Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Өнер мерекесіне қош дейміз! Келесі фестивальді күтеміз! - АРҚА АЖАРЫ

Өнер мерекесіне қош дейміз! Келесі фестивальді күтеміз!

«Театр – адамның өзін сахнадан көріп, түсінетін орны». Шәкен Аймановтың осы бір сөйлем төңірегіне сыйдырған көркем ойын театр сүйер көрермен сараламай-ақ ұғынар еді. Себебі,сахнада өмірден алынған адамның тағдыры суреттеледі. Жай суреттелмей шынайы келбетпен қайталаусыз бейнеленеді.

Адамның түрі, киім киісі, дауысы, қимылы, эмоциясы, қылығы, мінезі бәрі-бәрі актер шеберлігімен көз алдыңда ойналады. Бүгінде Көкше жұрты 4 күн қатарынан шетел және еліміздің әр өңірінен келген театр майталмандарының өнерін тамашалап, неше түрлі адам тағдыры мен қылығына қанық болды.

Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының мұрындық болуымен Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы-драматург Сәкен сері Жүнісовтың 90 жылдық мерейтойына орай 1-4 мамыр аралығында  ұйымдастырылған II халықаралық «СӘЛЕМ» комедиялық театр фестивалі қала тұрғындары мен қонақтарының көңіл сарайын ашып, күлдіре отырып ойлантты.

Сөзіміз дәлелсіз болмас үшін сахналанған спектаклдерді бір шолып өтейік. Алғашқы күні «Astana Musical»  театрының актерлары ойнаған «№13» комедиясында  қоғамның игілігі үшін қызмет атқарудың орнына демалуды ұйғарып, бес жұлдызды қонақүйдің 13-нөмірінде өзінің саяси қарсыласының хатшысымен құмарлыққа бой алдырған Ричард Уиллидің басынан өткен оқиғасы баяндалады. Р.Кунидің пьесасы  соңғы жиырма жылдықтағы ең үздік комедиялардың бірі болып саналады. 1991 жылы бұл пьеса жылдың үздік комедиясы ретінде «Лоуренс Оливье» сыйлығына ие болған.Спектакль режиссері Е.Нұртазин жасаған ережелер комедиясымен қоса, әр кейіпкердің мінезін ашатын арнайы жазылған музыкалық партияларды қосқан. Екінші күні театрсүйер қауым Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының режиссері Мұрат Ахмановтың шеберлігімен сахналанған Баққожа Мұқайдың «Тойы көп үй» мұңлы комедиясын тамашалады. Түрлі отбасы мәселелері қозғалатын, мұң мен ащы күлкі аралас қойылым көрерменді ойландырмай қоймады. Жұбайлық өмір мен ата-анаға деген құрмет, жастардың қарым-қатынасы, перзент сүю мәселесі, бәрі-бәрі қоғамда кездесіп тұратын жайттар.Баста бар қиындықтар мен кейбір келеңсіз сәттерден қалай шығуға болады? Осы секілді сұрақтарға жауап іздейтін бұл сахналық туынды көрермен көңілінен шыға білді. Өйткені, астарында өмір шындығы жатыр. Шынайы өмірден алынған шым-шытырық оқиғаға толы шығарма көрермен үшін қашан да қызықты болады. Жалғасы сол күні алыстан келген құтты қонақтарымыз – Әзірбайжан Мемлекеттік «Пантомин» театры – шетелдерде көп ойналған, идеялық туынды «Последний штрих» қойлымын қойса, артынша Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиядық қазақ драма театры «Үйлену» музыкалық комедиясын ұсынды.Спектакль ішінде қазіргі уақыттағы байлық пен мансапқа деген қызығушылық, адал­дық пен сатқындық, жақыбайлық пен іштар­лық атаулы адам болмысындағы мінез-құ­лық ерекше бейнеленіп, оқиға бойы ол сатира мен юмор арқылы өз сыба­ғасын ал­ып отыра­ды. Қойылым бойы оркестр ойнаған музыка комедияны одан сайын жандандырып, құл­пыртып, толықтырып оты­рады.

Сондай-ақ, фестивальдің үшінші күні атыда айшықтап тұрған «Өлдік те, құрметті болдық» трагикомедиясы көрерменді түрлі көңіл күйге бөледі. Иә… Күлкінің астарында жатқан ащы шындықпен беттескенде «ұрпақ тәрбиесін қалай беріп жүрмін?..» деген ойды ойлауға мәжбүр ететін өткір қойылымға режиссер Б.Құрманғожаевтың не себепті барғанын түсінесіз. Көңілді басталып, көзіңе жас үйірумен аяқталатын қойылым «Қанша жерден жұмысбасты болсаң да, ата-ананың қадірін көзі тірісінде біл» деген ойды көрермен таразысына тастайды. Авторы Х.Хурсандовтың қаламымен жазылған комедия тақырыпты тереңінен қозғайды. Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының шебер ойнаушылары туындының ажарын аша білгенін қойылым соңындағы жиналған қауымның қошеметінен-ақ аңғаруға болады. Бұл күні көрермен түрік қандастарымыздың өнеріне де қанықты. Бауырлас Түркия Республикасының Стамбул Мемлекеттік театрының «Профессионал» қойылымын жұртшылық тапжылмай тамашалады. Өзге елдің өнерінің ерекшелігін, алар артық тұсымен тәжірибе алмасуда фестивальдың бір мақсаты-тұғын.

Ол күннің кеші италиялық Жан Батист Мольердің «Сараң» туындысымен сахналанған ащы комедиялық қойылыммен аяқталды. Ұлы комедиографтың сол заманның ең осал тұстарын астарлы әзілмен бейнелеген «Сараң» туындысы арада төрт ғасыр өтсе де әлі күнге дейін өзекті. Неліктен? Себебі, ондағы кейіпкерлердің өз шындықтары бүгінгі қоғамның да көрінісі іспеттес. Басты рөлдегі Гарпагонның шектен шыққан сараңдық әрекеттері, түбінде жақсылық әпермегені, сіз бен бізді аталған жаман қасиеттен алыс болу үшін келтірілген мысал. Ойсаларлық спектакльді нақышында суреттеген Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актерлары мен режиссері Kubilai Erdelikaraның шеберліктері тәнті етті.

Комедиялық театр сайысының соңғы күні, әрі соңғы қойылымы болып Райымбек Сейітметов атындағы Түркістан қалалық сазды драма театрында драматург Асахмат Айларовтың «Келісім-шарт бойынша қалыңдық» комедиясы сахналанды. Қойылым тапқанын араққа жұмсайтын жалғызбасты еркектің масаң күйде досымен ел президентін үйіне қонаққа шақырамын деп бәстесуімен басталады. Бұл бәстесу телеарнаға шығып кетіп, Ресей президенті шақыруды қабыл алады. Міне, осыдан бастап бас кейіпкердің өмірі күрт өзгереді. Пәтері, тіпті ауласы күрделі жөндеуден өтіп, құрметті қонақты қарсы алуға дайындалады. Жаңарған пәтеріне келісім-шарт бойынша жаңа қалыңдық та келеді. Ел басшысын күту жолында лауазымды қызметкерлердің жағымпаздық әрекеттері су бетіне шығып, олардың көздегені тек қызметте өсу екені белгілі болады. Бас кейіпкерге олар жалған бақытты өмірді қолдан жасап береді. Нұржан Ізтаевтің режиссерлығымен ойналған комедияның актерлары да лайықты таңдалып, сюжетімен үйлесім тапқан.

Көкшетаудың сұлулығын бойына сіңіріп, тау мен тасын, өзен, көлін, орман, бауын, көшпелі тіршілігін, мекен еткен халқын, жақсы менен жайсаңын, бұзығы мен тентегін шебер суреттеп, ән мен жырына қосып, артына өшпес мол мұра қалдырған талантты сері Сәкен Жүнісовтің құрметіне өткізілген өнер сайысы да, ұлы тұлғамыздың өміріндей сән-салтанатты, ауқымды, тағылымға толы болды. Еліміздің өзге өңірі өткізбеген халықтар арасындағы комедиялық фестивальді жоғары деңгейде атқарылуы серінің абыройы мен тұлғалық биіктігі еді. Театр додасына Түркия, Әзербайжан, Қазақстан театрларының бас қосуы 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне тұспа-тұс келуі түркі халықтарының бірлігінің сақталып, нығаюының көрінісі десек өтірік айтқан болмаспыз. Және де, елімізде орын алған төтенше жағдайға байланысты, Көкше халқын рухани сусындандырып, жігерлендіру мақсатында көздеген фестивальдің қорытынды шарасы да думанға толы, қуанышты көңіл-күймен өткізілді. Аталған шарада Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театры Жан Батист Мольердің «Тартюф» комедиясын ойнап фестивальді қорытындылады. Онда сөз сөйлеген мемлекет және қоғам қайраткері, журналист, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев Сәкен сері ғұмырынан сыр шертіп, тоқсан жылдық тойының бір белгісі ретінде өткізіліп жатқан театр фестивалінің көңілден шыққанын, осылай тарлан қаламгер мерейін көтеріп жатқан барлық ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Қойылымдарға Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор, театр педагогы Рахилям Машурова, театртанушылар, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының профессоры, өнертану докторы Бақыт Нұрпейіс, осы академияның «Театр өнері мен теориясы» кафедрасының профессоры Меруерт Жақсылықова, «ТҮРКСОЙ» ұйымына мүше елдердің мемлекеттік театрлары басшылары кеңесінің үйлестірушісі,  Әзірбайжандағы өкілі Эльчин Гафарлы, Еуразия театр қауымдастығының Әзірбайжан еліндегі өкілі Юсиф Джафаров сияқты театр мамандары қазылық етіп, өткір ойларын ортаға салды. Аты аталған қазылар алқасының шешімі бойынша театр ұжымдары төмендегідей номинациялармен марапатталды. «Үміт» номинациясы және 300 мың теңге ақшалай сертификат «Сараң» комедиясын ойнаған Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрына, «Қазылар алқасының арнайы жүлдесі» және осындай ақшалай сертификат «Келісім-шарт бойынша қалыңдық» комедиясы үшін Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театрына берілді. Ал, «Үздік ер адам» бейнесі және «Үздік әйел адам бейнесі» аталымдары мен 400 мың теңгелік ақшалай сертификаттарын Ғабит Мүсірепов атындағы Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының «Тойы көп үй»  комедиясындағы Заңғар рөліндегі Сафуан Шаймерденов пен Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының «Өлдік те құрметті болдық» қойылымындағы Айдана рөлі үшін Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі Нұржамал Қаламбаева иеленді. Оған қоса, «Үздік актерлік дуэт» номинациясы мен 500 мың теңгелік ақшалай сертификат Түркия Республикасының Стамбул Мемлекеттік театрының «Профессионал» қойылымындағы рөлдерді сомдаған Йеткин Дикинджилер және Бюлент Эмин Ярарға, «Үздік пантомималық қойылым»  номинациясы мен 600 мың теңге «Последний штрих» стектаклімен Әзербайжан Республикасының Мемлекеттік «Пантомим» театрына бұйырды. «Үздік актерлік ансамбль» номинациясын және 800 мың теңге ақшалай сертификаты «Үйлену» қойылымы үшін Сәкен Сейфулин атындағы Қарағанды облыстық академиялық  қазақ драма театрына берілсе, «Үздік комедиялық қойылым»  номинациясын және 1 миллион теңге жүлде қорын «№13»  қойылымы үшін «Astana Musical» мемлекеттік театры жеңіп алды.

Фестивальдің салтанатты жабылуында Ақмолаоблыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова құттықтау сөз сөйлеп, ауқымды шараны осымен екінші мәрте ұйымдастырған және театр өнерінің дамуына қосқан үлестері үшін Ақмола облысы әкімі Марат Ахметжановтың атынан 1 миллион теңгелік сыйақыны Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрына тапсырды.

Алты Алаш атын байлаған, жер шоқтығы Көкшетаудың төл тумасы, серіліктің соңғы тұяғындай көрінген, жарқырап-жайнап, өмірімен өңірін әнге бөлеп, қара сөзбен, жырмен тербеп өткен сұңғыла суреткер жазушы Сәкен Жүнісовтың рухына тағзым, халқының сәлемі болған комедиялық кештің соңы да қимастықпен, шынайы сыйластықпен аяқталды.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар