Биыл облыстың барлық мектептерінде соңғы қоңырау салтанатын «Білімім – Отаныма!» бірыңғай сынып сағаттары алмастырды.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботакөз Дүйсенова Көкшетау қаласындағы 60 жылдық тарихы бар Абай атындағы дарынды балаларға арналған мамандырылған мектеп-интернатына барып, үздік ұстаздарға ведомство атынан Алғыс хаттар мен Құрмет грамоталарын табыс етті.
Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі биыл соңғы қоңырау салтанатын мерекелемей, оның орнына бірыңғай сынып сағаттарын өткізу туралы шешім қабылдаған болатын. Себебі, биыл елімізде орын алған көктемгі су тасқынына орай, кей облыстарда төтенше жағдай жарияланып, көптеген отбасылар зардап шеккені белгілі. Оның ішінде біздің Ақмола облысы да бар. Сондықтан, биыл сынып жетекшілері оқушылармен және ата-аналармен бірлесіп, сынып сағаттарында оқу жылын қорытындылады.
Биылғы 2023-2024 оқу жылын облыста 138 268 оқушы тәмамдауда. Соның ішінде 9 сыныпты 12693 оқушы аяқтаса, 11 сыныпты бітіретін түлектер саны 4967-ні құрайды. Биыл облыста «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер 242 мектеп бітіруші болса, үздік аттестаттан 365 оқушы үмітті.
Абай атындағы дарынды балаларға арналған мамандырылған мектеп-интернаты 1963 жылы Көкшетау облыстық қазақ мектеп-интернаты болып ашылған. Аталмыш білім ошағында облыстың әр түкпірінен, ауыл-аймақтан келген балалар білім алады. 60 жыл ішінде мектеп-интернатты 5 мыңға жуық түлек аяқтаған. Олардың көбі бүгін ел игілігі жолында еңбек етіп жүрген танымал азаматтар.
2020 жылы білім ордасына Абай Құнанбайұлының есімі берілді. Соңғы үш жылда мектептің 181 оқушысы облыстық, 47 шәкірті республикалық байқауларда жеңімпаз атанды.
–Облыс әкімдігі Абай атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының жатақханасын күрделі жөндеуден өткізуге 546 миллион теңге қаржы бөлді. Облыс әкімі Марат Ахметжанов дарынды балалар оқитын мектептерге аса назар аударып, ұстаздары мен оқушыларын осылай қолдап отыр, – дей келе, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботакөз Балапайқызы жарты ғасырдан асқан тарихы бар білім ордасының ұстаздары мен оқушыларын оқу жылының аяқталуымен, жыл барысында жеткен игі жетістіктерімен шын жүректен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді және облыстық білім басқармасы басшысының атынан бірқатар ұстаздарға Алғыс хаттар мен Құрмет грамоталарын табыстады.
–Оқу жылында көптеген сайыстарға қатысып жүрдім. Бұл мен үшін үлкен жетістік, сол үшін ата-анам, сынып жетекшім Айдана Асқарқызы және пән бойынша жетекшім Арайлым Айдарбекқызына алғысымды білдіргім келеді. Олардың қолдап-қолпаштауының арқасында мен де үлкен жетістіктерге жеттім. Менің Отанымның дамуына қосқан алғашқы қадамым ғылымды насихаттаудан басталып отырғанына қуаныштымын. Болашақта медицина саласын түрлі ғылыми жобалармен қамтып, еліміздің биология саласын топ-3 елдің қатарына енгізгім келеді, – деді аталмыш оқу орнының 8 б сынып оқушысы Бегзан Зерде сынып сағаты барысында. Осындай болашағына үмітпен қарайтын жеткіншектерді тәрбиелеп келе жатқан білім ордасынан бүгінде 50-ге жуық жас түлек түлеп ұшқалы отырса, 40-тан астам оқушы 9-шы сыныпты аяқтағалы отыр.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.