Ақмола облысында орман қорының аумағы 1 миллион гектардан асады. Бұл еліміздегі ең үлкен массивтердің бірі.
Осы орайда, орман және дала өртінің алдын алуға баса назар аударылуда.
Ақмола облысына қарасты Сандықтау ауданындағы Маралды орман шаруашылығы аумағында «Өрт-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу өткізілді. Шараға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Төтенше жағдайлар вице-министрі Ерлан Нұрпейісов пен Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Андрей Ким қатысты.
Тактикалық оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – азаматтық қорғаудың аумақтық кіші жүйесінің басқару органдарының, күштері мен құралдарының табиғи өрттер кезінде әрекет етуге әзірлік деңгейін арттыру және жергілікті мемлекеттік органдар мен аумақтық мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын тәжірибе жүзінде өткізу.
Аталмыш шара 10 арнайы өрт сөндіру көліктерінің, баспалдақтар және басқа да техникалардың кілттерін табыс етумен басталды. Күштер мен құралдардың дайындығы да тексерілді.
Жиында орман өртін сөндіру, тұрғындарды эвакуациялау және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу бойынша іс-әрекеттер көрсетілді.Барлығы 100-ге жуық техника, төтенше жағдайлар қызметкерлерінен, жергілікті атқарушы органдардан және орман шаруашылығынан 300-ден астам адам сондай-ақ, «Қазавиалесохрана» және «Қазавиақұтқару» тікұшақтары жұмылдырылды.
Оқу-жаттығу жиынынан кейін азаматтық қорғау қызметкерлерімен, облыстық басқарма басшыларымен, жергілікті атқарушы органдардың, ұйымдар мен кәсіпорындардың басшыларымен жиналыс өтті. Оған аудан және қала әкімдері бейнеконференция арқылы қатысты.
Аймақ басшысы Марат Ахметжанов орман ең үлкен табиғи байлық, қауіпсіз экологияның кепілі екенін атап өтті.
–Құрғақшылық пен ыстық ауа райы орманды дала аймағында ауқымды өрттерге және жетуі қиын жерлерде қамыстардың өртенуіне алып келеді. Өрттерді дер кезінде анықтамаудың арты үлкен өртке әкелуі мүмкін. Қостанай және Абай облыстарында орын алған өрт барлығымызға сабақ болуы тиіс. Мұны аумақтық орман шаруашылығы инспекциясы мен төтенше жағдайлар қызметкерлеріғана емес, сонымен қатар, ведомстволық аумаққа жауапты тұлғалар да бақылауы қажет, – деді облыс әкімі.
Өз кезегінде Төтенше жағдайлар вице-министрі Ерлан Нұрпейісов оқу-жаттығу жиынының маңыздылығын атап өтті.
–Ақмола облысы – орман шаруашылығына бай өңірлердің бірі. Сондықтан орманды қорғау мәселесіне басымдық берілгені өте дұрыс. Бүгін біз өртті сөндіру және адамдарды эвакуациялау мәселелерінің қалай пысықталғанын іс жүзінде көрдік. Онда мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылы мен үйлестірілген жұмысы жақсы нәтиже берді. Әсіресе, Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментінің техникалары үшін алғысымды білдіргім келеді, – деді Е.Нұрпейісов.
Отырыс соңында тиісті басқармаларға орман және ауыл шаруашылығы алқаптары бойындағы минералданған белдеулерді, сондай-ақ, автомобильжолдарын салу және жаңарту жұмыстарын жандандыру, азаматтық қорғау органдарының күштері мен құралдарын даярлау бойынша тапсырмалар берілді. Сонымен қатар, ормандар мен дала өртінің қауіпсіздігі жайлы түсіндіру жұмыстарын күшейту туралы айтылды.
Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.