Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арналған жолдауында… Біз арыстарымызды ақтауға кірістік. Кезінде жазықсыз жазаланған мыңдаған азаматтың есімін ел алдында жаңғырттық… Біз саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының рухына тағзым етіп, есімдерін мәңгі есте сақтаймыз. Болашақ үшін олар қайталанбауы тиіс. Шындық ашылсын…
Біздің елімізде 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарды еске алу күні деп белгіленген. Мен осы ретте, атам жайлы айтқым келеді. Менің атам Тұтқышев Рақым 1860 жылы туған. Шыққан тегі Арғын-Қарауыл – Жаулыбай -Дүйсен би – Бекше. 1900 жылы Меккеге барып, қажылық парызын атқарған. Арабша, орысша хат таныған, өз заманының адамдарының бірі, сауатты болған екен. Өз шаруашылығын ұршықша иірген, төрт-түлік мал біткен, үйір-үйір жылқылар, отар-отар қойлар, табын-табын қара мал ұстаған.
Кейін Кеңес үкіметі орнап, өз саясатын жүргізе бастайды. Сол кездегі атамдай әділ, әлді, ауқатты, бір ауыз сөзімен дүйім елді тоқтата алатын, соңынан ерте алатын беделділердің мал-мүлкін тартып алып, «бай-құлақ» деп айыптап итжеккенге жер аударды, соттады. Кәмпескеге іліктіріп тартып алған малдың, ауыл шаруашылық құрал-саймандардың негізінде Дөңгілағаш колхозын құрады. Сол құрылған артель-колхоздардың басқарма басшысы қылып, атамдай саясатты түсінетін, шаруашылықтың қыр-сырын терең білетіндерді тағайындағанда 1931-1932 жылдардағы аштықтан халық та қырылып қалмас еді.
Жоқ, олай болмады. Атамды Ресейдің Тюмень облысына жер аударып жібергенде елде бой жетіп қалған төрт қызы, жалғыз ұлы – менің әкем, 4 жасар кенже қызы, зайыбы қалған екен. Атам содан сотталған мерзімін өтеп, аман-сау елге оралады. Бұл кезде 1937-1938 жылдардағы репрессияның дүрілдеп тұрған уақыты. «Қажыны тағы соттатсақ, сұлу қызын әйелдікке аламын» деген жаман ойлы елдің бір пасық оңбағаны жала жауып НКВД-ға арыз-хат жазады. Жайнамазда отырған атамды үш жендет жетіп келіп, намазын бұзып алып кетеді, сол кеткеннен атамыз оралмайды. Осы орайда, Алаштың ардағы Ахмет Байтұрсыновтың:
Қорқытпады мені түрмеге жапқаны,
Қорқытпады дарға асып, атқаны.
Бәрінен де қатты маған батады,
Өз елімнің иті үріп, қапқаны,–
деген өлең жолдары тап осы атамның да өмірінен алынғандай…
Атамның жалғыз ұлы, менің әкем Рақымов Қабыкен 18 жасқа толып, Отан алдындағы борышын өтеуге әскерге алынады. Ұлы Отан соғысы басталып, 1943 жылы ауыр жараланып, елге оралады. Кеудесі орден-медальдарға толы Отан алдында ары таза майдангер әкесін іздеп табуға, бел буады. Бірақ, Сталиннің күркіреп тұрған заңынан қорыққан туыстары қарсы болып, жібермейді.
…1944 жылдың жаз айында Көкшетауға базарға барған ел адамдары «Дөңгілағаштан кім бар, Дөңгілағаш ауылынан барсыңдар ма?» деп айғайлап жүрген мосқалдау келген кісіге жолығады. Дөңгілағаштағы «Тұтқышев Рақым қажының туыстарына мені апарыңдар» дейді әлгі адам. Сол кісі Солтүстік Қазақстан жақтікі болса керек. Айтуы бойынша атаммен Алматы облысының Шамалған қаласының абақтысында бірге жатқан. 1944 жылдың наурыз айында үкім орындалып, атамды атады. Сол күні таңертеңгі намазынан кейін атамыз ол кісіге «саған аманат, бүгін маған кесілген үкім орындалады, өзің арулап жерле, мынау үстімдегі қымбат матадан тігілген кеудешені өзіңе ал, Көкшетаудағы туыстарыма болған жағдайды жеткіз» депті. Бізді іздеп келген кісіден естігеннен кейін атамның бала-шағасы, туыстары жылап-сықтап екі қой сойып, дұға береді. «Кеудешені жолда аштықтан тарығып бір бөлке нанға айырбастап жібердім» деп кешірім сұрапты әлгі кісі.
Қазақстан Республикасы 1991 жылы өз тәуелсіздігін жариялап, жаңа дәуірге бет алды. 1992 жылы Көкшетау облысының «Көкшетау правдасы» газетіне жазықсыз «халық жауы» аталғандардың ақталды деген тізімдері жарияланды. Сол тізімде менің атамның да аты-жөні басылып шықты. 1994 жылы облыстық Ұлттық қауіпсіздік комитетіне атам туралы сұрау жаздық, келген жауапта былай делінген: «Тұтқышев Рақым обвиняется за шпионаж в интересах Японии и приговорен за измену Родины к смертной казни». 2022 жылы тағы сұрау салып едік, әртүрлі сылтау мен жауап ала алмай қойдық. Әрине, мұнымен біз әлі күнге келісер емеспіз. «Болары болды, бояуы сіңді» – деп қарап отырмай, мемлекет тарапынан құрылған комиссия солақай саясаттан жапа шеккен мыңдаған қазақстандықтарға қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіруге кірісті. Мыңдаған жазықсыз азаматтардың, олардың жақын туыстарының көз жастары жібере ме?! Атып, жойып, итжеккенге айдатып, миллиондардың обалына қалған КСРО деген мемлекет жойылды.
Осы күні саяси-қуғын сүргін және ашаршылық құрбандарына байланысты Қазақстанның әр облыстарында арнайы комиссиялар құрылып, жұмыс істеп жатыр. Осы орайда, Көкшетауда Ш.Уәлиханов университетінің тарих кафедрасының ұстаздары ғалым А.Сейітқасымовтың жетекшілігімен біраз ауқымды жұмыстар атқарды, әлі де көтеретін-тексеретін мәселелер көп деп ойлаймыз. Қара түнектің пердесі ашылып, ақиқаттың айтылар күні жақындап келеді. Расында шындық айтылсын, шындық естілсін, шындық жариялансын. Біздің сол қуғын-сүргін құрбандары ұрпақтарының ақ тілеуі сол.
Иә, мен сол зұлмат жалмаған атамды көрген жоқпын. Атам мені алдына алып тізесіне отырғызып, маңдайымнан иіскеп, басымнан сипаған жоқ. Атам қандай болды екен деп көп ойланамын. Атамның бойы қандай, түрі қандай, дауысы қалай, мінезі қандай болды екен? Жоғарыда айтылған комиссиялардың жұмыс қорытындысының негізінде құпиялылық ашылса, атамның бір фотосуретін көрсем екен деген ой да бар менде. Елдегі атамды көрген үлкендердің, әке-шешемнің (олардың бәрі бүгінде жоқ) айтуларына қарағанда, атам сауатты, мәдениетті, ақжарқын жомарт болса керек. Атамның кезінде маңайдағы елдердегі ешбір отбасы тұрмыстың қиындығынан тарығып көрмеген. Үйдегі үш ұлдың кенжесі, атамның ағасы Құрманқожа ірі денелі, қара күштің иесі болыпты. Соған сай, өзі де 107 жасқа келіп, дүниеден озды. Мен ол атамды көрдім. Алыс жолдарға шыққанда атам осы атқосшы және оққағары ретінде ағасын ертіп алады екен. Екінші ағасы Арық үйдегі шаруашылыққа ие болып, соған көмектескен, яғни, көмекші болған.
Үйір-үйір жылқылардың ішінде ылғи ақтарын, шылғи көктерін, торы-күреңдерін, қара-торыларын, жорғаларын бөлек-бөлек баққызған, ұстаған. Жылда өткізілетін Қоянды, Қарқаралы жәрмеңкелеріне апарып, бірін сатып, бірін айырбастап, саудасын сәтті жүргізген. Саулық қойларды 4-5 жылда ауыстырып отырған. 100 бас сиырды сауынға, 30 өгізді жегіске ұстаған. Осының өзі төрт түлік малдың қадір-қасиетін терең білгендіктің дәлелі болса керек.
Бір қыста ақпанның ұли соққан қатты боранында барымташылар бірнеше үйір жылқыны айдап әкетеді. Боран басылғанда із кессе, қазіргі Қызылту жаққа кеткені байқалады. Ағасы мен інісін, тағы бірнеше жігіттерін ертіп алып, атам жолға шығады. Қызылтудан асып Кереку жерінде Садық деген байдың еліне келеді. Садық қарсы алады. Үйге кіріп танысып, ас ішіп болған соң атамыз құран оқиды. Құран аяқталғанда Садық басын төмен салған күйі үндемей қалады. Сәл үнсіздіктен кейін мен де қажылыққа бардым, мешіт салғыздым, көріңіз, кіріп «шығыңыз» деген соң мешітке келіп онда да құран оқиды. Үйге келгенде Садық бас жылқышысын шақыртып алып, «жылқыларды алып келіңдер, Көкшетау жаққа барсаңдар Рақым қажының малына тиіспеңдер деп айтып едім ғой» деп ұрысады. Жылқылар келеді, түгел екеніне көздері жетеді. Садық ат-шапан айыбын тартып, кешірім сұрап шығарып салып тұрғанда атамыз «мен сізге келген шаруамды айтқан жоқ едім, қалай білдіңіз?» дегенде Садықтың айтқаны екен: «Үйде оқыған құран мені ойға қалдырды, мешітте оқыған құран қатемді түсіндірді» деп. Осы оқиға атамның қажылыққа барып, бес мезгіл намазын оқып, ораза ұстап, діни жолда имандық парызынан жаңылмаған терең білімді діндәр адам болғанының дәлелі болса керек.
Бір жылы жаз құрғақ, жауынсыз болып, малды қыстан аман алып шығу үшін атамыз Қызылту өңіріндегі «Үлкен Қараой» деген жердің иелерімен келісіп (сол өңірде атағы жер жарған беделді Малғаждар деген кісі болған екен), бар малды сол жерге апарып, біржарым жыл баққызып ешқандай шығынсыз жазда қайтарып алған екен. Бұл оқиға 1915 жылғы қуаншылықта болған көрінеді. Осының өзі атамның келіссөз жүргізіп, тіл табысудың шебері болғанының дәлелі.
Атамның әулиелік қасиеті де болған екен. 2-3 күн толғақ қысып, босана алмай жатқан жас келіншектерге қажыны шақырдық дейді екен. Үйдің сыртынан келе жатқанын естісін деп жөтеліп, түшкіріп дыбыс бергенде, шыр етіп дүниеге сәби келеді екен. Атамыз үйде құран оқығанда ыдыста құюлы тұрған қара судың беті дірілдейтінін көргендер де болған. Зеренді ауданы, Дөңгілағаш ауылының тумасы, менің атам Тұтқышев Рақымқажы Тұтқышұлы осындай қасиетті адам болған. Әттең, сөзімен де, осындай жанды жазықсыздан-жазықсыз «Халық жауы» деп атып тастаған зұлымдыққа не дерсіз!..
Орал РАХИМОВ,
немересі, еңбек ардагері,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.
Көкшетау қаласы.