«Болашақ сарайында» шахматтан Сенаттың бірінші ашық кубогының іріктеу кезеңі өтті. Тартысты өткен жарысқа Ақмола облысының барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары қатысты.
Турнир Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының бастамасымен ұйымдастырылды және мәслихаттардың 30 жылдығына арналды. Ақмола облысының 16 ауданы мен 3 қаласынан облыстық, аудандық және қалалық мәслихат депутаттары, облыстық Қоғамдық кеңестердің мүшелері, БАҚ өкілдері, жалпы алғанда,100-ге жуық белсенді адам жарысқа қатысуға ниет білдірді. Жалпы, чемпионатқа республика бойынша үш мыңға жуық адам қатысты.
Турнирдің ашылу салтанатында Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов бейнеүндеудегі құттықтау сөзінде бұл өз ауқымында бұрын-соңды болмаған оқиға екенін атап өтті.
– Өзінің көп ғасырлық тарихында шахмат интеллектуалды үстел ойынының шеңберінен асып түсті. Бүгінгі таңда бұл ойыншылардан жоғары шоғырлануды, стратегиялық ойлауды, ойластырылған тактикалық әрекеттерді және әрине, үнемі жаттығуларды талап ететін толыққанды спорт түрі. Сіздердің осы тамаша ойынды және оның құндылықтарын танымал етушілердің қатарында екендеріңізге өте қуаныштымын. Осы бастаманы қолдағаны үшін Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевқа, турнирді ұйымдастыруға көмектескен Ақмола облысы әкімдігі мен барлық деңгейдегі мәслихаттарға алғыс айтамын. Мықтылар жеңіске жетсін! – деді өз сөзінде Тимур Турлов.
Жарыстың бас төрешісі Серік Темірбаев турнирдің жылдам шахматтан өткенін, бұл бақылаудың айтарлықтай қарқынды болғанын түсіндірді. Әр ойынға он минут, әр қозғалысқа қосымша бес секунд берілді. Бүкіл турнир бір күнге созылды.Жарыс жылдам шахматтың қарқынды ырғағында өтіп, жекпе-жектерге қосымша серпін мен қызулық қосты. Қатысушылар тек жеңіс үшін ғана емес, 64 ұяшықтағы стратегиялық ойында үздік атану үшін де күресті.
Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша жекелей сында үш жеңімпаз анықталды. Бірінші орынды көкшетаулық еңбек ардагері Тельман Мұқышев жеңіп алды. Екінші орынды Степногорскқалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі Рашид Ғалымжанов, үшінші орынды еңбек ардагері Сәкен Таңырқұлов иеленді. Жеңімпаздарға марапаттарды денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ардақ Төлендин табыс етті.
Сонымен қатар, номинациялар бойынша үздік ойыншылар марапатталды. Көкшетаулық Еркін Солтан «Қоғамдық кеңестің үздік ойыншысы» аталымы бойынша дипломмен марапатталды. «Үздік депутат» номинациясы бойынша Зеренді аудандық мәслихатының депутаты Нығмет Хасенов марапатталды. «60+» жас санаты бойынша диплом Уәлиден Ильясовқа берілді. БАҚ өкілдері арасынан Қосшықалалық «Жаңа бастау» газетінің веб-редакторы Әбу-Асқар Мекеш үздік ойыншы атанса, әйелдер арасында үздік шахматшы болып Жақсы ауданынан келген Күлжан Жаманқұлова танылды. Үміткерлерге дипломдарды «FreedomFinanceBank» акционерлік қоғамының Көкшетау қаласындағы филиалының директоры Асхат Торғауытов табыс етті.
Командалық біріншіліктің қорытындысы бойынша Ақмола облыстық мәслихатының өкілдері көш бастады. Олардан кейін Көкшетау қалалық мәслихатының депутаттары, үшінші болып Степногорск мәслихатының депутаттары орналасты.
Ақмола облысының 25 шахматшысы Павлодар қаласында өтетін жартылай финалға жолдама алды. Ал, Сенат ашық кубогының финалдық ойындары тамыз айында Астанада өтетін болады.
Жалпы, турнирді ұйымдастыруға дене шынықтыру және спорт, ішкі саясат, мәдениет, білім басқармалары және басқа да мемлекеттік органдар қолдау көрсетті. Қазақстан халықтық партиясының мүшесі Мереке Жүсіповтің айтуынша, соңғы турға дейін кімнің жеңімпаз болатыны белгісіз болған. Соңғы раундта жүлделер үшін тартысты жекпе-жек басталды.
– Шахмат – бұл ойын ғана емес, аналитикалық, стратегиялық ойлауды және маңызды шешімдер қабылдау қабілетін дамытудың бірегей тәсілі. Бұл турнирге қатысу маған өзімді сынауға және лайықты қарсыластардың ортасында ойнаудан ләззат алуға мүмкіндік берді. Бұл болашақта да қайталанатын керемет тәжірибе болды, – деп атап өтті Мереке Жүсіпов.
Қорытындылай келе, депутаттар арасындағы шахмат жарыстары тек шахмат тақтасында өз күшін сынау ғана емес, сонымен қатар, түрлі деңгейдегі билік өкілдерінің өзара тәжірибе алмасу, достық байланысын нығайту мүмкіндігіне айналғандығын атап өту керек. Мұндай іс-шаралар табысты қоғам құру үшін маңызды болып табылатын психологиялық қасиеттерді дамытуға және ұжымдық рухты қалыптастыруға ықпал етеді.
Болашақта мұндай іс-шараларды көптеп өткізудің арқасында шахмат спорты еліміздегі жетекші спорт түрлерінің біріне айналатыны сөзсіз. Бұл сондай-ақ, жас буын үшін өте қуантарлық жағдай деп айтқымыз келеді.
Себебі, бүгінгі таңда оларға осы спортта әлемнің түкпір-түкпірінде үлкен жетістіктерге жеткен, сондай-ақ, шахмат бойынша Қазақстанды бүкіл әлемге танытқан және шахмат спортының дамуына елеулі үлес қосқан Бибісара Асаубаева, Жансая Әбдімәлік, Динара Сәдуақасова сияқты тағы басқа спортшыларымыз үлгі танытуда. Ал, ел халқының өз кезегінде олардың әлеуетіне сеніп, қолдау көрсеткендері маңызды.
Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.