Жуырда өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында «Оқу жылының аяқталуы және жазғы демалысты ұйымдастыру» тақырыбында брифинг болып өтті.
Жиын барысында Ақмола облыстық білім басқармасының басшысы Шоқан Оразалин баяндама жасап, биылғы оқу жылын қорытындылап, балалардың алдағы жазғы демалысын оңтайлы ұйымдастыру мәселесі бойынша атқарылар жұмыстарды алға тартты.
– Ағымдағы оқу жылында мектептерде 138 268 оқушы бала тәлім алды, олардың 12693-і 9-сынып оқушылары болса, биылғы жылы 11-ші сыныпты 4967 түлек тәмамдайды. 9 сынып оқушылары арасында 863-і «Үздік аттестатқа» үміткер. Ал, өңіріміздегі 11-ші сыныптың 242-і түлегі «Алтын белгі» иегері болуға ниетті және 365 түлегі «Үздік аттестатқа» үміткері атанып отыр. Өздеріңіз білетіндей, облыстың алты ауданында су тасқыны жағдайына байланысты төтенше жағдай жарияланды. Тарқатып айтар болсақ, Атбасар, Астрахан, Бұланды, Есіл, Жарқайың аудандары мен Көкшетау қаласында осындай келеңсіз жағдай орын алған болатын. Осы мәселеге байланысты 2500-ге жуық бала қашықтықтан оқыды, жағдай күн сайын өзгеріп отырды, бүгінгі күні қашықтықтан оқытуда оқушылар жоқ. Бәрі дер кезінде оңтайлы шешілді.
Өндірістік қажеттілікке байланысты облыста Бұланды ауданына қарасты Иванковка ауылының бастауыш мектебінде, Жарқайың ауданының Гастелло ауылының жалпы білім беретін мектебінде, Құмсуат ауылының негізгі орта мектебі және Пригородное ауылының Абай атындағы жалпы білім беретін мектебінде жағдай тұрақталғанға дейін 2023-2024 оқу жылының 4-ші тоқсанында бөлім бойынша бақылау жұмысын (БЖБ) және тоқсан бойынша бақылау жұмысын (ТЖБ) тапсыру ұйғарылды. Ал, су тасқыны болған аймақтары қорытынды емтихандарды тапсырудан босатылмайды. 11 сынып үшін қорытынды аттестаттау ағымдағы жылдың 28 мамырынан 11 маусымына дейін өтеді, 9 сынып үшін қорытынды аттестаттау ағымдағы жылдың 29 мамырынан 10 маусымына дейін өтеді. Тағы айта кететін жайт, біздің өңіріміздің бірқатар өңірлерінде Төтенше жағдай режимінің жариялануына байланысты облыста Ұлттық бірыңғай тестілеу ағымдағы жылдың 25 мамырынан 12 шілдесіне дейін өткізілетін болады. Қалған өңірлерде тестілеу 2024 жылғы 16 мамырдан 5 шілдеге дейін өтеді, –деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ, Шоқан Оразалиннің айтуынша, білім беру сапасын арттыру, білім алушылардың, оның ішінде үлгерімі төмен білім алушылардың біліміндегі олқылықтардың орнын толтыру мақсатында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің 2023-2024 оқу жылының қорытындылары бойынша жазғы мектепті ұйымдастыру жөніндегі әдістемелік ұсынымдарына сәйкес 2024 жылғы 27 мамыр мен 31 мамыр аралығында және ағымдағы жылғы 26-30 тамыз күндері бастауыш, негізгі және жалпы орта білім берудің негізгі пәндері бойынша 1-8, 10 сынып оқушылары үшін «Жазғы мектеп» ұйымдастырылады. Басқарма басшысы өз баяндамасы өңіріміздегі техникалық және кәсіптік білім беру мәселесіне де тоқталып өтті. Қазіргі таңда облыста 20 мемлекеттік техникалық және технологиялық бейіндегі колледждер, 1 мәдениет және 1 медициналық колледж жұмыс істейді. Сондай-ақ, 7 жекеменшік колледж жұмыс істейді.
– 2023 жылдың қорытындысы бойынша 12 мемлекеттік колледж 685 студентті қамтитын 20 мамандық бойынша демонстрациялық емтихан өткізді. Ал, ағымдағы оқу жылында екі мыңға жуық студентті қамти отырып, мемлекеттік колледждердің 16-сы немесе 80 пайызы демонстрациялық емтихан өткізуді жоспарлап отыр. 2023 жылы мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде Ақмола облысының ТжКБ ұйымдарын 4487 студент бітірді, олардың 4308-і жұмыспен қамтылды. Биылғы 2024 жылы 6,5 мыңнан астам студент оқу бітіреді, оның ішінде 5 мыңға жуық білім алушы мемлекеттік тапсырыс шеңберінде, – деп атап өтті Шоқан Оразалин.
Көптің көкейінде жүрген тағы бір өзекті мәселе, оқушы балалардың жазғы демалысы. Оқушылардың демалысы мен сауығуын ұйымдастыру жергілікті атқарушы органдардың, азаматтық қоғамның және ата-аналар қоғамының маңызды міндеттерінің бірі болып табылатыны белгілі. Жиын барысында басқарма басшысы осы мәселеге де егжей-тегжейлі тоқталып, мәселенің мәнісіне тоқталды.
– Оқушылардың жазғы демалысын сапалы және қауіпсіз ұйымдастыру мақсатында ағымдағы жылы Ақмола облысы әкімдігінің жанынан облыстық штаб құрылды, оған 6 мемлекеттік органның және үкіметтік емес сектордың өкілдері кірді. 2024-2026 жылдарға арналған жазғы демалысты ұйымдастыру жоспары және қауіпсіз жазғы демалысты ұйымдастыру бойынша ведомствоаралық бұйрық әзірленіп, іске асырылуда, ай сайын оқушылардың демалыс объектілеріне баратын ведомствоаралық мониторингтік топ құрылды. Облыс аумағында барлығы 20 лагерь жұмыс істейді, оның ішінде республикалық маңызы бар «Балдәурен» орталығы бар. Солтүстік Қазақстан облысы және Астана қаласы білім басқармаларының ведомствосындағы 8 лагерь облыстың коммуналдық меншігінде. Су тасқыны салдарынан Атбасар ауданындағы «Есіл» мемлекеттік лагері зардап шекті, аталған лагерь қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін жабылды. Қалған 8 мемлекеттік лагерь мен 7 жеке лагерь жазғы маусымдардың ашылуына дайындық жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, облыста қала сыртындағы жеке лагерьлер желісі дамуда. Ағымдағы жылдың маусым айында Целиноград ауданының Қоянды ауылында жобалық қуаты бір маусымда 350 бала қамтитын «Астана кэмп» жаңа жекеменшік лагерін ашу жоспарланған. 10-15 мамыр аралығында облыстық мониторингтік топ қала сыртындағы балалар лагерьлеріне алғашқы тексеру жүргізіп, олардың жазғы ауысымдарды өткізуге дайындық деңгейін анықтады, – дей келіп, басқарма басшысы қолда бар деректерге сүйене отырып, биылғы жылы лагерьлерде жазғы демалыспен шамамен 14 500 бала қамтылатынын атап өтті. Қала сыртындағы лагерьлерге қосымша 488 мектеп базасында шамамен 76 мың баланың қатысуымен тамақтанатын және тамақтанбайтын мектеп жанындағы алаңдар жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар, қауіпсіздік мақсатында лагерьлер орналасқан жерлерде учаскелік инспекторлардың күнделікті барып тексеруі ұйымдастырылады. Ауысым өткізу кезеңінде оқушылармен төтенше жағдайлар департаменті және полиция қызметкерлерімен профилактикалық іс-шаралар жүргізілетін болады. Қазіргі уақытта мемлекеттік және жеке лагерьлердің қызметкерлері мен педагогикалық кадрлары құқық бұзушылығының жоқтығына тексерілді. Жиын соңында журналистер басқарма басшысына сұрақтар қойып, оларға тұшымды жауаптар алды.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.