Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық даму орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен Халық Қаhарманы Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығына орай, колледж студенттері арасында «Есімі халқына ұран болған» атты әскери-патриоттық сайыс өтті.
Аталған сайыстың мақсаты, өскелең ұрпақтың еліне деген сүйіспеншілігін ояту, жоғары патриоттық сананы, өз Отанына деген адалдық сезімін қалыптастыру мен жастардың дене даярлығын, спорттық шеберліктерін арттыру. Спорттық бәсекені облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Жандәулет Қылышбаев құттықтау сөзімен ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, сайысқа Ауған соғысының ардагері Жанатай Құсайынов, Көкшетау қаласындағы №1 арнайы мектеп-интернатының дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, запастағы лейтенант, қазылар алқасының төрағасы Қайрат Шамекешев, Абай атындағы дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Әсет Шоқаев, № 5 «Таңдау» мектеп-гимназиясының алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Игорь Квачадзе, Ақан Сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің директоры Саян Мұхамедияр, Ақмола облыстық «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Қойшин, облыстық жастар-ресурстық орталығының басшысы Дастан Ермеков және зиялы қауым, Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің өкілдері қатысты.
Сонымен бірге, 6 кезеңнен тұратын жарысқа Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің, Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжінің, «Арна» жоғары колледжінің, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің жанындағы көпсалалы колледжінің және жоғары техникалық колледждің студенттері қатысып, бақ сынасты. Сайыс барысында қатысушылар Калашников автоматын жартылай бөлшектеу және жинақтау, Дартс, белтемірде тартылу, жерден көтерілу, арқан тарту, нысана көздеу сияқты спорттық жаттығу түрлерінен өз ептілік, білектіліктерін көрсетті.
Қазылар алқасының шешімі бойынша жүлделі бірінші орынды Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі жеңіп алса, екінші орынға жоғары техникалық колледж, ал, үшінші орынға Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжі жайғасты. Сондай-ақ, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті жанындағы көпсалалы колледжі мен «Арна» Көкшетау жоғары колледжінің атынан қатысқан топтарға ынталандыру сыйлықтары тапсырылды. Бұндай ел жастарына үлгі-өнеге әрі рухани азық болар тағылымды іс-шаралар алда да өз жалғасын таппақшы.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажараның» өз тілшісі.