Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова Халықаралық балаларды қорғау күнін мерекелеу және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы брифингке қатысып, мүдделі органдардың жазғы демалыс кезінде ұйымдастыратын қауіпсіздік шараларын тыңдады.
Балалық шақты қорғау және баланың әл-ауқатын қамтамасыз ету Қазақстанның мемлекеттік саясатының ең маңызды және басым бағыттарының бірі. Сондықтан, биылғы жылы Халықаралық балаларды қорғау күні жаңа тұжырымдама аясында балалардың өмір сүру, білім алу және демалу құқықтарын сақтау мәселелеріне ересектердің назарын аударуға бағытталып отыр.
–Ақмола облысында балалардың құқықтарын қорғау жүйелі негізде жүргізіледі. Бүгінде облыста балалар құқықтарын қамтамасыз ету мәселелерімен жергілікті деңгейдегі біліім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, полиция органдары мен үкіметтік емес ұйымдар айналысады. Биыл жаңа тұжырымдама негізінде облыста халықаралық балаларды қорғау күніне «Бақытты балалық шақ» акциясы бойынша бірқатар іс-шаралар жоспарланған, –деді облыс әкімінің орынбасары.
Өз кезегінде облыстық білім басқармасының басшысы Шоқан Оразалин балалар құқығын қорғау мен олардың демалысын ұйымдастыру бойынша атқарылып жатқан шараларға жалпы шолу жасады. Ол сөз барысында облыстың білім беру ұйымдары балалардың сапалы білім алуы үшін жоспарлы жұмыс жүргізіп, материалдық-техникалық база мен инфрақұрылым жыл санап жақсартылып келе жатқанын тілге тиек етті.
1 маусымда балалар үшін аудандар мен қалалардың орталық алаңдарында концерттік, ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылады Сандықтау ауданының «Жас дәурен» лагері ашылып, алғашқы ауысымында Шортанды ауданынан 100 бала қабылдайды. 3 маусымнан бастап 488 жалпы білім беретін мектепте жазғы лагерь алаңдары жұмыс істейді. Сонымен қатар, балалар үшін қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша қарапайым ережелерді сақтау бойынша дәрістер мен әңгімелер ұйымдастырылады, – деді басқарма басшысы.
Сонымен бірге, брифингте облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ерболат Құсайынов, төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы, подполковник Жанат Асылбеков те баяндама жасап, өз салалары бойынша жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігі үшін атқарыатын жұмыстардың барысын баяндады.
Брифинг соңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері жазғы демалыс кезінде қала сыртындағы лагерьлердің қауіпсіздігі, олардың бейнебақылау камераларымен қамтылуы, дабыл түймелерінің болуы, Интернет байланысымен қамту қажеттігі секілді мәселелерді алға тартып, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жасалып жатқан жағдайлар туралы сұрап білді.
–Бүгінде жазғы лагерьлерді ашу бойынша әзірге ауа райының қолайсыздығы мүмкіндік бермей отыр. Осы уақытқа дейін қала сыртындағы лагерьлерге алдын ала құрылған комиссия мүшелері барып, мониторинг жүргізді. Қала сыртындағы лагерьлеріміздің екеуінде әзірге бейнебақылау камералары жоқ, жақын арада оларда жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін мердігерлер келісім-шарт бойынша орнатып береді. Дабыл түймелері лагерьлердің 80 пайызында бар. Сондай-ақ, қала сыртындағы лагерьлерді Интернет байланысымен қамтуға тырысамыз. Әрі полиция қызметкерлері кестеге сай лагерьлерде кезекшілік атқаратын болады, –деді облыстық білім басқармасының басшысы.
Сонымен бірге жазғы лагерьлердегі жылы дәретхана, душ кабиналары қаншалықты орнатылғандығы туралы мәселе көтеріліп, басқарма басшысы барлық лагерьлерде бұл жағынан ешқандай мәселе жоқтығын айтты.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажырының» өз тілшісі.