1999 жылдың мамыры. Сол кезең кешегідей көз алдымда. Жоғарыдан даңқты жерлесіміз Сағадат Нұрмағамбетовтың 75 жасқа толуын туған жерінде атап өту туралы нұсқау түскен болуы керек, бізді аудан әкімі Р.Керейбаев жинап алып, мерейтойды өткізудің жоспарын талқыладық.
Маған берілген тапсырма осыған батырдың туған топырағы – Еңбек ауылындағы және өзі оқыған №1 мектепті дайындау, оқушылармен жұмыс жүргізу. Осы дайындықтың басы-қасында жүріп, тапсырылған істің сапалы болуына көңіл аудардым. Белгіленген күні Сағадат ағамыз зайыбымен, жанында бірнеше әскери адамдар бар, Еңбек ауылының мектебіне ат басын тіреді. Мектептің жанында соғысқа қатысқан боздақтар мен ардагерлерге арналған мемориал бар да, соған барып тағзым жасап, гүл шоқтарын қойды. Содан кейін сол жерде біраз жерлестерімен кездесіп, әңгімелесті. Мектептің мәжіліс залына жиналған оқушылармен, ұстаздармен және ауыл тұрғындарымен кездесу өткізілді. Кездесу кезінде Сағадат Қожахметұлы өзінің балалық шағына ой жүгіртіп, байлардың қалай кәмпескеленгенін, жазықсыз жерлестерін қалай «халық жауы» деп жер аудартып жібергенін өз көзімен көрген жағдайлармен тебірене әңгімеледі. Залда жастар көп болатын, соларға қарап, «Бірде аш, бірде тоқ, тек табан ақы, маңдай тер еңбекпен есейген біздің кездің балалары Отан қорғауға қашанда дайын болатын» деп егемен елімізді ішкі және сыртқы жаудан қорғау өскелең ұрпақтың мойнындағы борыш екенін еске салды.
Сол күні кешке туысының үйінде болдық. «Мен батырмын, генералмын» деп қарап отырған жоқ, өз үйіндей бізге қызмет жасап, өзінің қарапайымдылығын көрсетті.
Келесі күні ол кісіні қошеметтеу рәсімі Ақкөл қаласында өтті. Бұрынғы Ленин орталық көшесіне Сағадат Нұрмағамбетовтың аты беріліп, соны ашу шарасы өтті. Бұл іске облыс әкімінің орынбасары марқұм Қ.М.Алпысбеков жауап беретін. Содан өзі оқыған №1 орта мектептің оқушыларымен, ұстаздарымен кездесу өткізді. Онда өзін оқытқан ұстаздар мен сол кездегі мектеп директоры Козловты еске алып, жылы лебізін білдірді.
Ең соңында сол кездегі облыс әкімі С.В.Кулагин ағамызға туған ауылының табиғатына ұқсас қарағайлы орман ішінде қабылдау жасады. Үш киіз үй тігілген. Онда да біраз адам болдық. Облыс атынан Сергей Витальевич ағамызға жеңіл машина сыйлады. Орман ішіндегі отырыс кішігірім концертпен (суретте) жалғасты. Менің еңбегіме риза болды-ау деймін, маған қол сағатын сыйға тартты. Кейін аудан Сағадат Нұрмағамбетов атындағы мерейтойлық медальмен марапаттады.
Ағамыздың өмірден өткеніне толық 10 жыл. Ол кісінің екінші өмірі, халқына сіңірген еңбегі, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге пайдаланатын батырлық істері, егеменді еліміздің қорғаныс саласын дамытуға қосқан үлесі туралы көптеген материал қалды. Ол үшін ең бірінші «Ер атына елі сай болуы керек» деген айдармен біраз іс атқарылды.
Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының №1 Халық Қаһарманы, еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов туған бұл елді мекен астанадан Бурабай бағытына шыққанда тоқсан шақырымдай жерде орналасқан Еңбек ауылы. Кезінде өзінің қатысуымен туған жерінде мерейтойлары аталып өтті. Ол кісі 2013 жылы 89 жасында дүние салды. Сол тасжолмен Еңбек ауылының тұсынан өтіп жүріп, жолаушылардың басым көпшілігі батырдың елі екенін білмейтініне көзім жетті. Онымен қоса, ол кісінің кім екенін білмейтіндер де кездесті. Осы кемістікті қалай жою керек екенін ойлап жүріп, шағын бағдарламаның жобасын жасап, арнайы көрсетіп, әңгімелескенімде аудан әкімінен қолдау таптым.
Бұл жобаны іске асыру үшін біраз қаржы қажет еді. Демеуші табу үшін ағамыздың атындағы «Жас ұлан» мектебіне бірнеше рет бардым, ақырында, «бізде артық қаржы жоқ» деген жауап алдым. Қорғаныс министрлігінің кейбір азаматтарымен сөйлесіп едім, олар да мүмкіншілігі жоғын білдірді. Әртүрлі жолмен Алматыдағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы халықаралық қордың президенті Махмут Нәлібаев мырзамен байланысып едім, беріп тастамаса да, көмектесетінін білдірді. Бұл кісі өзінің көмекшісі Қали Бүркітбайұлын жіберіп, екеуіміз Ақмола облысы әкімінің қабылдауында болып, мектеп пен мәдениет үйін күрделі жөндеуге қаражат сұрап алдық. Таяуда Еңбек ауылына барғанымда, бұрынғы мектеп директоры Қ.Т.Баимолдина: «мен осы мектепте қырық жылдан астам қызмет істеймін, мұндай жөндеу жұмысы еш уақытта болған емес. Ұстаздар да, оқушылар да, ата-аналар да дән риза» дейді. Осындай сөзді мәдениет үйінде жаттықтырушы Райле және тағы басқа қызметкерлерінен де естідім. Жалпы, Сағадат ағамыздың жерлестері облыс басшылығына рахметін айтуда.
Осы бағдарлама бойынша ауылға дейінгі төрт шақырым жолды жөндеу, орталық көшені жарықтандыру, автобанның Еңбек ауылы тұсына билборд қою қарастырылған болатын. Осы жұмыстарды бұрынғы аудан әкімі Алпысбай Қуандықұлы аудан бюджетінен қаржы бөліп, орындап шықты. Мәдениет үйінде Сағадат Қожахметұлына арналып музей жабдықталды. Осы шаруалардың уақытында сапалы орындалуын қадағалап, тіпті кейбір басшылармен сөзге келіп қалып жүрген Еңбек ауылының бұрынғы әкімі Сағындық Шәкірұлы Абахановқа және де осы ауқымды істерді атқаруда өз үлесін қосып жатқандарға зор ризашылығымды білдіргім келеді.
Ауданның орталығына ескерткіш қою туралы Қорғаныс министрі Р.Ф.Жақсылықов мырзаның қабылдауында болдым. Ол кісі бұл өтінішті орындады. Ақкөл қаласында батырға арналған саябақ дайындалуда. Күні кеше туғанына 100 жыл толған күні ескерткіш салтанатты жағдайда ашылды. Көріп, бас иіп, тағзым ете жүріңіздер!
Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
Ақкөл ауданының құрметті азаматы,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.