Жеңіс күні қарсаңында Көкшетау қаласындағы даңқты жерлесіміз Талғат Бигелдиновтың ескерткішінің жанында Әскерге шақырылушылар күні өтті.
Іс-шара екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, авиация генерал-майоры Талғат Жақыпбекұлы Бигелдиновтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою және батырды бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.
Аталған іс-шараның мақсаты жастардың және әскери қызметшілердің барлық санаттарының бойында патриоттық сананы, жалпы мәдениетті, жоғары моральдық-адамгершілік қасиеттерді, конституциялық және әскери борышына адалдықты, жоғары жауапкершілік пен тәртіпті қалыптастыру болып табылады. Қарулы Күштердің оң имиджін және әскери қызметтің беделін арттыру, сондай-ақ, жастарды әскери борышын орындауға ынталандыру да басты мақсат.
Болашақ жауынгерлерді шығарып салу рәсіміне қатысқан Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Алмаз Алин жиналған қауымды Отан қорғаушы күнімен құттықтап, жас сарбаздарымызға оң сапар, ата-аналарына сабыр мен шыдамдылық пен ұлдарының үйлеріне аман-есен оралуларына тілектестігін білдірді.
–Құрметті ардагерлер, ата-аналар! Бүгін ерекші күн, өйткені, біз Қарулы Күштер қатарына жастарды шығарып салудамыз. Елімізді қорғау – әр азаматтың борышы. Әрбір адамның Отан мен өз халқын қорғау қасиетті парыз болып саналады. Болашақ сарбаздар Отан алдындағы борыштарыңызды адал атқарып, нағыз ер азамат болып оралуларыңызға тілектеспін, – деді өз сөзінде Ақмола облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы Талғат Тұрабай.
Аталмыш іс-шарада Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың атынан өскелең ұрпақты әскери-патриоттық тәрбиелеуге елеулі үлес қосып келе жатқан азаматтарға Алғыс хаттар және 60 әскерге шақырылушыға сыйлық ретінде әскер жиынтықтары табыс етілді.
Салтанат БӘКІРОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.