Бүгін – Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың туғанына – 100 жыл
Таяуда Президентіміз Қ.К.Тоқаевтың үш дәрежелі «Айбын» орденіне еліміздің үш қаһарман ұлы С.Нұрмағамбетов, Б.Момышұлы және Берлин қаласындағы Рейхстагқа жеңіс туын алғаш тіккен Р.Қошқарбаевтың есімдерін беруге лайықты деп тапқан шешімін зор қуанышпен қарсы алып, қазақы ғұрпымызбен жанашыр жақындарымыздан сүйінші сұрастық.
Кеңестік саясат дәуірінде осы нағыз қаһарман перзенттеріміздің әрқайсысы қазақ деген ұлттан шыққандығы үшін ғана қиянат шеккендігін бұл күндері бүркемелеп, жасырмай ашық айтуымызға болар. Бұған, бәлкім, әркім әртүрлі қарар, жарайды, екі батырымыздың, Б.Момышұлы мен Р.Қошқарбаевтың қиянат шеккендігі анық, өйткені, олар дер кезінде, нағыз бағаланар уақытында бағаланбай, Кеңестер Одағының Батыры атағына ие бола алмай, тәуелсіз еліміз тұсында ғана, мезгілінен көп кешіктіріліп бағаланғанын білеміз. Ал, С.Нұрмағамбетов Одақ кезінде де зор бағасын алып еді ғой деп кей оқырман бұл сөзіммен келіспеуі де мүмкін. Бірақ, міне, мамыр айының 25 жұлдызында ғасырлық мәртебелі жасына толғалы отырған ардагер ағамыздың өмір жолдарымен таныса келгенде, бұл кісіге де солақай саясаттың кесірі тигенін аңғарып қалдық. Біраз деректерден, С.Нұрмағамбетовтың алғашқы батырлыққа ұсынылуы даусыз мойындалғаны, ал, оның екінші, одақ елдерін, Польшаны жаудан тазартудағы белсенді ерлік істері және ең бастысы, Берлинді алудағы аса маңызды шешуші шайқастарда командирлік ұйымдастырушылығы мен ерліктері айқын танылып, өзінен жоғары командирлері оған екінші батыр атағын беруге лайықты деп тапқанда, жоғарғы жақ үзілді-кесілді «болмайды!» деп жауап берген. Енді ғана біліп отырғанымыздай, жоғарғы жақ майдангерлердің батырлық қимыл іс-әрекеттерінен гөрі, ұлтына қарап, екшеп, сұрыптайтын болған. Нақты айтар болсақ, Б.Момышұлы мен Р.Қошқарбаевтың батыр атағын иеленуіне кедергіұлты қазақ болғандығы басты себеп болса, (ол уақыттарда, әрине, бұл ашық айтылмаған), Сағадат Нұрмағамбетовке де өз командирлері дәлелді түрде ұсыныс түсірсе де, қазақ жігітінің екінші батырлық иеленуін жоғарғы жақ артық көрген. Сірә, жиырма бір жасында жасындай жарқылдап көзге түскен қазақ батырының тез өсіп, абыройға бөлене беруі әлдекімдердің тынышын алғанға ұқсайды. Өзге ұлт өкілдерінің «ұлы» орыс халқының алдына түсіп кете бермеуі тиістігі қатты ескеріліп отырғанын біз осы күні жақсы аңғарып отырмыз. Әйтпесе, батыр атағын екі рет алмақ түгілі, үш рет иеленген батырлар аз болмаған. Бірақ, дәл осы мәселеге келгенде, қазақ батырларының жолы бола бермегені жасырын емес.
Қазақтың жауынгер ұлдарының батыл, ержүректігін жақсы пайдаланып, үнемі ең қауіпті, аса жауапты нүктелерге жұмсап отырған кеңестік басшылар, әскер қимылдарын басқарушы маршалдар, оларға лайықты атақ беруге келгенде іштарлық танытып отырған. Ал солар, «өзім дегенде өгіз қара күшім бар» демекші, өз ұлдарына келгенде, еш аянып қалмай, жомарттық жасап келгені белгілі. Оның бір жарқын мысалы ретінде, біздің балалық, жастық күндерімізде мемлекет басқарған Л.И.Брежневті айтуға болар Осы кісінің омырауын түгел жауып кеткен орден-медальдері адам түгілі, атан түйеге жүк болар еді-ау! Осы жомарттық марапаттаулардың жартысының жартысын, яки, ширегін иеленген бір қазақ ұланы бар ма екен? Қазір еске алудың өзі күлкілі, қолында билігі тұрғанда мүмкін болған атақтың ешқайсысынан бас тартпаған осындай басшылар «ұлы» орыс жұртының ғана емес, мемлекеттік идеал – үлгі-өнеге ретінде танылған, қазақтың «қолыңнан келсе, қонышынан бас!» дейтіні осындайдан шыққан ғой! Осындай империялық менмендік қазақтың батыр ұландарын өзіне лайықты атақтары мен тиесілі несібелерінен қаға бергендігін бүгінгі ұрпақ білгендігі дұрыс.
Тарихымыздың осындай көлеңкелі, қиянатты тұстарын ұрпаққа сабақ ретінде ашық көрсетіп, танытып отырғанымызды жөн көремін.
Осы мақаланы жазуға материалдар ақтарып, үңіле отырсам, Сағадат Нұрмағамбетовтың ғасырға жуықтаған өмірі басынан аяғына дейін ерліктер мен азаматтық істерге толы болған екен. Мен осындай тағылымды өмір жолдары тіпті, үкіметтік марапаттаулар мен иеленген атақ-мансаптардан әлдеқайда биік тұратындығына анық көз жеткізгендей болдым. Ең бастысы, ол кісіні халқы сүйіп, бағалады, алақанына салып құрметтеді, осыдан артық қандай абырой болуы мүмкін?!
Сағадат Нұрмағамбетов қатардағы жауынгерден тәуелсіз еліміздің армия генералы дәрежесіне дейін көтерілген әскери адам. Және сонымен бірге, ол тәуелсіз еліміздің тұңғыш Халық Қаһарманы атағын иеленді, тұңғыш Қорғаныс министрі болды. Әрине, мұны біз тәуелсіздіктің арқасында орнаған әділеттіліктің салтанат құруы деп ұғамыз. Олай дейтініміз, бұрынғы кеңестік одақ өмір сүруін жалғастырған болса, осы секілді әділеттілікке қол жеткізе алар ма едік, алмас па едік?!
Ел тарихымен өлшеп, салыстыра зерделейтін болсақ, соңғы демі біткенше аттарынан түспей, халқын жаудан қорғаған Қаракерей Қабанбай, Бөгенбай қолбасшы батыр бабаларымыз секілді, тұғырынан түспей өткен нағыз қаһарман ұланымыз. Яғни, оның барша өмірі халқына қызмет етумен өткен, әуелі қаһармандық ерлігімен Отанын қорғаған қатардағы жауынгер бірте-бірте әскери атақтардың бірінен соң біріне қол жеткізіп, жеңіс сағаты соққанда батальон командирі ретінде соғысты аяқтайды. Ал бейбіт заманда тәуелсіз өкіметіміз бен халқымыз Сағадаттай қаһарман ұланына елдің қорғанысын басқаруды сеніп тапсырған.
Осыншама ұлы қаһармандық жолдардан өткен айбынды перзентіміздің өмір жолдарына үңіліп отырғанда, ол алған ұлағатты сонау өмірге келген сәби шағынан танып, болжадық. Бір көзіміз жеткені, ол өнегені бақытты балалық шағынан алмаған, керісінше, оған ұлағат болған бақытсыз балалығы деуіміз керек шығар. Олай дейтініміз, Сағадат Қожахметұлы өмірдің ащы дәмін дүниеге келмей жатып, сәби шағында татқан. Халық Қаһарманының бастау алар бұлағына, ұшқан ұясының тарихи негізіне үңілсек, ұлағатты ерлік жолдарының сыры жайылып сала береді.
Мен 2017 жылы қызмет бабымен Көкшетау қаласына қоныс аударып, облыстық сот төрағасы қызметіне кіріскен уақытта ұлым Досханның шаңырағында атұстар дүниеге келіп, шексіз қуанышқа бөлендім. Мұны жақсы ырымға балап, Ақмола топырағының тумасы, қазақтың қаһарман перзенті Сағадат Нұрмағамбетовтың құрметіне немереме есімін бердім. Әрине, Көкше айналасында тарихи ұлы есімдер жеткілікті, бірақ, неге екенін білмеймін, осы есімге көбірек аңсарым ауып тұрды. Сөйтіп, жүрек үніне құлақ асып, Сағадат аталған немереме, міне, қаһарман ұлы атасының жасы мен абыройлы жолын берсін деймін.
Көкшетауға әрлі-берлі жол жүргенде, Ақкөл елді мекенін басып өткен сайын толқимын. Өйткені, мұнда Қосым деген ауылда болашақ Халық Қаһарманы жарық дүние есігін ашқан. Жалпы, үлкен азаматтық, тұлғалық деңгейге көтерілу сыры, себебі мен салдары ұшқан ұясының ұлағатынан бастау аларын дәлелдеп жатудың өзі артық. Оның дүниеге келмей жатып, тағдырдың ащы дәмін татқандығы туралы кездейсоқ сөз қылып отырғанымыз жоқ. Дүние есігін ашуға бірер ай ғана қалғанда әкесі өмірден өткен. Ал, ер бала үшін әкенің орны қандай болар еді?! Демек, Алаш ұланы дүниеге келмей жатып, өзінің ең басты тірегінен айрылыпты. Сағадат Қожахметұлын осыдан кейін де тағдыр маңдайынан сипай бермей, бірінен-бірі өткен ауыр сынақтарға сала беріпті. Шешелері Айсаның аналық махаббаты әкелерінің жоқтығын сездірмей, ағасы Сағит екеуі өсіп жатады. Бірақ, отбасындағы әкесіз өскен ауыртпалық өз алдына, олардың онсыз да жаралы балалық шақтары елімізде кеңінен өріс алып, етек жайған ашаршылықпен тұспа-тұс келеді. Үнемі жетіспеушілік, жоқшылық кімді болсын титықтатпай ма, екі баласының ауыртпалық салмағы бір өзіне қарап қалған Айса анамыз, ақыры, атышулы 1932 жылдың аштығында дүниеден өтіпті. Тұлдыр жетім қалған екі бала ендігі күндерінде бір-біріне сүйеу болып, септесіп күн көргеннен басқа шаралары қалмаған. «Жетім қозы тасбауыр, маңырар да отығар» демекші, екеуі де еттері тірі, талапты болып өседі, мектепте үздік оқиды. Замандастары Сағадаттың тарих пен география пәндеріне үздік болғанын, әлем картасынан кез-келген жерді көзін жұмып қойып, көрсете алғанын сүйсіне әңгімелейді екен. Болашақта сол пәндердің мұғалімі болуды армандаған.
Әке мен ана махаббатына мейірі қанбаған Сағадат өзінің ағасы Сағитті өте жақсы көріп, тірек тұтып өскені туралы кейінірек өз естеліктеріне үнемі кіргізіп, айрықша сүйіспеншілікпен еске алып отырған: «Ағам шымыр денелі, жұдырығы тоқпақтай, анама ұқсайтын қой көзді еді» деп жазады. Осы азғана сөздердің өзінде оның жалғыз қамқор ағасын қаншалықты жақсы көріп, құрмет тұтқаны айқын танылып тұрғандай. Осы өмірлерінің өзіне шүкіршілік айтар ма еді, бірақ, бұларды әлі де алдарынан ауыр сынақтар күтіп тұр екен. Сағит ағасы Сағадат інісіне әрі әке, әрі шеше болып, қамқор болса, әрі бір-біріне демеу болып, былай қарағанда, сол кезде оның өзі де бала, бірдеңе қылып, селбесіп, күнкөріс жасап, жүріп жатқанда, жылжып 1941 жыл да келіп жетеді. Көп ұзамай, соғыс өрті бұрқ ете қалғанда, қатал саясат бұлардың жетім жағдайымен санаспаған, Сағит бірден қан майданға аттанған. Көп ұзамай, Новгород қаласы түбіндегі ұрыста қаза тапқандығы туралы қара қағаз келген. Сағадат ағамыз осылайша соңғы медет тұтар қымбат жақынынан айрылған. Бірінен кейін бірі жеделқабыл жетіп, оның балаң шағынан-ақ орын алып отырған осыншалық ауыр тағдыр соққыларына адамзат баласының қандайы төзіп, сынбай қарсы тұра алар еді. Замана ауыртпалығын былай қойғанда, осы үш өлімнің әрқайсысы, жеке бір өзі кез-келген адам баласын морт сындырып, жүнжітіп жіберуге жететін, жарасы жазылмас, орыны ешқашан толмайтын ауыр қайғы болатынын салмақтап, ой жүгіртіп көріңіз. Мұндай зілбатпан сынаққа адамның-адамы, темір жүйкелі жан ғана қарсы тұра алар деп пайымдаймыз. Бір шаңырақтың астында шошайып жалғыз қалған жас баланың осыншама қайғыны көтере алуының өзі мүмкін еместей. Осы кездерде Сағадат ағамыз жеткіншек бозбала, өз ауылында есепші, клуб меңгерушісі болып еңбек етіпті.
Бір ғажабы сол, тағдырының осындай сұрапыл соққылы сынақтары оны бордай тоздырмаған, олкерісінше өзін-өзі қайрап, жігерлендіріп, алға ұмтылып отырған, сол өзіне ең қымбат жандардың аруақтарының алдында өзін борышкер сезінген. Біздің пайымдауымызша, қаһармандық қасиет оған сүйегімен бірге біткенге ұқсайды. Осындай қаһармандық жаратылыс өмір сынақтары арқылы шыңдала беріп, Сағадат Қожахметұлын биік шыңдарға жетелеп, өрге көтеріп алып шыққандай. Кейінірек, өмірінің ең биік белестеріне көтерілгенде: «Әттең, осы жетістіктеріме ата-анам мен ағам Сағит куә бола алмады!» деп жалғыз ғана өкінішін білдірген. Сәл асығып кеттік, бұған дейін, әрине, оның алдында бірталай белес баспалдақтары күтіп жатыр еді.
Соғыс басталып кеткенде, ол әлі бозбала, әуелі Түркіменстанда пулеметшілер дайындайтын училищеге түсіп, бітіріп, майданға келесі жылы кірген. Кейіпкеріміздің жауынгерлік жорық жолдарын, ерліктері туралы түгел жіпке тізбей-ақ қоялық, бұл туралы талай жазылғандығы белгілі.
Біз жазушы-журналист Мұса Дінішевтің «Сталинградты қорғаған қазақтар» жинағынан ол туралы тараудан оның батырлық тұлғасын тапқандай болдық. «…Дивизия, полк штабтарында С.Нұрмағамбетовтың атын жиі-жиі айтып, ол туралы құрметпен сөйлеп отырып еді. Сондықтан да болар, мен оны отыз-қырыққа келіп қалған денелі шойындай қара қазақ шығар деп келгенмін. Келсем, Сағадатым екі көзі қап-қара, қыз сияқты әп-әсем бала жігіт екен…
Ол 1942 жылдың, соғыстың ауыр кезеңдерінің бірінде Совет Армиясы қатарына қосылады. Сағадат Қожахметұлы Отан соғысы майдандарында екі жыл бойы пулеметшілер ротасының командирі болып жауға қарсы күрескен. Ол Донбасты, Днепрдің екі бетін фашист басқыншыларынан тазарту ұрыстарына, атышулы Яссы-Кишинев операциясына қатынасты. Сағадат омырауындағы Қызыл Жұлдыз ордені және Отан соғысының екінші дәрежелі ордені сол ұрыстарда көрсеткен ерліктері мен ұрыстарды шеберлікпен жүргізе білгендігінің белгісі…
Нұрмағамбетовтың батальоны алдына қойған міндетін абыроймен орындады: жаудың едәуір мол күштерінің назарын өзіне аударып, көрші бөлімдердің жағдайын жеңілдетті. Көп кешікпей, бүкіл дивизия алдындағы алапта немістердің барлық бекіністерін талқандау әрекеті басталды. Дұшпан бекіністері бүкіл майдан бойынша көбесі сөгіліп, солқылдай бастады. Берлин алдындағы бір жауапты операция осылай өтті…»
Бұл жолдардың авторы Сағадат Нұрмағамбетовпен майдан даласында тікелей танысып, батырлық ерліктері мен командирлік ұйымдастырушылық қабілетін өз көзімен көріп, куә болған жауынгер-журналист М.Дінішев болғандықтан, жанды оқиғалар ретінде елестете аламыз. Әрі бұл жолдардан оның қаһармандық атақты төбеден түскендей бірден иеленбей, қаруластарының куә болуымен сатылап, табиғи қасиеттерін ұрыстар үстінде дамыта отырып жеткенін аңдаймыз. Автор өз кейіпкерінің жауынгерлік жолдарына куә бола жүріп, ара-тұра оның майдандас серіктерін де әңгімеге тартып, не болмаса, олардың аузынан қазақ командирі туралы ойларын жазып алып отырған және оларды өз кітаптарында шебер пайдаланған. Оған сондай естеліктерді Сағадаттың жауынгер жолдасы М.Куличенко деген берген екен, оның естелігі өз командирінің барша қасиеттерін, адамгершілігі мен ерлігін, ұйымдастырушылығын қоса қамтып, аз сөзге сыйдырғандай екен: «Мен капитан Нұрмағамбетовтің қарамағында екі жыл соғыстым. Ол біздің пулеметчиктер ротасының командирі еді, жуырда ғана батальон командирі болып жоғарылатылды. Бұл өте дұрыс шешім болатын, оның қолынан келетініне бәріміз сендік. Сол екі жылдың ішінде біз оның басқаруымен талай ұрыстарды бастан кештік, одан көп үйрендік. Капитанымыз асқан ер жігіт. Тіпті, қорқуды білмейді.
Бірде Гитлердің таңдаулы әскери тобының шабуылына тап болдық. Жаудың басымдығы қатты білінді. Қолымыздан келгенше қарсыласып жатырмыз. Пулеметтен оқ жаудырып жатсам, әлдекім иығымнан түртеді, сөйтсем, командиріміз Нұрмағамбетов екен, пулеметіңді маған бер деп тұр екен. Содан пулеметті қолына ала салып, жауды баудай түсіре бастады, біз екі-үш солдат оқтардың тізбектелген ленталарын әзірлеп, зорға үлгеріп тұрдық. Оның осындай командирмін деп, бұйрық берумен ғана тұрмай, шешуші сәттерде, жауапкершілікті өз мойнына алып, басым жаудың бетін қайтарып, таразының басын ілезде өз жағымызға қарай аударып жіберетін көзсіз шешімталдығы болушы еді. Мұндай ұрыс біздің толық басымдық көрсеткен жеңісімізбен аяқталатын…».
Әрі қарай М.Куличенко өз командирлерін аса жақсы көріп, құрметпен «әке» деп атағандары туралы, оның тек ұрыс үстінде ғана өздеріне көңіл бөлмей, мейлінше қамқор, жанашыр болып, жағдайларын жасап отырғандығы, аш қалмауларына, киімдерінің бүтіндігіне, паналайтын блиндаждарының жайлы, жылылығына, ыңғайлы болуына дейін мән беретін кісілік қасиеттерін сүйсіне әңгімелейді.
Осы арада, бір мәселеге айрықша көңіл бөлгіміз келеді. Кеңестер Одағы көп ұлтты мемлекет болғандықтан, осы аса жауапты Отан қорғау соғысында әр ұлттың өзіндік ерекшелік қасиеттері қатты ескерілгендігі анық. Бұра тартушылығымыз емес, басы ашық айқын мәселе, қазақ жауынгерлеріне абырой-атақ беруге келгенде іштарлық жасаған саясат, бірақ, оларды ең «ыстық нүктелерге», яғни, аса жауапты ұрыс аймақтарына жұмсап отырған. Мысалы, ел астанасы –Мәскеуді бірден бағындырып, басып алуды көздеген жау негізгі күшті осы араға төккенде, оны қорғаушы күш негізінен Қазақстаннан аттанған майдангерлер болғандығы белгілі. Астананы ерлікпен қорғаған жиырма сегіз панфиловшыларды еске алыңыз. А.Бектің «Волоколам тас жолы» («Волоколамское шоссе») кітабында жан-жақты баяндалған Б.Момышұлы жетекшілік еткен жауынгерлердің Мәскеу түбіндегі жүргізген жанқиярлық қаһармандық ерліктерін еске түсіріңіз. Сондай-ақ, міне, аса маңызды саналған шешуші шайқас Германияның «жүрегі» – Берлинді алу операциясында да қазақтан шыққан С.Нұрмағамбетов сияқты қайсар, білікті командирлер мен Р.Қошқарбаев сияқты ержүрек қазақ жауынгерлері алдыңғы шептерде атой салып жүргендігін баса айтып, көрсетіп отыруымыз қажет деп білемін. Менменшіл, солақай саясат бағалап, тануға құлық танытпағанымен, мұны ұрпағымыз біле бергендігі дұрыс.
Ал, Сағадат Қожахметұлының батыр атануы нақ осы шешуші айқастар тұсында, Берлинге беттеген жеңімпаз армияның құрамында белсенді ұрыс жүргізуімен тікелей байланысты екендігін мақтанышпен айтамыз.
Әрине, қас батырларымызды өз ішімізде мақтаныш тұтпай тұра алмаспыз, ол заңдылық болып қабылданар болса, тағы да сол орыс халқы өкілдерінің өзіне сөз беріп, оның батыр атанған оқиғасына куәландыра, солардың аузынан ой өрбітейік: «…Ержүрек жауынгер, білгір командир Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов Берлин қақпасы алдындағы осынау ұрыстарда көрсеткен ерлігі үшін Совет Одағының Батыры атағын алды және Ленин орденімен наградталды.
Аға сержант Г.Федорченко: «Капитан Нұрмағамбетовке Совет Одағының Батыры атағы берілді» деген хабар келгенде рота, батальонның әрбір солдаты бұл атақ өздеріне берілгендей қуанды. Командиріміз жасы жас болғанымен, ақылды, алғыр, қайратты жігіт болды. Оның абырой-беделінің арқасында жоғарыдағылардың назары бізге көбірек түсіп, ендігі жерде біздің солдаттар жиілетіп, орден-медальдерге ие бола бастады, жайлы жағдай да жасала бастады. Біз «Қай ротадансың?» деген сұраққа «Нұрмағамбетов ротасынанмын!» дегенді мақтана айтатын болдық.»
Міне, көріп отырғанымыздай, Сағадат Қожахметұлының батырлығы көпұлтты жауынгерлер құрамының жаппай ортақ мойындалуымен ерекшеленіп отырған. Оны екінші рет батырлыққа ұсынған әрекет те осылайша жаппай қолдаушылыққа ие болғанына қарамастан, жоғары ставка басқаша шешім қабылдаған.
Жап-жас бозбала шағынан қан майданға араласып, абыройлы белестер бағындырып отырған Сағадат Қожахметұлы сол кезеңдерге куә болушылардың айтуы бойынша ешқашан асқақтап, көкірегін қақпай, қарапайым қалпынан еш өзгермеген екен. Кейін бейбіт замандарда да Мәскеуде М.В.Фрунзе атындағы әскери академияны тәмамдап, әскери үлкен лауазымды атақтарға бірінен кейін біріне қол жеткізіп, ақыр аяғы, 1992 жылы Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі болып тағайындалғанда да табиғатына берген сыпайы мінезбен қалғандығын замандастары, әріптес інілері таңдана әңгімелеген. Тағы бір Қаһарман батырымыз Бауыржан Момышұлы, сөзі жерде қалмайтын аузы дуалы адам, майдандас інісінің мінезіне сүйсініп оған: «сыпайы генерал» деп ат берген екен.
Осы әдемі теңеу себепкер болды ма екен, кім білсін, Сағадат Қожахметұлының шәкірті, кейінгі Мәжіліс депутаты Абай Тасболатов өз ұстазына арнап жазған кітабын «Сыпайы генерал, шын сардар» деп атапты. Өз еңбегінде ол ұстазының асыл қасиеттерін аша келіп, Алматыда әскери училище ашуға мұрындық болғанын, сонда өзіне сол оқу орнына басшылық етуді сеніп тапсыра тұрып: «Жас жігіттерді өсіресің, және қазақ балаларын қабылдайсың!» деп қатаң аманаттағандығы туралы әңгімелейді.
Біз бұл айрықша аманат сырын да өзімізше: «сол қатал майдан даласынан көңіліне түйіп, көп жерде тиесілі несібелерінен қағыла беретін қазақ жастарын өсіруге қолымнан келсе ықпал етермін!» деп өзді-өзіне серт бергені болар» деп топшылаймыз. Иә, бұл нағыз қас батырлыққа тән халқына деген махаббат, өзгеше ұлтжандылықтың жарқырап танылар сипаты деуіміз керек шығар.
«Айбынды» атақ-марапатқа лайықты Қаһармандық ерлік ешқашан өшпейді. Сағадат Қожахметұлының жұлдыздай жарқыраған тағдыр жолдары ұрпағымызға мәңгілік өнеге!
Досжан ӘМІР,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы.