Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұлы дала мұрасы – Көкше төрінде - АРҚА АЖАРЫ

Ұлы дала мұрасы – Көкше төрінде

18 мамыр – Халықаралық музей күніне орай, киелі Түркістан қаласының «Ұлы дала елі» орталығының қорынан жинақталған «Ұлы дала мұрасы» жылжымалы көрмесі көрікті Көкшетауға жетіп, үш күн бойы Мәлік Ғабдуллин музейінде қазақ хандығынан сыр шертетін көне жәдігерлерді қала тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынды.

Көрменің ашылу салтанатына облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Тасын түртсе тарихы сайрайтын қазақ хандығының астанасы болған, шар тарапқа кеткен Ұлы Жібек жолының  орталығына айналған киелі Түркістаннан  ат терлетіп жеткен «Ұлы дала мұрасы» атты тарихи-танымдық көрменің ашылуында жоғарыда аталған екі мәдени ұйым арасында өзара тәжірибе алмасу, өңіраралық әріптестікті, рухани-мәдени шығармашылықты нығайту мақсатында екіжақты ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.

–Бүгін Көкшетауға бір жарым мың жылдан асатын тарихы бар қасиетті Түркістаннан жәдігерлері қазақ хандығы дәуіріне бойлататын үлкен көрме келіп жатыр. Бұл көрмеге біздің жастарымыз бен қала тұрғындары қызығып, ел тарихына құныға түседі деп ойлаймын, – дей келе, Ақмола облысының мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Баубекқызы облыс әкімі Марат Ахметжановтың атынан «Ұлы дала елі» орталығына зор алғыс білдіріп, шығармашылық табыс тіледі.

Өз кезегінде «Ұлы дала елі» орталығының ғылыми қызметкері Айжан Ибраимова жылжымалы көрмеде құнды артефактілерді насихаттау мақсатында қазақ хандарының алтын жіппен кестеленген мөрлері, жүзік мөрлері, Абылай ханның Ресей патшайымы Анна Иоановнаға жазған хаты секілді құнды жәдігерлерін әкеліп отырғандарын алға тартып, Айгүл Сәбитоваға орталық директоры Гүлжанат Дүйсенбаеваның атынан ықылас хатын тапсырды.

Көрменің мақсаты – киелі Түркістан мен көрікті Көкше өңірінің арасында рухани, мəдени жəне музейаралық қарым-қатынасты нығайту, ұлттық құндылықтарымыз бен халқымыздың тарихын таныту, музей қызметі және ондағы жауһар жәдігерлерді көкшетаулықтар мен қала қонақтарына кеңінен насихаттау.

«Ұлы дала мұрасы» атты тарихи-танымдық жылжымалы көрмені экскурсовод Қарашаш Иманбаева таныстырып, тарихи маңызы бар 30-ға жуық жәдігердің сыр-сипатын баяндады. Көрмедегі тарихи құнды жәдігерлердің бір парасы – тасқа қашалған, кірпішке күйдірілген, ағашқа ойылыпсақ, руна, араб, латын қаріптерінде жазылған хаттар. 1969 жылы Алматы облысының Есік обасынан табылған сақ жазбасы, қыз баланың жауынгерлік және әскербасы болғандығын айқындайтын көзтартарлық белгі де қойылыпты. Алтын орданың сақиналы мөрі, Көне түркі заманындағы мөр түрі, әр кезеңде билік жүргізген хандардың мөрлері, Қожа Ахмет Яссауидің мөрі де орналастырылыпты.

Шараға Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқытушылары, тарих ғылымдарының кандидаты Аманай Сейітқасымов, филология ғылымдарының докторы Аян Қажыбай, Ақмола облыстық тарихи өлкетану музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек, тіл жанашыры Қаратай Төлекеев қатысып, көрме туралы ой-пікірлерін білдірді. Олар өз сөзінде қазақ хандығы дәуірінде ерекше орын алған Түркістан мен Көкшетаудың ежелден келе жатқан тарихи, рухани-мәдени байланыстарына тоқталып, көрменің көрермен үшін маңызды екенін ерекше атап өтті.

Ш.Уәлиханов атындағы Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеттері, Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау қазақ педагогикалық колледжінің студенттері, Мәлік Ғабдуллин атындағы Көкшетау азаматтық қорғау академиясының тыңдаушылары мен қала қонақтары «Ұлы дала мұрасы» атты тағылымы мол көрмені үш күн бойы қызыға тамашалады.

   Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар