Ақмола, Көкше даласындағы зобалаң жылдар сойқаны

Пошта 2021 Аманбай СЕЙІТҚАСЫМОВ,
Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ректорының кеңесшісі, ғалым-тарихшы

ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргіндер – халқымыздың тарихындағы қайғылы беттердің бірі. Бұл трагедияның құрбандарын есте мәңгілік сақтау бойынша іс-шаралар Қазақстанның тәуелсіздігі жарияланғаннан кейін мемлекеттік деңгейде қолға алынды. 1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданды. 1997 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланды.

Бүгінде саяси қуғын-сүргін құрбандарының тарихын зерттеу бойынша ғылыми зерттеу жұмыстары жалғасуда. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2020 жылы 24 қарашада «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша мемлекеттік комиссия құру туралы» Жарлыққа қол қойды. Мұндағы басты мақсат 1920-1950 жылдары саяси қуғын-сүргінге ұшыраған кінәсіз азаматтарға қатысты тарихи әділеттілікті қалпына келтіру, олардың адал есімдерін халық пен ұрпақтарына қайтару болып табылады. 2020 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша мемлекеттік комиссия құрылды. Тұңғыш рет елімізде кеңестік саясаттың салдарлары мен құрбандарын орталықтандырылған зерттеу мүмкіндігі туды. Мемлекет басшысының осы шешімінің аясында әрбір аймақта өңірлік комиссиялар құрылып, олар тарихи әділеттілікті қалпына келтіру бойынша архивтерде жұмыс істей бастады.

2021 жылы 31 мамырда Ақмола облысы әкімшілігінің тікелей қолдауымен Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің базасында жобалық кеңсе ашылып, ол өңіріміздегі өлкетанушылар, архив қызметкерлері, заңгерлер мен қоғамдық қайраткерлері үшін зерттеу алаңына айналды. Жобалық кеңсе облыс аудандарындағы зерттеу қызметін үйлестіру орталығы болып табылады.

Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаевтың айтуынша осы үш жыл ішінде Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссиясының құрамында 425 ғалым мен зерттеуші, оның ішінде өңірлерде 260-тан астам маман қызмет етіпті. Олар жабық қорлардан 688 мыңнан аса іс пен 48 мыңға жуық есепке алу карточкасын тауып, Президент архивіне өткізген екен. Жалпы саны 2,6 миллионнан астам құжат пен материалдан «құпия» деген белгі алынып, қудалауға ұшыраған 311 мыңнан астам адамды ақтау үшін заңнамалық негіздер дайындалған. Мемлекеттік комиссияның жұмысы  қазіргі таңда 72 томды құрап отырған көрінеді. Келешекте бұл жұмыс әлі де жалғасын табады деген үміттеміз.

Жалпы, әуел бастағы біздің міндетіміз ол, ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргіндерді, жаппай қуғын-сүргіндердің мемлекеттік аппараты ретінде Ақмола облысының аумағындағы еңбекпен түзету лагерьлерінің тарихын, сондай-ақ, 1921-1922 және 1931-1933 жылдары қолдан жасалған аштық көріністерін, олардың себептік-салдарлық байланыстарын, Ақмола облысы мен онымен шекаралас аумақтардағы тоталитарлық-казармалық социализм теориясы мен тәжірибесін түсіндіру, сонымен бірге, қарулы көтерілістер мен әскери тұтқындар тағдыры, зиялы қауымның қарсылығы, дін өкілдерін қудалау,  кеңес өкіметін күштеп орнатудың, тәркілеудің, ұжымдастырудың, қазақ халқын күштеп отырықшыландырудың, мемлекеттік зорлаумен, ату, соттау, туған жерлерінен аластау, жер аударту түрінде қуғын-сүргіннің нақты түрлері мен механизмдерімен қатар жүрген әртүрлі тонаушылық, босқындар мәселесі,  азық-түлік дайындау және басқа шаралардың шынайы жағдайларын, механизмдері мен тәсілдерін анықтау, 1921-1922 және 1931-1933 жылдардағы аштық пен 1920-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргіндерге шынайы ғылыми-құқықтық зерттеу,  баға беру болатын.

Ақмола-Көкшетау өңірі аталмыш кезең бойынша аз зерттелген өңірлердің бірі. Зерттелсе де, кезіндегі кеңестік идеология тұрғысынан қарастырылғаны бәрімізге мәлім. Сондықтан да, бірінші кезекте нақты деректерге сүйену, архив материалдарын негізге алу, шынайы тарихтың бетін ашу қажет еді. Жұмыс әдістері де сан алуан болды. Олар арнайы экспедициялар, көзі тірі куәгерлермен жүздесу, естеліктер алу, нысандарды картаға түсіру, ғылыми іс-шаралар өткізу, фильм жасау, кітаптар жазу. Ең бастысы, әрине, архивтерді, оның ішінде жабық қорларды игеру еді.

Айталық, Қазақстан Республикасы Президенті архивінен бастап, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарының мемлекеттік архивтері, Астана, Көкшетау қалалары, Атбасар, Ақкөл, Біржан сал, Бұланды, Бурабай, Зеренді, Қорғалжын, Сандықтау аудандарының архивтері айналымнан өтті. Ірі байларды, кулактарды, жартылай феодалдарды (орташалар), шаруаларды, сондай-ақ, ауыл мен селоның ауқатты топтарын тәркілеу мен жер аудару бойынша ресми органдардың жүзге жуық шешімдері анықталды.

Осы архивтердің қорларын зерттеу аталған бағыт бойынша келесі мәліметтерді анықтауға мүмкіндік берді:

Жылдар бойынша тәркіленген шаруашылықтардың саны:

1928 жылы – 56; 1929 жылы – 72; 1930 жылы – 78; 1931 жылы – 61; 1932 жылы – 69; 1933 жылы – 47. Барлығы – 383 шаруашылықтар.

Тәркіленген ірі байлар:

1928 жылы – 102; 1929 жылы – 133; 1930 жылы – 147; 1931 жылы – 117; 1932 жылы –123; 1933 жылы – 86. Барлығы – 708 ірі байлар.

Жаппай тәркіленген бай-жартылай феодалдар (орташалар) саны:

1928 жылы – 54; 1929 жылы – 71; 1930 жылы – 64; 1931 жылы – 67; 1932 жылы – 53; 1933 жылы – 79. Барлығы – 388 бай-жартылай феодалдар (орташалар).

Заңсыз тәркілеуден зардап шеккен және сотталған шаруалардың саны:

1928 жылы – мәліметтер жоқ; 1929 жылы – 13; 1930 жылы – 9; 1931 жылы –23; 1932 жылы – 17; 1933 жылы – 19. Барлығы – 81 шаруалар.

Тәркілеу науқаны барысында өңірден тыс жерлерге жер аударылған «әлеуметтік қауіпті элементтер»: моллалар, ишандар, поптар, хандар мен сұлтандардың ұрпақтары, патша өкіметіне қызмет еткендер, алашордашылар, халық көтерілістеріне қатысқандар және тағы басқалары, ұзын саны – 170.

Ақталған құрбандар мен зардап шеккендер саны (жанұя мүшелері, жақын туыстары) – 570 болса, олардың ішінде ақталмағандар саны – 1160 адамды құрап отыр.

Өңірде күштеп ұжымдастырылғандар және отырықшыландырылғандар (отырықшылыққа көшірілгендер) саны:

1928 жылы – 54; 1929 жылы – 71; 1930 жылы – 64; 1931 жылы – 67; 1932 жылы – 53; 1933 жылы – 79. Барлығы – 388. Сонымен қатар, астық, мал өнімдерін дайындауға (тартып алуға десе де болады) қарсы шығып, жауапқа 128 адам тартылса, әйгілі «бес масақ» заңы бойынша 135 адам сотталған. Жаппай зорлық-зомбылық, аштық, күштеп колхозға кіргізу, мал-мүлкін тартып алу, ату-шабу әрине, халық, шаруалар наразылығын тудырғаны анық.

Енді бұған дейін беймәлім болып келген бас көтерулерге назар аударсақ. 1919-1921 жылы өңірдің бірнеше елді мекендерінде жаппай шаруа көтерілістері болып өтті. 200-дей адам қатысқан Маринск пен Атбасар ауданында болған көтерілістердің орындары анықталды (бұл орындардың картасы жасалуда). 1921 жылы жазда Омбы губерниясының Айыртау ауданында үш аптаға созылған шаруа-кулак көтерілісі болып өтті.  Ол Солтүстік Қазақстан облысы аумағын және Арықбалық, Зеренді аудандарының бір бөлігін, мысалы, Казанка, Всеволодовка, Самсоновка, Соколовка, Воскресеновка, Прекрасное ауылдарын қамтыды. Көтерілістің басшысы – Федин Осип Александрович. Архив ісінің мәліметтері бойынша көтерілістің басшылары және белсенді қатысушылары болған 7 адам атылған (ҚР ПА, 7081-іс); мысалы, Надолин Василий Герасимович ату жазасына кесілген. Сол жылы жазда Көкшетауда, Щучинскіде кеңес өкіметінің саясатына қарсы шаруа көтерілістері болып, 27 адам атылған.

1921 жылы ақпанда Көкшетау уезінде кеңес өкіметіне қарсы тағы бір қарулы бас көтеру болды. Көтерілісшілер өз жасағын «Халық әскері» деп атады. Штабты Романов деген кісі басқарды, көтерілістің белсенді қатысушысы Михеев Николай Иванович атылды Жалпы, көтеріліске қатысқан 232 адам ату жазасына кесілген. Көтеріліске қатысқандардың ішінде шаруалар, кулактар, қызметкерлер, милиционерлер, бухгалтерлер, есепшілер, телеграфшылар, яғни, әртүрлі әлеуметтік топ өкілдері болған.

ҚР Президенті архивінің 352-ісінде 1929 жылы астық дайындауға, ұжымдастыруға және ұжымшар құруға қарсы кулактар қарсылығы туралы материал зерттелді. Белсенділерге шабуыл жасау, ұрып-соғу, шаруалар арасында үгіт-насихат жүргізу, жергілікті халықтың артық астықты бергісі келмегені туралы айтылады. Көтерілістің басшылары – Будченко Василий, Милинков Игнат үштіктің шешімімен жазаланған.

Мына бір іске назар аударсақ. Президент архивінде 1163-ші арнайы іс бар. 1939 жылы Үсенов Қайыржан 1937-1938 жылды Ақмола облысы Зеренді ауданында «қазақ контрреволюциялық ұйымын құрғаны» үшін сотталады. 8 адам сотталып, ату жазасына кесілген, олардың ішінде ұжымшар төрағалары, қарапайым колхозшылар мен мұғалімдер болған. Атап айтқанда, Әубәкір Ілиясов – Зеренді аудандық атқару комитетінің төрағасы, Мұхаметқали Алдамжаров – Зеренді аудандық партия комитетінің екінші хатшысы. Барлығы «ұлтшыл-контрреволюцияшыл» ретінде атылған.

Дәл осындай жағдай 1941 жылы қазанда Көкшетау уезінің №47 Конезавод шаруашылығында орын алады. Карпенко Денис Николаевич деген қызметкер басшы ретінде  өзінің серіктерімен бірге – барлығы 7 адам ату жазасына кесілген. 1933 жылы антикеңестік іс-әрекеті үшін сол елді мекеннің  тұрғындары Персик пен Янковский тұтқындалып, түрмеге қамалады. Оларға социалистік мүлікке зиян келтірді, мал санын кемітті, жылқы зауытында қажетті жағдай мен жемшөп мәселесін ұйымдастыра алмады деген айып тағылған. Саяси науқанның қызғаны сонша, күн сайын «тап жаулары» табылып жатты.

1936 жылы контрреволюциялық мақсатта мектепте жастар ұйымын құрғаны үшін Солтүстік Қазақстан облысы Ивангород ауылының тұрғыны Дубровин Андрей Ильич, антикеңестік қызметі үшін «саналы түрде социалистік меншікке зиян келтірген және мал санын кеміткен таптық-жат элементтер» деп айыпталған Степняк жағындағы Ұлыкөл тауарлы-сүт фермасының жұмысшылары Петропавл қаласының түрмесіне қамалады.

1931-1932 жылдары Көкшетау облысы Қызылту ауданы Калинин ауылының тұрғындары, ағайындылар Исмаилов Боранбай, Исмаилов Нарбота, Исмаилов Сәдуақас антикеңестік қызметі, ұжымшар құруға және ұжымдастыруға қарсылығы үшін бай-кулак ретінде барлық мүліктері тәркіленіп, 2 жылға сотталған.

1937 жылы Ақмола облысы Еңбекшілдер ауданы Құдықағаш ауылының тұрғыны Қалия Ашев ұжымшар құруға қарсы антикеңестік әрекеті үшін 58-8 бабы бойынша ату жазасына кесілді. Өкпе ауруына шалдығып, үкімге жетпей түрмеде қайтыс болды.

1937 жылы тамызда Көкшетау облысы Зеренді ауданы Викторовка ауылының тұрғыны Урусов Роман Федорович ұжымшар құруға, кеңес өкіметіне қарсылығы және жергілікті белсенділерге қарсы террористік әрекеті үшін 58-8 бабының 1-бөлімі бойынша сотталып, ату жазасына кесілді. Айта берсек, мұндай фактілерден көз сүрінеді.

Бүгінгі күні өңірдегі халық көтерілістеріне қатысқан ақталмаған адамдар саны – 412 адамды құрап отыр.

Ендігі бір үлкен бағыттың бірі ол – «1939-1945 жылдары фашистік Германияда және басқа да еуропалық елдерде тұтқында болған соғыс тұтқындарын ақтау» жағдайы. Біз Ақмола облысының полиция департаменті ақпараттандыру және байланыс басқармасының арнайы архивінің қорларын зерттедік. Соғыс тұтқындарының да тағдырлары әрқилы. Әр түрлі жағдайда тұтқынға, қоршауға түскен, ауыр жара алған, оқ-дәрі, қару-жарақтың жоқтығы, әскери басшылықтың сауатсыздығы, дәрменсіздік пен шарасыздық дейсіз бе, бәрі бар. Түркістан легионы, Шмидт жазалау жасағы, Шығыс-мұсылман дивизиясы, диверсанттар құрамы, Солтүстік Кавказ легионында қызмет еткендер, тағы  сол сияқты толып жатқан жағдайлар.

Бәрімізге белгілі, Кеңес Одағы Женева конвенциясының ережелерін мақұлдамады, сондықтан, кеңестік соғыс тұтқындарының жағдайы осы құжатқа қол қойған өзге елдердің соғыс тұтқындарына қарағанда нашар болды. «Қазақстандық соғыс тұтқындары концлагерьлердегі өте нашар жағдайларға байланысты тірі қалу үшін Түркістан легионына өтуге мәжбүр болды» дейді зерттеуші Б.Садықова өзінің «Құжаттардағы Түркістан легионының тарихы» атты кітабында. Түркістан легионында қызмет еткен бұрынғы соғыс тұтқындарын кезінде Қазақстан Республикасы әскери прокуратурасының органдары ақтаған-ды. Себебі, олар өздерінің еркінен тыс жағдайларға байланысты қоршауда қалды, кеңестік және одақтастар әскерлеріне қарсы шайқастарға қатысқан жоқ. Алайда, біраз қорларда ақтауды қажет ететін, бірақ әлі де ақталмаған соғыс тұтқындарының есімдері жеткілікті. Әрине, әрбір іс – ол жеке адамның тағдыры, оған өте мұқият көзқарас қажет. 1941 жылғы 16 шілдедегі Мемлекеттік қорғаныс комитетінің қаулысы мен 1941 жылғы 16 тамыздағы Қорғаныс министрінің №270 бұйрығы жау жағына өткендерді ешбір сотсыз жазалауға рұқсат берді.  Бұл соғыс тұтқындарының Түркістан легионының құрамына көптеп өтуін күшейтті. Айталық қарап отырсақ, саяси  58-1 баптың «Б» пункті бойынша сотталғандар Қызыл Армияға қарсы шайқастарда ерекше көзге түскендер еді. Оларға герман басшылығы лейтенанттан бастап жоғары қарай офицерлік шендерді берді. Сондықтан оларға сол уақыттың заңдарына сәйкес қарау керек. Олар ақтауға жатпайды. Бұл түсінікті жәйт.

Ақмола облысынан барған жауынгерлердің өлімі туралы  да мәліметтер бар. Мысалы, Мұхатов Қошал, 1907 жылы Ақмола қаласында туған. Ол Шталаг-327 лагерінде 1944 жылдың 11 мамырына дейін болған. Сондай-ақ, тұтқында Ақмола облысының тумалары Сартаев Мақтан, Сыздықов Темірғали, Тұманбаев Махмет, Шинбаев Құрманғали және тағы басқалары қайтыс болады. Кеңестік әділет органдары соттаған бұрынғы соғыс тұтқындарының (ақталмағандар) Түркістан легионына өтуден бас тартқаны үшін оларға ату қаупі төнгені туралы шағымдары сақталған. Сондай-ақ, Түркістан легионына үйлеріне қайта оралу ойымен өткендер де болған (әлі күнге дейін ақталмағандар).  Саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау бойынша Ресей Федерациясының комиссиясы атап көрсеткеніндей, кеңестік басшылықтың Қызыл Армияның жауынгерлеріне деген осындай аяусыз қарым-қатынасы 1940 жылдың өзінде-ақ көрінген. Кеңес-фин соғысынан кейін 5,5 мың кеңестік соғыс тұтқындарын финдер кеңес жағына қайтарған кезде, Сталиндік жүйенің тұтқындарға деген сенімсіздігі мен қаталдығы айқын көрінеді. Қайтарылған соғыс тұтқындары бірден лагерьлерге жіберіліп, олардың бір бөлігі сотталады, ал көбі із-түссіз жоғалып, хабарсыз кеткен.

Кеңестік жазалау органдары Түркістан легионында қызмет еткен, әскери іске үйретілген, өзара қазақ тілінде сөйлескен, тәуелсіз Қазақстанды құру жоспарын ойлаған, сонымен бірге, капиталистік елдердегі өмірдің жоғары деңгейін, қарым-қатынас мәдениетін өз көздерімен көрген бұрынғы соғыс тұтқындары – қазақстандықтардың терең тылда болуына жол бермеді. Сәйкесінше, олар «батыс елдеріндегі тұрмысты, капитализмді мақтады» деген желеумен  саяси айыптармен сотталды.

Жалпы, Түркістан легионының қатардағы жауынгерлік құрамында, Ост-Мұсылман дивизиясында болған сотталғандар кеңестік жауынгерлерді, бейбіт халықты жою операцияларына шын мәнінде қатысқаны туралы ақпарат болмаған жағдайда немесе тұтқыннан қашып, партизандар құрамында соғысқан жағдайда  біздің ойымызша, оларды толық ақтауға негіз бар.

Келесі Саяси қуғын-сүргін құрбандары – дәстүрлі діндер өкілдері. Кеңес үкіметі құрылған соң, 1920-шы жылдардың екінші жартысынан бастап дін өкілдері экономикалық, саяси-әлеуметтік қуғын-сүргінге ұшырады. Дін өкілдеріне қарсы қуғын-сүргіннің қорқыту, тұтқындау, жер аудару, түрмеге қамау, ату сияқты түрлері қолданылды. Осындай қуғын-сүргін түрлерінің барлығы Қазақстанда да дәстүрлі діндер өкілдеріне қарсы қолданылды. Діни қауымдастықтардың қызметі КСРО Халық комиссарлары кеңесінің жанындағы Дін істері жөніндегі кеңестің қатаң бақылауына алынды. Дәл сондай комитет Қазақ КСР Халық комиссарлары кеңесінің қарамағында да құрылып, оның бөлімшелері Қазақстанның барлық облыстарында ашылды. Мысалы, 1940-шы жылдары Ақмола облысы аумағында Халық комиссарлары кеңесінің жанындағы діни наным-сенімдер істері бойынша Кеңестің арнайы өкілі Жазықбаев жұмыс істеді. Одақтық және республикалық деңгейлерде діни қауымдастықтарды шектеу және бақылау бойынша арнайы нұсқаулар жасалды. Бұдан өзге, 1925 жылы халық арасында дінге қарсы жұмыс жүргізу үшін арнайы қоғамдық ұйым – «Құдайсыздардың еркін одағы» (общество безбожников) құрылды.

Дәстүрлі дін өкілдеріне қарсы 1920-1940 жылдардағы қуғын-сүргінді ашып көрсетуге көмектескен маңызды фактор – бұрын құпия болып келген тарихи деректердің қолжетімді болуы. Ғылыми-зерттеу жұмысы барысында Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің 8-қорындағы материалдар зерттелді. Онда екі уезд бойынша діни ғимараттардың нақты саны туралы бірегей құжаттар табылып, 1926-1930 жылдар аралығында жабылған шіркеулер мен мешіттердің нақты саны анықталды. Ішкі істер халық комиссариатының циркуляры бойынша Ақмола губерниялық басқармасының қаулысы, шіркеуді мемлекеттен, мектепті шіркеуден бөлу, еңбекшілерді діни алдаудан, барлық діндер қызметшілерінің билігінен босату туралы Халық комиссарлары кеңесінің 1918 жылғы №18 декретінің 263 бабы бар. Декрет барлық діндер түрлерін меншік құқығынан, заңды тұлға құқығынан айырды. Олардың барлық мүліктері мемлекеттің меншігіне алынды. Губерниялық басқарманың ашыққандар үшін діни мекемелердің байлығын тартып алуы дінге сенушілер тарапынан шағымдар туғызды. Діни мекемелерді, ғибадат ету және басқа да мүліктерді тексеріп отыру міндеті әкімшілік саяси бөлімшелерге тапсырылды. Ең бастысы, діни қызметкерлер дауыс беру, яғни, сайлау құқығынан айырылған, азамат тегіндегі еркіндігі болмаған.

Архив деректерінде «губерния аумағында келесі шіркеулердің жабылғанын хабарлайды:

  1. Мария-Магдалина шіркеуі Железнодорожный ауданының Ресей коммунистік жастар одағының (РКСМ) клубына айналды.
  2. Петропавл уезінің Интернационал болысының бұрынғы әйелдер монастырі Қызыл Армияның Сібірге келуінен кейін жабылды. Жер мүлкі коммунаның пайдалануына берілді.
  3. Ақмола уезінің Николаевское селосындағы старообрядтықтардың ғибадат ететін ағаш үйі дінге сенушілер тобының мүлікті өз жауапкершілігіне алудан бас тартуынан кейін жабылды. Діндарлар бұл мәселені Бүкілодақтық Орталық атқару комитеті президиумына дейін жеткізген, мәселе шешілмеген.
  4. Черлак уезі Степанов болысының Новосанжарск селосындағы дұға оқитын үй жалпы жиналыстың шешіміне сәйкес жабылды.

Әкімшілік бөлімнің бастығы: Мұхаметов.

Хатшы: Кременский».

Діни ғимараттар, шіркеулер мен мешіттердің жабылу қарсаңындағы саны туралы мәліметтер де бар. Мысалы 1924 жылы Ақмола қаласында 5 діни ғимарат православие христиандарының 2 шіркеуі, мұсылмандардың 2 мешіті, қаладағы еврей қауымдастығының 1 ғибадат үйі жұмыс істеген. Жалпы, Ақмола уезі бойынша әр түрлі діни конфессиялардың 68 діни ғимараттары, ал, 1924 жылдың соңына қарай Атбасар уезі бойынша барлығы 52 діни ғимараттар болғаны айтылады.

