Облыс әкімі Марат Ахметжанов облыс активіне жаңа прокурорды таныстырды.
Қазақстан Республикасының Президентімен келісім бойынша еліміздің Бас Прокурорының бұйрығымен аға әділет кеңесшісі Руфат Құттықов Ақмола облысының прокуроры болып тағайындалды.
Өңір басшысы Марат Ахметжанов өз кезегінде прокуратура органдарының қоғам өміріндегі маңызды рөлін атап өтті.
– Жаңа басшы құқықтық тәртіпті нығайтуға өз үлесін қосады. Өңірде қоғамдық өмірдің барлық салаларында заңдылықты қамтамасыз ету және қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау бойынша үлкен бірлескен жұмыс күтіп тұр, – деді облыс әкімі.
Руфат Құттықов еңбек жолын прокуратура органдарында 2000 жылы Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы прокурорының көмекшісі қызметінен бастаған.
Әр жылдары ол Ақтөбе облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры, Жамбыл облысы Жамбыл ауданының прокуроры, Атырау облысы Атырау қаласының прокуроры, Қарағанды облысы прокурорының бірінші орынбасары және Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өтініштермен жұмыс және іс жүргізу департаментінің бастығы сияқты жауапты лауазымдарды атқарған.
Жаңа лауазымға тағайындалғанға дейін Руфат Құттықов Маңғыстау облысының прокуроры болып қызмет істеген.
Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.