Тарихы сонау 1964 жылдан бастау алатын орталық қалалық үлгілі балалар және жасөспірімдер кітапханасы Көкшетау қаласы бойынша ең үздік кітапханалардың бірі.
1998 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін кітапхана «Экология және балалар» бағдарламасы бойынша жұмыс жасап келеді. Оның басты мақсаты кітапхананың ақпараттық мүмкіндіктерін жан-жақты пайдалану арқылы өскелең ұрпаққа экологиялық қызмет көрсету жолында заман талабының өзгеруіне байланысты жас оқырманның ең өзекті дейтін мәлелені талдап-талғап ала білуіне, озық тәжірибелерді зерттеу мен іс жүзінде жүзеге асыруына жағдай туғызу болып табылады.Қазіргі таңда кітапхана кішкентай балалардан бастап, жасөспірімдер мен ересек адамдар қажет ететін материалдарментолыққамтылып, құнды ресурстарды пайдалануға мүмкіндік алуда. Маусым сайын жинақтар, топтамалар, журналдар мен кітаптар жаңартылады. Бірақ, кітапхана осымен ғана шектелмей, жыл сайын балалар мен мектеп оқушыларының білімге деген құштарлығын одан сайын арттыру үшін оларға арнап түрлі жарыстар, кездесулер, клубтар мен жобалар ұйымдастырады.
Ендігі кезекте, осы аталып өтілген іс-шараларға қысқаша шолу жасап кетейік. Көпшіліктің ерекше назарына ие бола білген жобалардың бірі – өткен жылдың наурыз айының 31 жұлдызында ашылған «Қуаныш сыйлау бір бақыт» атты жоба. Бұл жобаның алға қояр мұраты – мүмкіндігі шектеулі балаларға ой-өрістерін кеңейтіп, қызығушылықтарын өмірде танытуға көмектесу. Бұдан басқа, бірнеше тіл үйренуге бағытталған «Тілашар» клубы мүшелерінің қатысуымен «1001 мақал, 1001 жұмбақ» атты жарыс ұйымдастырылды. Ал, экология тақырыбына кішкентай балаларды қоршаған ортаны аялауды насихаттайтын «Жасыл үйге қамқор бол!» атты ұраны бар «Муравейник» клубы ашылды. Жаз айларында да кітапхана оқушыларды қызықтыруды мақсат етіп отырған жұмыстарын тоқтатпайды. Мысалға, өткен жылдың маусым, шілде айларында балалармен Халықаралық кітап күніне орай, «Кітапты сүйіп оқы, көңілге түйіп оқы» тақырыбында аспан астындағы кітапхана, оған қоса, «Саябақта кітап оқимыз» атты библиопикниктер ұйымдастырылды.
Өткен жылдың сәуір айында «Арқа ажары» газетінің бас редакторы, ақын Қайырбай Төреғожамен және жас қаламгер Томирис Саматовамен, қараша айында балалар жазушысы Наталья Яковлевамен кездесулер өткізілді. Жыл сайын әдебиет пен өнер саласында із қалдырып, елге біраз еңбегін сіңірген тұрғалардың мерейтойларына арналып іс-шаралар өткізіледі. Бүгінгі таңда да кітапхананың іске асырар жобалары молынан. Мысалы, дәл қазіргі кезде «Көкшетау менің сүйікті қалам» сурет байқауы өткізілуде. Алдағы уақытта «Менің сүйікті жазушым» бенефисі, «Ешқашан батырмын деп жар салмаған…» тақырыбында Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, жерлесіміз С.Қ.Нұрмағамбетовтың 100 жылдығына арналғанерлік сағаты сияқты іс-шараларды өткізу жоспарда бар. Күні бүгін кітапхана жоғары оқу орындарымен, жалпы білім беретін орта мектептермен, музейлермен, Көкшетау қаласының жастар ресурсы және салауатты өмір салтын қалыптастыру сияқты орталықтармен, тағы басқа ұйымдармен ынтымақтаса жұмыс істеуде.
Көріп отырғанымыздай, кітапхана тек кітап ресурсын қамтып қана қоймай, жан-жақты дамуды көздейді. Жастар өздеріне темірқазық бола алатын іс-шаралардың куәгері болып, тәжірибесі мол тұлғалар, ұстаздармен әңгімелесіп, ой-өрісін дамытып, дүние-танымын кеңейтуде. Бос уақыттарын пайдалы әрі ерекше форматта өткізуге мүмкіндіктері бар. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ретінде, елімізде осы сынды кітапханалар мен ұйымдар көбірек ашылса, өсіп келе жатқан жас буын сауатты буын болатыны анық деп айта аламыз.
Сабина ТАСБОЛАТ,
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика және
саясаттану факультетінің 2 курс студенті.
Көкшетау қаласы.