Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Аға ұрпақ ерлігінен күш пен рух аламыз - АРҚА АЖАРЫ

Аға ұрпақ ерлігінен күш пен рух аламыз

Фашистік Германияны жеңіп, келешек ұрпаққа бейбіт, бұлтсыз аспан сыйлаған әке-аталарымыздың ерлігі халқымыздың мәңгі өшпес ұлы құндылығы болып табылады.

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Ақмола облысы 63 мыңнан астам ұл-қыздарын Қызыл Армия қатарына аттандырды. Ол кезде Ақмола қаласы әскери бөлімдерді жасақтайтын орталықтардың біріне айналған еді. 1941 жылдың 15 шілдесінде өңірімізде 310-ыншы атқыштар дивизиясы құрылып, ол Ленинград қаласын қорғау үшін ұрыс қимылдарына қатысып, фашистердің қалаға қарай жылжуын тежей отырып, атақты «Өмір жолының» жұмысын қамтамасыз етті. Ладога арқылы Ленинградқа жүк жеткізген жүргізушілердің тең жартысы біздің жерлестеріміз болғаны тарихтан белгілі. Үш айға созылған ұрыстарда дивизия Псков қаласына дейін 400 шақырым жол жүріп, Новгород, Ленинград, Псков облыстарындағы көптеген елді мекендерді жаудан тазартты. Сол жылдары, жауынгерлік тапсырмаларды сәтті орындағаны және жеке құрамның көрсеткен ауқымды ерлігі үшін дивизияға «Новгород» құрметті атауы берілді. Соғыстың соңғы кезеңінде 310-ыншы дивизия Берлинге шабуыл жасаған одақтастар әскерлерінің ілгері жылжуын қамтамасыз етуге тиіс болды. Осы жолғы әскери табыстарының нәтижесінде дивизия Қызыл Ту және Ленин ордендеріне ие болды.

Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысы майдандарындағы ерен қызметі үшін дивизияның 6540 жауынгері, сержанты мен офицері Кеңес Одағының ордендерімен және медальдарымен марапатталғанын айта кеткен жөн. Облысымызда бұл бөлімнен бөлек 1941 жылы 387-інші атқыштар дивизиясы мен 29-ыншы атқыштар дивизиясы жасақталып, Батыс майданына жіберіледі. Жалпы алғанда, Ақмола облысынан аты аталған құрамалардан басқа да дивизиялар құрылған. Мыңдаған ақмолалықтар осы құрамаларда соғысып, өздерінің ерліктерімен, батылдықтарымен және жанкештіліктерімен Отанның табанды қорғаушылары ретінде көзге түсті. Соғыс жылдары қырық үш жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры жоғары атағын алса, жерлесіміз, даңқты ұшқыш Талғат Бигелдинов бұл атаққа екі рет ие болды, ал, жеті жауынгеріміз үш дәрежелі Даңқ орденінің толық иегері атанды. Бірақ, Ұлы Жеңіс миллиондардың қанымен өтеліп, 30 мыңнан астам жауынгер майдан даласынан оралмады.

Сонымен бірге, Ұлы Жеңіс үшін күрес Ұлы Отан соғысының қанды шайқастарының от-жалынында ғана емес, тылда да жалғасты. Тыл еңбеккерлері ерекше төзімділік, жоғары ұйымшылдық, бұрын-соңды болмаған жаппай ерлік көрсетті. Халық «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» деген ұранды ұстанды. Атап айтқанда, соғыс жылдарында Ақмола облысынан мемлекетке 32,2 миллион пұт нан, 24,5 мың тонна ет, 59,4 мың тонна сүт тапсырылды. Өнеркәсіп қызметкерлері оқ-дәрілер мен әскери техника өндірісінде бұрын-соңды болмаған нәтижелер көрсетті. Облысымызға майдан даласынан он мыңдаған адам көшірілді. 5 госпиталь орналасып, онда 13537 жаралы солдаттар мен офицерлер емделгеніне кешегі тарихымыз куә. Подольск қаласынан екі зауыт, білікті мамандар отбасы мүшелерімен бірге Көкшетау қаласына ауыстырылды. 1946 жылдың қазанынан 1947 жылдың шілдесіне дейінгі аралықта облыстың әскери комиссары, подполковник Г.В.Макеев тікелей өзге өңірге астық жөнелту  жұмыстарын басқарды. Жалпы, сол соғыс жылдары әскери комиссариаттан 20 қызметкер «Қызыл Жұлдыз» орденімен, 22 қызметкер «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальмен марапатталды.

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары қаһармандық пен азап, ерлік пен табандылық, жеңістер мен орны толмас жоғалтулар майдан мен тыл ардагерлерінің, соғыстың жалпыға бірдей ауыр сынақтарынан өткендердің жүрегінде мәңгілік сақталады. Ал, бүгінде 80 жылға жуықтаған Жеңіс жолындағы еліміздің мақтаныштары, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов пен Кеңес Одағының Батыры, егемен Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, №1 Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов, қазақ халқының даңқты перзенті, ғалым, ұстаз, жазушы, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин қатарлы ұлы тұлғаларымыздың есімі ұрпақ жадында. Оған қоса, опасыз жауды жеңуге өз үлестерін қосқан Көкшетаудың даңқты қыздары да жоқ емес. Бүгінгі жерлестерімізге құрмет көрсете отырып, біз Л.Берестовая, З.Зиборова, А.Ткачук, А.Шахнова сияқты әйелдердің жауды жеңуге қосқан үлесін зор мақтанышпен атап өтуіміз керек. Бұлардың қатарында бұрынғы Көкшетау облысында туып-өсіп, сол бір қаһарлы жылдары үш мәрте Кеңес Одағының Батыры, даңқты ұшқыш Иван Кожедубтың жеке механигі болған Мәдина Ысқақованы да ұмытпауымыз керек.

Биылғы жылы Ақмола облысының жергілікті әскери басқару органдары Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдығын мерекелеуге орай, көктемгі «Әскерге шақыру күндерін» ұйымдастырды. Бұл ретте, ардагерлеріміз үлкен көмек көрсетіп, болашақ Отан қорғаушылар алдында тілектерін айтты. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдармен, «Ауғанстан соғысы мүгедектері мен ардагерлерінің одағы», «Ақмола облысы Қарулы Күштері ардагерлерінің одағы» ардагерлер ұйымдарымен бірлесіп, әскери қызметтің имиджін көтеруге бағытталған іс-шараларды үзбей өткізіп келеміз. Облыстың барлық дерлік қалалары мен аудандарында, оқу орындарында әскери-патриоттық клубтар құрылып, қызмет атқаруда. Білім басқармасы облыстық жастар слеттерін өткізудің тиімді және практикалық ережесін әзірледі. Соған сәйкес, жеңімпаз клуб облыс атынан келесі жылы өтетін республикалық әскери-патриоттық жастар слетіне қатысады. Осылайша, жыл бойына сапалы дайындалып, республикалық деңгейде сәтті өнер көрсетуге мүмкіндік беріледі.

Осы айтылғанды қорытындылай келсек, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 32 жыл және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 79 жылдығын мерекелеу шаралары биыл да облысымызда өз деңгейінде өткізіліп, аға ұрпақ пен дәстүрлеріне адал бүгінгі ұрпақтың кешегі ерлеріміздің ерлік ісін сенімді қолда ұстап келе жатқандығын қапысыз көрсетіп берді. Лайым алда да солай болуына тілектеспіз!

Талғат ТҰРАБАЙ,
Ақмола облыстық қорғаныс істері жөніндегі
департаментінің бастығы, подполковник.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар