Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Кене шағуына қарсы иммундау апталығы өткізілді - АРҚА АЖАРЫ

Кене шағуына қарсы иммундау апталығы өткізілді

2005 жылдан бастап Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық аймақтық бюросының және Біріккен Ұлттар Ұйымы Балалар қорының бастамасымен жыл сайын дәстүрге айналған иммундау апталығы өткізіліп келеді.

2024 жылы кезекті Еуропалық иммундау апталығы 21-27 сәуір аралығында өтті. Осыған орай, өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Ақмола облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің басшысы Айнагүл Мусина брифинг өткізді.

–Еуропалық иммундау апталығы басталғалы облыста 1421 адам егілді, оның 1279-ы 14 жасқа дейінгі балалар. Кене энцефалиті – орталық жүйке жүйесінің зақымдалуы басым болатын вирусты табиғи ошақты ауру. Кене энцефалитінің инкубациялық кезеңі кейде 21 күнге барады, бірақ, орта есеппен 10 күннен екі аптаға дейін созылады. Кене энцефалитінің алғашқы белгілері ­­– әлсіздік пен шаршағандық, қол-аяқ пен иықтың және тағы басқа дене мүшелерінің сырқырауы. Кене энцефалитінің алдын алудың екі түрі бар.  Біріншісінде жазда орманда серуендеуде, инфекция таралатын жерлерде ашық ауада жұмыс істегенде де жабық киім киіп, ашық жерлерді жабу ұсынылады, мүмкіндігінше денені және киімді орманнан оралғаннан кейін мұқият тексеру керек. Кене энцефалитінің алдын алу үшін иммуноглобулин дәрісі бұлшық ет ішіне қолданылады. Препарат инфекцияға қарсы вакцина алмағандардың барлығына энцефалиттің профилактикалық емі ретінде тағайындалады. Медициналық көмекке жүгінген кезде алғашқы үш күнде иммуноглобулин енгізіледі, үш күннен кешіктірілген жағдайда бұл  серопрофилактика жүргізілмейді, – деді өз сөзінде департамент басшысы.

Облыста кене энцефалитіне қарсы вакцина қоры бар. 2024 жылдың осы кезеңінде «Кене боррелиозының» 1 жағдайы тіркелді, яғни, Бурабай ауданының Щучинск қаласында ағымдағы жылдың 9 сәуірі күні кене шағу оқиғасы орын алды. Зардап шеккен адам кенені шаққан жерінен өзі алып тастағаннан кейін және де медициналық көмекке кеш жүгінгендіктен иммуноглобулинмен серопрофилактика жүргізілмеді. Бүгінгі күні науқастың жағдайы қанағаттанарлық, амбулаторлық ем қабылдануда, биоматериалды талдау жүргізілуде.

Өткен жылы кене шағудың Көкшетау қаласында – 12, Бурабай ауданында – 6, Бұланды ауданында – 2, Есіл, Жарқайың аудандары мен Степногорск қаласында 1 жағдайы тіркелді. Егер сізді алда-жалда кене шағып, зақымдану белгілері пайда болса, міндетті түрде дәрігерге жүгініңіз.

Салтанат ДОСЕТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар