Таяуда қазақ халқының айтулы ақын қызы, жерлесіміз Марфуға Бектемірованың есімі Бурабай ауданының орталығы Щучинск қаласының көрнекті бір көшесіне берілді. Осы қуанышты сәтке орай, Щучинск жоғары педагогикалық колледжінде салтанатты іс-шара болып өтті.
Жиынға «AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ақманат Әлімбетова бастаған азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» кеңесінің мүшелері, өңіріміздің зиялы қауымы, ақынның жары Есенгелді Сүйінов ағамыз және туған-туыстары, жолдас-жоралары, ақынның көзін көрген өмірде сыйлас, өнерде рухтас болған әріптестері, аудан орталығындағы мектептердің мұғалімдері мен оқушылары қатысты.
Алыс-жақыннан жиналған құрметті қонақтарға алдымен, ақын шығармашылығына арналған «Жан дүниемнің жаңғырығы» атты тақырыпта ұйымдастырылған көрме таныстырылды. Көрмеде ақынның кітаптары мен жыр жинақтары, шығармашылығынан ақпарат беретін өзге де еңбектері көрініс тапқан. Осы жерде Бурабайдың маңдайалды өнер ұжымының бірі «Көкше әуендері» халықтық-фольклорлық ансамблі де әннен шашу шашып, жиналған жырсүйер қауымның көңілін бір серпілтіп тастады.
Жырларында кәусар тазалық мөлдіреп тұратын қазақтың аяулы қызы, көрнекті ақыны жерлесіміз Марфуға Бектеміроваға арналған салтанатты шараның шымылдығы ақынның сөзіне жазылған әсем әнмен ашылды. Жиында алғашқылардың бірі болып құттықтау сөз сөйлеген Щучинск қаласының әкімі Асхат Мұхамеджанов жиналған қауымға жылы лебізін білдіріп, салтанатты іс-шараға арнайы келген құрметті меймандарға алғысын білдірді.
– Көкше жерінің төл перзенті, дарынды ақын, кәсіби журналист Марфуға Бектемірованың есімі біздің Ақмола өңірінің ең бір көркем жері Бурабай ауданының орталығы Щучинск қаласының көрнекті бір көшесіне берілуі тегіннен-тегін емес. Ақын дәл осы көшеде орналасқан № 9 қазақ мектеп-интернатында, бүгінгі мектеп-гимназиясы аталатын білім ордасында тәлім алған. Аталмыш көше бәрімізге сонысымен қымбат, сонысымен ыстық. Бұл ұрпақтар сабақтастығын айқындайтын тәлімі зор, танымы терең игілікті іс екендігін аңғартады деп ойлаймын, – деді қала әкімі жиналған жұртшылыққа ақжарма алғысын білдіріп.
Иә, әлбетте, өнер мәңгілік. Өзі өмірден өтсе де, артында өлмес сөзі қалған ақынды жанымызда жоқ деуге бола ма? Әсте, олай болуы мүмкін емес. Біз тағылым тұнған, тәлімі зор, сағынышқа толы сол бір салтанатты шараға куә бола отырып, жырларынан жылу ескен ақынның шығармашылығына бойлай түстік. Марфуға апайымыздың өлеңін сүйетін, шығармашылығына құрметпен қарайтын, өнеге тұтып, үлгі алатын қалың елі барында өнерді мәңгілік дегенге кім қарсы дау айта алар…
Жиында Ақмола облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова құттықтау сөз сөйлеп, жиналған қауымға ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, «AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ақманат Әлімбетова да құттықтау сөз алып, ақынның шығармашылығына тоқталып өтіп, Марфуға апайымыздың бір өлеңін жатқа оқыды. Тамсандық, тәнті болдық. Мінекей, біз жоғарыда атап өткеніміздей, ақынның өлеңін мектеп оқушысынан бастап, лауазым иелеріне дейін жатқа білетіндігінің өзі өнерге деген зор құрмет емес пе?!
О, туған жер!
Күннен-күнге арта түсті қадірің,
Қадіріңді бір адамдай таныдым.
Саған келіп өксігімді бастым мен,
Мына өмірдің көріп талай тамұғын.
О, туған жер, қадіріңді таныдым,– деп өрілетін дарынды ақынның ақық жыр жолдарын жағымды дауысымен жатқа оқыған Ақманат Ақниетқызы жиналған қауымның жыр тербеген көңілін бір серпілтіп тастады.
Алқалы бас қосуда ақынның жары, Ресей Жазушылар одағының «Василий Шукшин» алтын медалінің иегері, жазушы Есенгелді Сүйінов сөз сөйледі.
– Марфуға Бектемірованы туған жері, ежелгі Көкше жұртшылығы, жалпы халқымыз ерекше қадірлейді. Талантты ақынның Бурабай ауданының орталығы Щучинск қаласындағы көшеге есімі беріліп, соған орай осы салтанаттың өткізілуі соның жарқын дәлелі. Осынау іске жерлестеріміз жан-жақты атсалысты. Солардың ішінде Щучинск қаласындағы №9 мектептің директоры Бибігүл Қуанышқызы Көшекованың есімін айрықша атап өткім келеді. Марфуға Бектемірованың есімі көшеге берілгенде ол жүрегі жарылардай қуанып, сүйінші хабарды маған бірінші болып жеткізген еді. 2018 жылы маусым айында Алматыдан, «Қазақстан» телеарнасынан продюссер-жүргізуші, журналист Жаңыл Асылбекова бастаған топ Марфуға жайлы «Жарқын бейне» хабарын түсіруге келгенде құшақ жая қарсы алып, қазаққа тән қонақжайлығын танытып, өз машинасымен жол бастап, ақын туған Көрнекті ауылына апарып, әке-шешесінің қолынан дәм татырған. Бурабайды аралатып, Көкшетауға апарып, хабардың сәтті шығуына зор үлесін қосты. Осы жолы да бүгінгі кештің өтуіне өзінің ғылым жөніндегі орынбасары Баян Бекетайды жанына алып, өзі басқаратын №9 мектеп-лицей ұжымын жұмылдырып, жанашырлық танытты. Кеште тарих пәнінің мұғалімі Сарқытбек Нұрдыбекұлы арнау өлеңін домбырамен орындап, 11-сынып оқушысы Мадияр Кабдуллин «Мұзды жарып шыққан бәйшешек» атты ақын шығармашылығы жөнінде ғылыми жобасы бойынша қысқаша баяндама жасады. Лицей оқушылары Марфуға Бектемірованың өлеңдерін оқып, әдемі әндерін шырқады. Кешті жүргізушілер де осы мектептің мұғалімдері мен шәкірттері. Осынау салтанатты ойдағыдай, жоғары деңгейде өткізуге тікелей ұйтқы болған №9 мектеп-лицейдің директоры, еліміздің көзі ашық, көкірегі ояу намысшыл перзенті Бибігүл Қуанышқызы Көшековаға отбасымыз, туған-туысқандар, жора-жолдастар, Марфуғаның кластас құрбылары мен оның шығармашылығын құрметтейтін сан мыңдаған оқырмандар атынан алғыс айтқым келеді. Бибігүл айналайын, Сізге зор денсаулық, баянды бақыт, отбасыңызға ынтымақ пен амандық, өзіңіз басқаратын ұжымға табыс, сәттілік тілеймін, – дей келіп, қарымды қаламгер Есенгелді Сүйінов ағамыз өз сөзінде қалың Көкше жұртшылығына, жиынға алыс-жақыннан арнайы келген құрметті қонақтардың барлығына жеке-жеке тоқталып өтіп, ақжарма алғысын білдірді.
Мінбеден сөз сөйлеген қаламгер ағамыз дарынды Марфуға ақынның өмірі мен өнері, адами болмысы, өмірлік қағидаттары, кісілік, кішілік, ізгілік пен мейірімі үндескен көркем мінезі туралы тарқатып айтып, жан жарына арнаған жыр жолдарын оқып берді. Сонымен қатар, өңіріміздің зиялы қауым өкілдері де алқалы жиынның мәнін ашатын орамды ойларын ортаға салды. Олардың қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, журналист, қонаевтанушы Ораз Қауғабай, халықаралық, республикалық айтыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы, «Көкшенің көктұйғыны» атанған айтыс өнерінің жүйрігі, ақын Құдайберлі Мырзабек, «Әдебиет порталы» интернет жобасының шығарушы редакторы, әдебиеттанушы Асылбек Байтанұлы және тағы басқалары бар. Кеш барысында ақынның шығармашылығына ден қойып, зерттеп жүрген жастар да сөз алды. Тарқатып айтар болсақ, Щучинск қаласындағы №9 мектеп-гимназиясының 10-шы сынып оқушысы, облыстық, республикалық шығармашылық және ғылыми жоба конкурстарының жүлдегері Мадияр Кабдуллин, көшенің жаңа атауларын насихаттау, ұлы тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын дәріптеу мақсатында зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүрген Щучинск қаласындағы №6 орта мектептің 10-сынып оқушысы облыстық, республикалық шығармашылық және ғылыми жоба конкурстарының жүлдегері Мадина Естаева өздерінің ғылыми жоба жетекшілерімен бірге сахнаға шығып, сөз сөйледі. Көкөрім жастардың өз тарихын танып, тұғырлы тұлғалардың өміріне бойлау мақсатында атқарып жатқан ілкімді істеріне қарап сөзсіз көңіл толары анық.
Болашақ деген сендерсіңдер, қарағым,
Гүл секілді көркісіңдер даланың.
Қолдарыңа көк туды әкеп тапсырдық,
Құлатсаңдар сен бересің жауабын.
Қуаныштан кеудемізде жыр ұшқан,
Қазақ енді көк аспанмен туысқан.
Маңдайыңа бақыт қонды, ешқашан,
Сол бақытты шығармаңдар уыстан, – деп Марфуға ақынның өзі айтқанындай, болашақтың жарқын болуы осындай білімді әрі көкірегі ояу, саналы ұрпақтың қолында екендігі даусыз. Бұған осындай тағылымды кештер өскелең ұрпақтың бойында елге, жерге деген патриоттық тәрбиені қалыптастыруға өз септігін тигізері анық.
Иә, ақын болу – Хақтың ісі. «Ақын болу үшін әлемнің қасіретін бойыңа жинауың керек» деген екен Т.Айбергенов. Шынымен де, ақын мына өмірді шексіз сүйе алатын тұлға. Ол жүрегінде өлең бүр жарғанда ағыл-тегіл егіледі, жан сырын жасырмай жырға жайып салады. Кейде өз тағдырын өлеңмен әспеттегенін де, тіпті кейбір сәтте өз болашағын өзі қалай болжап жазғанын да байқамай қалатыны бар. Өлеңнің құдіреті дейміз бе, рухтың қуатына балаймыз ба, қалай дегенмен де бір анығы, ақынның бойында бір тылсым сырдың болатыны анық. Ақын болу ғажап, ақын болу тағдырдың сыйы. Әсіресе, сол өлең ақ қардан да аппақ, ниеті таңғы шықтан да таза қыз жүрегінде бүр жарса, ол міндетті түрде әдемі әлем. Осындай тұп-тұнық кәусар жыр тұнған жүрек иесі, әлбетте Марфуға Бектемірова.
Ардақтаймын халқымның әдет-ғұрпын,
Аманбысың ағайын, бауыр-жұртым.
Қызың болып қаламын елін сүйген,
Сағынышпен ортаңа келіп тұрмын, – деп жырлаған екен ол өзінің «Көкшенің жүрегімін» деп аталатын өлеңінде. Осыдан кейін ақынды қалай шебер демейсің. Түбі бір тарих болып ортамызға оралатынын, нұр бейнесі сағым сағынышқа айналса да, ел деп соққан жүрегі сағыныштан арылмайтынын қалай болжап кеткен деген ойда қаласың.
Иә, хас талантын ел ұмытпайды, әсте естен шығармайды. Өзі де өнері де, туған жеріндей көркем Марфуға ақынның атында кербез Бурабайдың орталығында көше бар! Біз мұны ақынын құрметтеген, ақын қызын аялаған қазақтың көрегендігі деп білеміз.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Бурабай ауданы.