1926 жылы қызыл өкіметтің шешімімен  белгілі теолог Науан Хазірет (Наурызбай Таласұлы) негізін қалаған Көкшетау қалалық мешіті жабылды. Кейін оның балалары, ұрпақтары кеңес өкіметі тарапынан қуғындауға ұшырады. 1989 жылы көкшетаулық  мұсылман қауымдастығының өтініші бойынша мешіт қалпына келтірілді.

Архивтік деректерге сәйкес, өткен ғасырдың 30-50 жылдары облыс аймағында діни ғимараттардың жабылғаны туралы ақпарат бар. Мысалы, 1932 жылы Сталин ауданында (қазіргі Шортанды), 1940 жылы Көкшетауда Георгий храмы жабылған. 1947 жылы Зеренді ауданының Викторовка селосында Қазан Құдай анасының иконалы шіркеуі, 1948 жылы сол ауданның Павловка селосында Аристарх Михаил шіркеуі жабылады. Жалпы алғанда 1926-1947 жылдары барлық христиандық шіркеулер мен мұсылман мешіттері толық жұмыстарын тоқтатқан.

Зеренді ауданының Қарсақ ауылы тұрғындарына 1935 жылы 30 желтоқсанда тарауық намазына қатысқандары үшін әкімшілік жазалау шаралары қолданылды. Барлығы 40 еркек, 6 әйел жауапқа тартылған.

Діни көзқарастары және ұжымшар құруды сынға алғандары үшін осы ауданның  Красиловка ауылының тұрғындары Волков, Вролховский, Гузов ұжымшардан шығарылды, оларды Біріккен мемлекеттік саяси басқарма (ОГПУ) қызметкерлері тұтқындап, белгісіз жаққа алып кеткен Айыртау ауданының тұрғындары, қажы Әбушахман Букаевтың, Сыздық Қойлыбаевтың тағдырларынан тұтқындалғаннан кейін  әлі күнге дейін  деректер жоқ.

1937 жылы Степняк кенішінде бұрынғы молдалар мен байлардың заңсыз діни қауымдастығы белгілі болған. Құжаттарда келесі молдалардың есімдері берілген:

  1. Молда Ақаев Мерқасым Шәймерденұлы. Ол осы қауымдастықтың басшысы болған. 1874 жылы туған. Айыртау ауданы, Ақмолда ауылының (№9 ауыл) тумасы. Сол жерде 1910 жылға дейін тұрып, балаларды оқытумен айналысқан. Оның әкесі – Шәймерден молда. 1910-1922 жылдары Көкшетау уезінің Желтау ауылында тұрған. 1922-1926 жылдары Рузаев ауданында «Тұқбыр» шаруашылық ауылында (№10 ауыл) тұрып, балаларды дінге оқытқан. 1926 жылы Имантау станицасына көшіп, онда 1930 жылға дейін тұрған. Кейін Степняк кенішіне көшіп барған.
  2. Айтқожин Ғалиасқар, бұрынғы мухтасиб, имам, тұтқындалған кезінде Степняк кенішінде тұрған.
  3. Кузкенов Шамақ, молда, бұрынғы мухтасиб, тұтқындалған кезінде Степняк кенішінде тұрған.
  4. Мырзабеков Кенжеболат – молда, қажы,Степняк кенішінде тұрған.
  5. Байжұманов Жұмәділ – молда, Степняк кеніші.
  6. Жолдыбаев Смағұл – қажы, молда,Степняк кеніші.
  7. Мыңбаев Өмірзақ – молда, Степняк кеніші.
  8. Әлімов Бәкен – молда, Степняк кеніші.
  9. Қайыпов Кәрімжан – қажы, Степняк кеніші.
  10. Жұртұғылов Қуандық – бай, Степняк кеніші.
  11. Рақиев Жақия – молда, Степняк кеніші.
  12. Торайғыров Құзғанбет, молда, Степняк кеніші.
  13. Қасен молда, Степняк кеніші.
  14. Сыздық молда, Степняк кеніші.

Ақаев, Айтқожин, Кузкенов 1937 жылы маусымда тұтқындалып, «Үштіктің» үкімі бойынша атылған. Қалғандарының тағдырлары белгісіз.

Сондай-ақ, діни фактілер бойынша материалдар зерттелді. Мысалы, архивтік материалдарға сәйкес, 1963 жылы евангелиелік секталық-баптистік қауымдастықты құрғаны үшін Коралюк Иван Федорович сотталған. Ол Щучье қаласында ғибадат үйін, жексенбілік мектеп ашып, оған 200-ге жуық адам барып отырған. Антикеңестік, діни насихаты үшін оны 4 жылға соттаған. Діни сенімдері үшін Октябрь болысының (Айыртау ауданының Карасевка селосы) моллалары Үстеміров Ахметбек, Жұманов Рақымжан, Еленовка селосының шіркеу старостасы Вавилин Порфирий Иванович, прихожан  Артамонова Ельсидора ұзақ мерзімге бас бостандықтарынан айырылады.

1962-1963 жылдары Щучье қаласында «Ақиқат православие шіркеуі» атты заңсыз діни тобын құрғаны үшін Кленов Алексей Яковлевич 7 жылға, Слепаков Максим Степанович 10 жылға сотталады. Оларды Кеңес Одағына, КОКП-ға, коммунистік құрылысқа жала жапты, сайлауға қатысудан бас тартты деп айыптаған. 1968 жылы олар кассациялық шағым жазған, бірақ, өтініштері қабылданбайды. Біздегі бар мәліметтер бойынша Ақмола өңірінде кеңес өкіметі тарапынан саяси қуғын-сүргінге ұшыраған діни ұйымдар саны – 68, ал, діни қызметі мен наным-сенімдері үшін зардап шеккендер мен құрбан болғандар саны – 183, оның ішінде 150 имамдар, 33 православиелік священниктер қуғындалған, олардың 20-сы ату жазасына кесілген. Ақмола уезінің аумағында әр түрлі діни конфессиялардың 68 ғимараты, Атбасар уезінде 52 діни ғимарат жабылған.

Ендігі айтарымыз, біздің тарихымыз тағылым мен өнегеге, жарқын беттер мен бұлтты күндерге толы тарих, осы мәңгілік тоңды жібіту ғалымдардың еншісінде. Тарихын білген адамның еңсесі биік, рухы асқақ, дүниетанымы кең, бағыты айқын болары хақ. Бүгінгі ұрпақты менің ойымша, тарих тәрбиелеу керек, өткеніміз өзегін ашуы қажет, ащы сабақтары адал жолға жетелеуі шарт. Бүгінгі күні алған тәуелсіздігіміз, қолымызға тиген еркіндігіміз, рухани жаңғыруымыз сана-сезімімізді оятуға қатты әсер етіп отыр. Тәубә, қоғам оянды, халық серпілді, ұлт ұлылығын сезінуде, құлдық, жалтақтық мінезден арылудамыз. Тарихи сана тамырын терең жая бастады, шындық пен ақиқаттың бұлағы ашылды, ауыздығы алынды. Осынау зерделенген тарихи беттерімізді халық санасына сіңіре білсек. Ендігі міндет осы болмақ. Мемлекеттік идеологиямыздың діңгегі мен кіндігі де қазіргі өтпелі кезеңде тәуелсіздігімізді бағалай отырып, оның бағасын ұрпаққа сіңіре отырып, алдымызды айқындап алу болуы тиіс. Сонда ғана жастар да ұлт алдындағы болашағы мен парызын сезінеді, тарихымыз тамырланады, болмысымыз кеңейеді, қиянатқа жол берілмейді, көжиегіміз көз жетерлік болады. «Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел- қайда жүріп, қайда тұрғандығын білмейді, не істеп не қойғандығын білмейді, келешекте басына қандай күн туатындығына көзі жетпейді» деп ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың айтқан сөзі бар. Түп негізінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияны құруының көкейкесті себебі де осы болатын. Болашақта тарихымыздың сөгілген тұстары өз қыртыстарын тауып жатса, ақтаңдақтары ашылып, олқылықтары орнына келіп жатса, бет алып жатқан тәуелсіз көшіміздің де «алды жөн, арты соқпақсыз» болатынына сеніміз мол болмақ!

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар