Жеңіс күні қарсаңында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов соғыс ардагері Иосиф Коминге барып, Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Жеңіс күнімен құттықтады.
Ұлы Отан соғысының ардагері Иосиф Иванович Комин Бұланды ауданы Макинск қаласында тұрады. 5 мамырда 97 жасқа толды.
–Біз сіздердің алдарыңызда әрқашан қарыздармыз. Айналаға қамқорлықпен, ілтипатпен қарау, қаза болғандардың ерлігін қастерлеу – біздің қасиетті борышымыз. Осы мереке күні сізге зор денсаулық, бақыт және амандық тілеймін, – деді облыс әкімі.
И. Комин майданға жас кезінде шақырылды. Жауынгер полкінде Вологда қаласында пулеметші болды, содан кейін Калининград қаласындағы әскери бөлімде әскери шеберлігін шыңдады. Алты жыл полигондарда, атыс алаңдарында, әскери маневрлерде және саптық шерулерде өтті.
Соғыстан кейін ол өндірісте 30 жылдан астам жұмыс істеді. 1951 жылдан бастап Калининград вагон жөндеу және Минск автомобиль зауыттарында еңбек етті.
1954 жылы наурызда Иосиф Иванович Қазақстанға тың және тыңайған жерлерді игеруге келді. Бұланды ауданының Вознесенка ауылында токарь болып жұмыс істеді. Содан кейін механизатор мамандығына оқыды. Әрі қарай Елтай астық қабылдау пунктіне жұмысқа жіберілді. Кейінірек осы кәсіпорынның инженерлік қызметін басқарды. Целиноград механикалық-технологиялық техникумын бітіргеннен кейін Иосиф Иванович 1983 жылға дейін Макинск элеваторында әртүрлі лауазымдарда жұмыс істеді. Екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен және мерейтойлық медальдармен марапатталған.
Ақмола облысында бес соғыс ардагері тұрады. Мереке қарсаңында Марат Ахметжанов әр ардагерге барып, Мемлекет басшысының атынан Жеңіс күнімен құттықтады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.