Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Кәсіпкерлердің бүлінген мүліктері есепке алынуда - АРҚА АЖАРЫ

Кәсіпкерлердің бүлінген мүліктері есепке алынуда

Ақмола облысында кәсіпкерлердің көктемгі су тасқыны салдарынан бүлінген мүліктері туралы деректер жиналып жатыр. Осыған орай, Ақмола облысының кәсіпкерлер палатасында су тасқынынан келтірілген залалдың орнын толтыру үшін бизнес субъектілерінің өтінім беру алгоритмін түсіндіру бойынша кездесу өтті.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі орынбасарының-Ұлттық экономика министрінің бұйрығымен су тасқыны салдарынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік залалды өтеу қағидалары бекітілді.

Мүліктік залалды өтеу сақтандырылған мүлікті қоспағанда, жоғалған мүліктің құнын немесе ШОБ субъектілеріне тиесілі бүлінген мүлікті қалпына келтіруге арналған жұмыстардың құнын өтеу жолымен жүргізіледі. Бұған 2024 жылғы су тасқыны салдарынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік залалдың өтемақысын айқындау жөніндегі өңірлік комиссияның шешімі негіз болады.

Комиссия жұмысына мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының басшысы қатысты. Комиссияны облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова басқарды.

–Бірақ, өңірлік комиссия өтемақы туралы шешім қабылдамас бұрын су тасқыны салдарынан болған мүліктің меншік иесін тану жөніндегі комиссияның қорытындысын алуы қажет. Тиімділікті бағалау жөніндегі осындай комиссиялар облыстың барлық өңірінде құрылды, – дейді бұл ретте, өңірлік палатаның директоры Ерқанат Мұсылманбек.

Бұл комиссияның қорытындысын алу үшін өтінім берудің белгілі бір алгоритмі қолданылады. Бірінші кезекте растайтын құжаттарды қоса бере отырып, жоғалған немесе бүлінген мүліктің тізбесін жасау қажет. Содан кейін бүлінген мүлікті бағалау жөніндегі комиссияға өткізуге өтініш беру үшін аудандық және қалалық әкімдіктерге жүгіну; залалдың мөлшерін анықтау үшін тартылған тәуелсіз бағалау компанияларының тізімін, зиянды өтеу туралы өтінішті одан әрі беру үшін өтініштер мен келісімдердің қажетті формаларын алу керек. Зақымдалған мүліктің түріне, сондай-ақ, жарамсыз жағдайына байланысты қосымша құжаттар сұралуы мүмкін.

Бағалау жөніндегі комиссия өтінішті қарайды, қажет болған жағдайда көшпелі тергеу жүргізеді, мәліметтерді және ұсынылған құжаттарды тексереді, өз қорытындысын береді. Содан кейін жоғалған мүліктің құнын немесе оны қалпына келтіру жұмыстарының құнын өтеу үшін өңірлік комиссияға жүгіну қажет. Ол үшін мүліктік шығындарды өтеу туралы өтініш беріледі, сондай-ақ, жеке куәліктің көшірмесі және бағалау жөніндегі комиссия қорытындысының көшірмесі; жеке кәсіпкерлік үшін жеке кәсіпкердің талоны немесе ЖШС үшін мемлекеттік тіркеу туралы куәлік; меншік құқығын растайтын құжаттар, сәйкестендіру құжаттары керек.

Өтініш келіп түскен күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде қаралады. Өтінішті қарауға залалды өтеуге қаражат бөлуді көздейтін шешім жобасы не бас тарту себептерін көрсете отырып, залалды өтеуден жазбаша түрде бас тарту туралы шешім негіз болады. Ақшалай қаражат өтініште көрсетілген есеп айырысу шотына жеткілікті қаржыландыру болған кезде тиісті шешім қабылданған сәттен бастап 10 жұмыс күні ішінде аударылады.

–Өтемақыдан бас тарту туралы шешім өтінішті қайта жіберу мүмкіндігінен айыратынын есте ұстаған жөн. Алынған қаражатқа қолданыстағы заңнамаға сәйкес салық салынады. Бүгінгі таңда «Атамекен» ҰКП салық төлеуден босату мәселесін пысықтап жатыр. Өкінішке қарай, ереже агроөнеркәсіптік кешен субъектілері мен ірі бизнеске қолданылмайды, – дейді Ерканат Мұсылманбек.

Толығырақ ақпарат алу үшін Ақмола облысының кәсіпкерлер палатасы, Көкшетау қаласы, Абай көшесі, 96, 8 қабат мекенжайына хабарласуға болады.

Байланыс телефондары: 8 (7162)-72-25-48, 72-25-44.

Жергілікті атқарушы органдар: 8 (7162) -24-00-15, 24-00-13, 24-00-08.

«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар