Жуырда Ақмола облыстық сотының төрағасы Арман Жүкенов сот корпусына жергілікті соттарға тағайындалған судьяларды таныстырды.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 19 сәуірдегі Жарлығымен Ақмола облысы бойынша Ақбала Қозбаева Атбасар аудандық сотының судьясы, Қайрат Темірханов Ерейментау аудандық сотының судьясы, Назгүл Ұстажанова Көкшетау қалалық сотының судьясы, Әсемгүл Сайранқызы Степногорск қалалық сотының судьясы, Баян Егембердиева Целиноград аудандық сотының судьясы қызметіне тағайындалды.
Судья лауазымына алғаш рет тағайындалғандар облыс судьяларының кеңейтілген мәжілісінде судьялық борышын орындауға, әділ әрі бейтарап болуға, Қазақстан Республикасының заңдары мен Конституциясына ғана бағынып, сот төрелігін адал жүзеге асыруға салтанатты түрде ант берді.
Арман Жүкенов тағайындалған судьяларды қызметке кірісуімен құттықтап, азаматтардың құқықтарын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету және сотқа сенімді нығайтуды әрқайсысының аса маңызды міндеттерін атай отырып, әрқайсысына жауапты қызметтерінде табысты болуларына тілектестігін білдірді.
Осы отырыста Мемлекет басшысының Жарлығымен отставкаға шығуына байланысты, Көкшетау қалалық сотының судьясы Атымбек Жұмабеков және өз тілегі бойынша Көкшетау қалалық сотының төрағасы Қазыбек Дегенбаев атқаратын қызметтерінен босатылды.
Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі.