керуенінен қариялар ұзап барады. Сол ғұмыр көшінде кешегі қан майданда ерлік көрсеткен қариялар тіптен де аз қалды.
…Неменегежетiстiң,бала батыр?
Қариялар азайып бара жатыр.
Бiрi мiнiп келместiң кемесiне,
Бiрi күтiп, әнеки, жағада тұр.
Беу, шіркін, мұндайда жүректегі толқынысты жыр ғана дөп жеткізе алады. Кей сәтте айта алмаған сырды, сарытап сағынышты, өзекті өртер өкінішті, бұлжытпас өмір заңын, шарасыздықты өлең жеткізгенде жүрек дәл осындай күйге бөленетіні бар. Өмірдің шарасыздығы, өмірдің өкініші неде?. Алдымен, аға буыннан көз жазып қалу әдетте оңай емес-ау… «Қарты бар үйдің қазынасы бар» дейді қазақ. Қазынамыз ортаймасыншы! Ғұмырыңыз ғасырдан да ұзақ болсыншы, батыл жүректі батыр ардагер!
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Көкшетау қаласы.