Бүгінгі таңда отбасындағы зорлық-зомбылық тақырыбы ең өзекті мәселелердің бірі. Оған себеп – қоғамда орын алып жатқан түрлі жағдайлар екені белгілі.
Отбасындағы әлімжеттік баланың психикалық дамуына, оның өмір бойы басқа адамдармен қарым-қатынасына да ықпал етеді. Көбінесе, әйелдер мен балалар тұрмыстық озбырлықтың құрбандары болып жатады. Отбасы – бұл қоғамның кішкентай бір бөлшегі. Отбасындағы зорлық-зомбылық құрбандарының көпшілігі – моральдық тұрғыдағы мінеуден қорқып, құқық қорғау органдарына шағымданудан бас тартатыны белгілі.
Қорғалжын аудандық полиция бөлімінің ресми мәліметіне сәйкес биылғы 2024 жылдың басынан бері отбасылық тұрмыс саласында 15 өтініш тіркелген. Оның 12-сі бойынша қазіргі таңда әкімшілік жауапкершілік баптары қарастырылып, қорғау нұсқамасы мен ерекше талап шығарылған.
Қорғалжын аудандық әкімдігі жанында қиын өмірлік жағдайға тап болған балалар мен отбасыларға психологиялық көмек көрсету кризистік орталығы жұмыс жасайды. Оның директоры Ақмола облыстық іскер әйелдер қауымдастығы, Қорғалжын аудандық филиалының төрайымы, Қорғалжын аудандық мәслихатының VIII шақырылым депутаты Райхан Алдабергенқызы Мұхамеджанова.
Аталған орталыққа шағыммен келетін әйелдер саны да көп. Олармен көбіне орталықтағы психолог маман жұмыс жасайды. Ақылмен, байыппен кеңес беру арқылы отбасы құндылықтарын сақтап қалуға тырысады. Өте күрделі жағдайларда орталық мамандары міндетті түрде тәртіп сақшыларына жүгінуге мәжбүр. Отбасындағы абьюзер полиция назарына іліккеннен кейін онымен профилактикалық шаралар жүргізіледі. Мысалға, былтыр А. есімді азаматша жеті баласын күйеуіне тастап, басқа ер адаммен Астана қаласына көңіл жарастырып кеткен. Бұл жерде арнайы мамандардың көмегі ең алдымен, отбасындағы қараусыз қалған балаларға керек болғаны айдан анық.
Тағы бір жағдай, аудан орталығындағы шаруа қожалықтарының бірінде жұмыс істеген М есімді әйел азаматша жұмыс беруші қожайынының күнде ұрып-соғуына байланысты полиция бөлімшесіне шағым түсірмек болған. Алайда, жұмыс беруші оны көндіріп, райынан қайтарып алады. Көп ұзамай ұрып-соғу фактілері тағы қайталанады. Аудан орталығында бос тұрған үйлердің бірінде жан тасалап барып, қиын өмірлік жағдайға тап болған балалар мен отбасыларға психологиялық көмек көрсететін кризистік орталық мамандарына телефон шалып, көмек сұрайды. Олар өз кезегінде бұл жағдай екінші мәрте қайталанғандықтан, тәртіп сақшыларына хабарлайды.
Осыдан бірнеше апта бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық озбырлықтың алдын алуды көздейтін жаңа заңға қол қойды. Қоғам арасында жан-жақты пікірталас тудырған бұл заң ең алдымен халық үшін қызмет етуі тиіс. Заңның ең бір ерекшеліктері, ол отбасы құндылықтарын сақтай отырып, шаңырақтың шырқын бұзбауға бағытталған тұстары. Енді заңдағы бірқатар өзгерістерге тоқталып, «бұрын қандай еді, қазір қалай өзгерді екен?» деген маңызды сұрақтарға жауап іздеп көрсек.
Мәселен, бұрын ұрып-соғу фактісі бойынша жазаға тарту процессі қазіргіден анағұрлым жеңілірек болғанын аңғаруға болады. Енді ұрып-соғужаңа заңға сәйкеснемесе отбасында әлімжеттік дерегі бойынша 200 айлық есептік көрсеткішке дейінгі айыппұл, 200 сағат қоғамдық жұмыстар немесе 50 тәулікке дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделіп отыр.
Отбасы әлімжеттігінде тағы бір жиі кездесетін жағдай – адамға қасақана жеңіл зиян келтіру, денеге жеңіл жарақат салу әрекеттері. Бұл фактілер бойынша да заң талаптары күшейтіліп отыр. Бұрын ол тек қана әкімшілік құқық бұзушылық немесе ұсақ бұзақылық санатындағы процесстер ретінде ғана қаралса, бұдан былай Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 108 бабының І тармағына сәйкес адамға қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін қылмыскерге 1000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі айыппұл, 600 сағатқа дейінгі қоғамдық-түзету жұмыстары немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазалары қарастырылған. Осы жағдай араға уақыт салып тағы қайталанатын болса, 20 тәулікке дереу бас бостандығынан айыру шарасы белгіленген.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері үшін жаза күшейтілгенін мынадан да байқауға болады. Бұдан былай өз отбасы мүшелеріне сыйламаушылық көрсетіп, былапыт сөздер айтып тиісу, қорлау, кемсіту, үй тұрмысындағы заттарды сындыру, бүлдіру және отбасы мүшелерінің тыныштығын бұзатын басқа да іс-әрекеттері үшін кінәлінің 5 тәулікке бостандығы шектетіледі. Отбасылық абьюзер баяғы әніне басып, бір жыл ішінде бұзақылығын тағы қайталайтын болса, 10 тәулікке қамауға алу шаралары көзделген. Бұзақының әрекеттік сипаты да біршама өзгерді. Бұл ретте «өз үйінде жасаған бұзақылық әрекеті» деген ұғым мүлде алынып тасталды. Енді кез-келген жерде жанжал шығарғаны үшін абьюзер қатаң жауапкершілікке тартылатын болады.
Бұдан шығатын қорытынды, қандай да бір әлімжеттік үшін қылмыстық жауапкершілік бар екенін қоғамның әрбір мүшесі жете түсінуі керек.
Шоқан ЗӘКАРИН,
Қорғалжын ауданы.