«Қазақстан халқына» ҚҚ мен Ақмола облысының әкімдігі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға тұрғын үйлер салу туралы меморандумға қол қойды.
Қазақстан халқына» ҚҚ су тасқынынан зардап шеккен Ақмола облысының Бұланды және Жарқайың аудандарында 87 үй салып береді. Тұрғын үйлер Ақмола облысы әкімдігі ұсынған типтік жоба бойынша қордың қаржысына салынады. Меморандум барлық рәсімдердің ашықтығын және құрылыс жұмыстарының бүкіл көлемін құжаттамалық қамтамасыз етуді сақтай отырып, қысқа мерзімде қайырымдылық мақсатына жету үшін бірлескен тәсілдерді, тараптардың жауапкершілігін және функцияларды бөлуді анықтайды.
–Президенттің бастамасымен құрылған «Қазақстан халқына» қоры халықтың өзекті мәселелерін шешуге бағытталған. Бірлескен жобамыз тиімді жүзеге асып, күзге дейін жүзге жуық отбасы қоныс тойын тойлайтынына сенімдімін, – деді бұл ретте, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.
–Біздің мақсатымыз – табиғи апаттан зардап шеккен өңірлердегі 500-ден астам отбасыны жайлы баспанамен қамтамасыз ету, бұл үшін қаражат жинау мамыр айының соңына дейін ұзартылды, – деп толықтырды Қор басқармасы төрағасының орынбасары Ләззат Шыңқысбаева.
Жергілікті атқарушы органдар су басқан аймақтардағы залалды бағалауды және құрылысқа қажетті қорытындыларды дайындауды, оның ішінде болашақта су басу қаупі жоқ жерлерде жаңа үйлер үшін жер телімдерін бөлуді, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дайындауды қамтамасыз етеді.
Бұған дейін «Қазақстан халқына» ҚҚ Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының әкімдіктерімен тұрғын үйлер салу туралы меморандумдарға қол қойған болатын, су тасқынынан зардап шеккен басқа облыстардың әкімдіктерімен де осындай жұмыстар жүргізіліп жатыр.
8 сәуірде Қордың Қамқоршылық кеңесі төтенше жағдайдың салдарын жоюға 10 миллиард теңге бөлу туралы шешімді бекітті. Сонымен қатар, 1 сәуір мен 31 мамыр аралығындағы барлық түскен қаражат осы мақсаттарға жұмсалатын болады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.