Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
От оранған жыр еді... - АРҚА АЖАРЫ

От оранған жыр еді…

Ел басына күн туып, ерлер етікпен су кешкен сонау жылдары талай шаңырақты шайқалтқан соғыс дауылы Қанай би (Қарабұлақ) аулындағы Жарылғасовтар отбасына да бар ауыртпашылығын алакелген еді.

 Міне, сонда осы отбасынан майданға төрт азамат – Әлжан, Әлтай, Рамазан, Қасым аттанған-ды. Әлтай қан майданда хабар-ошарсыз кетті. Одан қалған жалғыз ұл Тәкей де дүние салды. Ол кісінің немерелері Көкшетау қаласында тұрады. Ал, Әлжан соғысқа дейін елде мұғалім болған. Ол да майданда қаза тапты.

Рамазан соғыс басталғанға дейін Жамантұз МТС-ында еңбек етті. Ол Смоленск облысы Росславль қаласында концлагерьде «ДУЛАГ-130-да» болып, сонда қаза тапқан. Артынан інілері Дәурен Жарылғасов пен Тимур Әлтаев 2018 жылы басына барып, тағзым етіп қайтты. Одан бір ұл, бір қыз қалған. Оларда о дүниелік болды. Немерелері Астана қаласында, Зеренді ауданында тұрады.

Ең кішісі Қасым 1940 жылы әскерге алынып, Қиыр Шығыста Манчжурия шекарасында әскери міндетін атқарып жүрген жерінен соғыс басталғанда қан майданға аттанып, аяғына дейін қатысқан адам. Соғыстан кейін аман-есен елге оралып, 35 жыл ұстаздық етіп, 72 жасында 1992 жылы қайтыс болды. 10 бала тәрбиелеп, өсірген әке әлі де ел есінде.

Жоғарыда айтқанымыздай, бір отбасынан төрт бірдей азамат соғысқа қатысып, ортақ жауды талқандауға өз үлестерін қосты. Менің ерекше тоқталып өтпегім, Рамазан Жарылғасов. Ол  жастайынан өлең шығаруға бейім болатын. Майданға аттанғаннан кейін тылдағы, елдегі туыстарына өлеңмен хат жазатын. Көңіл сағынышын жыр жолдарымен жеткізуге ұмтылатын. Жауға ызалы үні де өлең жолынан өз өрнегін табатын. Сол Рамазанның майдан даласынан 1941 жылы жолдаған бір өлеңін назарларыңызға ұсынып отырмын:

Қош, Көкше!

Қош, Көкшетау, қош бол, Дәулет, салқын бел,
Қош, Оқжетпес, қош бол, жарқын айдын көл.
Ұлың кетті күн батысты бетке алып,
Қош, Қарабұлақ, қош бол, асыл туған жер!

Қош, қызыл гүл, мұндай неге жайнадың,
Саған қонып, бұлбұлболып сайрадым.
Қош кең жайлау, тұнық бұлақ, мөлдір көл.
Қош бол менің, жатқан қимас жайларым.

Қош,  келін-қыз, қош бол ару сайраған,
Сүйісуге қайтып тағы айналам.
Естен кетпес біз ойнаған айлы түн,
Айналайын көздеріңнен жайнаған…

Естен кетпес бірге тепкен әткеншек,
Ұмытылмас алысқан қол ант пен серт.
Ұмытылмас асыл жарым, жан жарым.
Уайымдама мені алысқа кетті деп.

Кетіп барам жау жағадан алғанда.
Бір айқаспай қалам қайтып арманда
Қайтып қана босқа тұрам қас дұшпан.
У шеңгелін сыбағама салғанда!

Керек болса жаным пида, өлемін!
Жау жеңді деп қалай тірі келемін.
Елге келіп жігітпін деп ұялмай
Отанымның жүзін қалай көремін!

Қош, Көкшетау, қан майданға барамын
Бір сені ойлап, шеру тарқан баламын
Саған жазған сәлемім деп ұғарсың,
Ер болды деп елге жетсе хабарым!

Міне, Ұлы Отан соғысының аяқталғанына жетпіс тоғыз жыл өтті.Бүгінгі ұрпақ осынай бақытты болашақ жолында жанын пида еткен ел азаматтардың ерлік рухын ұмытпай, есімдерін мәңгілік есте сақтауы тиіс.

Гүлнәр ШАЙМЕРГЕН.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар