Кеше Ақмола облысының әкімі, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының төрағасы Марат Ахметжанов Достық үйінде «Ел дамуының негізі – тұрақтылық пен бірлікте» атты тақырыппен өткен Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының кезекті ХХVІІ сессиясын ашып жүргізіп, сөз сөйлеп, келісім мен ынтымақты нығайтуға, мемлекеттік тілдің дамуына айтулы үлес қосып жүрген бір топ ассамблея мүшелері мен қоғам белсенділерін марапаттады.
–Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Ұлттық Құрылтайда ұлттың жаңа келбетін айқындайтын – «Адал адам – адал еңбек – адал табыс» біздің негізгі құндылықтарымыз екендігін айтқан болатын. Бұл ретте, ассамблеяның маңызы жоғары. Әсіресе, этностардың ынтымақтастығы мен бірлігін қамтамасыз етудегі рөлі ерекше. Бүгінде облыс аумағында Ассамблея мүшелерінің қатысуымен әртүрлі этнос өкілдерінің қазақстандық қоғамға интеграциялауға, ұлттық бірлік пен азаматтықтың құндылықтарын дамытуға, қоғамдық келісім мен бейбітшілікті сақтауға бағытталған іс-шаралар мен жобалар іске асырылуда, –деді өзінің алғысөзінде Марат Ахметжанов.
Жыл басынан бері облыс аумағында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған 10 мыңнан астам адамды қамтитын 236 іс-шара өтіпті. Бүгінде облыста этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық құрылымдар өкілдерінің қатысуымен Қазақстан халқы ассамблеясының 8 жобасы жалғасын табуда. Сессияда баяндама жасаған Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Сабырхан Кенжебаев:
–Облыстағы 21 ақсақалдар кеңесі тұрақты негізде халықтың әлеуметтік мәселелерін уақытылы анықтау және шешу бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізіп, сондай-ақ, тұрғындар арасында келісім мен бірлікті сақтау бағытында 70-тен аса ақпараттық-түсіндіру кездесулерін өткізді. Ассамблеяның «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында Аналар кеңесі бірқатар шаралар ұйымдастырып, ұлт болашағы жастар тәрбиесі, ұрпақтар сабақтастығына бағытталған «Ақ жаулық – Аналардың символы» фестивалін, «Қыз – ұлт болашағы», «Бұрымды қыз», «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» облыстық конкурстары, мастер-класстар, қайырымдылық акциялар мен дөңгелек үстелдер өткізді,– дей келе, «Этносаралық жанжал көріністерінен бас тартуға бағытталған әлеуметтік көзқарастарды әзірлеу арқылы медиация институтын дамыту» жобасын іске асыруда Достық үйінің базасында 1 медиация кабинеті және облыс аудандарында 18 медиация алаңы жұмыс істейтіндігіне тоқталды. Сонымен бірге, хатшылық меңгерушісі Ақмола ассамблеясының қызметін ғылыми сүйемелдеуге бағытталған Ғылыми-сараптамалық топтың, Көкшетау қаласында орналасқан екі жоғары оқу орнының ассамблея кафедраларының жұмысын, «Ассамблея жастары» өкілдігімен бірлесіп атқарылған іс-шараларды жан-жақты баяндады.
Сессияда «Санги-Кабуд» тәжік мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының еріктілер орталығының жетекшісі Умар Шоназаров пен облыстық «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Дастан Ермеков биылғы көктемгі су тасқыны кезіндегі ауыртпалықтардың халықтың бірлігі мен ынтымағы, ұйымшылдығы мен татулығының арқасында еңсерілгенін, сонымен бірге, республика көлемінде ұйымдастырылған «Таза Қазақстан» акциясына қатысқан түрлі этнос өкілдері мен жастар белсенділерінің жұмыстарына ерекше тоқталды. Ақмола ассамблеясы жанындағы ғылыми-сараптамалық топтың төрағасы Марат Өтегенов, Ақкөл ауданы балалар музыка мектебінің оқытушысы Зента Цой да сахнаға көтеріліп, ассамблеяның мән-маңызы мен ел бірлігіне қосқан елеулі үлестеріне қатысты ойларын ортаға салды.
–Туған жерім – қазақ елі. Оның тілі мен мәдениетін құрметтеу – менің борышым. Ата заңда мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп анық та айқын жазылған. Ендеше, Қазақстанда тұратын әрбір азамат осы елдің мемлекеттік тілін білуі парыз. Жақында ғана Мемлекет басшысы елімізге көшіп келуші шетелдіктерге мемлекеттік тілді білмесе, азаматтық берілмейді деген талап қойды. Бұл талапты мен қуана қабыл алдым. Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар да бұл міндетті қолдап, еліміздің дамуы мен гүлденуі жолында аянбай тер төгеді деп ойлаймын, – деді Целиноград ауданы Арайлы ауылы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, жуырда Мемлекет басшысының қолынан «Шапағат» медалін алған, ұлты поляк Анастасия Ирубаева сессияда таза қазақша сөйлеген сөзінде.
Сессия барысында Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының құрамына жаңа мүшелер қабылданды.
–Енді біз Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқы ассамблеясының кезекті ХХХІІІ сессиясында жүктеген тапсырмаларын жауапкершілікпен, сапалы орындауымыз қажет. Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында Прездентіміз ұлттық жаңғырудың 6 идеологиялық бағытын ұсынды. Бұл міндеттерді іске асыруда Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы өз алдына жоспар құрып, оның тиімді орындалуын қамтамасыз ету тиіс. Қоғамда алауыздық тудыратын кез келген арандатушылыққа тосқауыл қою да Ассамлея мүшелерінің маңызды міндеті. Олар мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіне белсенді қатысулары керек. Этносаралық жанжалдар азайғанымен, шиеленіс ошақтарын анықтап, болдырмауға көңіл бөлу керек, – деген облыс әкімі өңірдегі бірқатар әлеуметтік-экономикалық бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды.
Сессия соңында облыс әкімі Ақмола ассамблеясының мүшелері қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайтуға зор үлес қосып келе жатқанын айтып, оларға игі жақсы тілегін жеткізді.
Достық пен ынтымақтастықты нығайтуға, мемлекеттік тілді дамытуға ерекше еңбек сіңіріп жүрген Алена Малькова-Солопова «Шапағат» медалімен марапатталса, облыс әкімінің Алғыс хаттары Аршалы ауданының ақсақалдар кеңесінің төрағасы Владимир Биджиев, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы медиация кеңесінің төрайымы Гүлнар Мәдиева, Ақмола ассамблеясы жанындағы журналистер клубының мүшесі, «Ақмола ньюс» ақпараттық порталының редакторы Алма Байғожина секілді бір топ жерлестерімізге табыс етілді.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.