Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жаз қызығы тосып тұр - АРҚА АЖАРЫ

Жаз қызығы тосып тұр

Міне, көптен күткен жайдары жаз мезгілі жетіп, оқушылар қауымы үш ай демалысқа шықты. Осы ретте, Ақмола облыстық білім басқармасының басшысы Шоқан Оразалинмен әңгімелесіп, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру туралы сұрап білген едік. 

Оқушылар қауымы мамыр айы туысымен жазғы демалысқа шығуды күн санап, тағатсыздана күтетіні белгілі. Қазір бұрынғыдай қырда қуыспақ ойнап, бәйшешек теріп, көгалда доп қуып, шаттанатын балалар кемде-кем шығар…

–Ағымдағы жылдың 1 маусымынан бастап облыстың оқушылары үшін жазғы демалыс басталды. Оқушылардың демалысы мен сауығуын ұйымдастыру жергілікті атқарушы органдардың, азаматтық қоғамның және ата-аналардың маңызды міндеттерінің бірі. Ақмола облысында жазғы каникул кезеңінде оқушылардың сауықтыру демалысын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру бойынша дайындық жүргізілуде. Демалыс, сауықтыру және жұмыспен қамтудың барлық түрлерімен жаз бойы 1-10 сыныптардың 132089 оқушысы қамтылатын болады. Оқушылардың жазғы демалысын сапалы және қауіпсіз ұйымдастыру мақсатында ағымдағы жылы Ақмола облысы әкімдігінің жанынан облыстық штаб құрылып, оның құрамына мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кірді. 2024-2026 жылдарға арналған жазғы каникул кезеңінде оқушылардың сауықтыру демалысы мен жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру жөніндегі өңірлік жоспар іске асырылуда. Балалардың қауіпсіздігі мақсатында лагерьлердің ай сайынғы мониторингі үшін ведомствоаралық комиссия да құрылды. Республикалық және облыстық штабтың 3 отырысы өткізілді, –дейді басқарма басшысы Шоқан Жетпісбайұлы.

Сонымен, облыста балалардың жазғы демалысы үш бағыт бойынша  ұйымдастырылмақшы. Бірінші бағыт – қала сыртындағы демалыс. Аталмыш бағытта облыс аумағында балаларды сауықтыруға арналған 15 орталық жұмыс істейтін болады, олардың 9-ы мемлекеттік, 6-уы жеке меншік орталықтар. Сонымен бірге,  республикалық маңызы бар «Балдәурен» оқыту-сауықтыру орталығы мен Солтүстік Қазақстан облысы және Астана қаласы білім басқармаларының ведомствосындағы 4 лагерь бар. Мемлекеттік лагерьлер Солтүстік Қазақстан облысының аумағында, Ақмола облысының Атбасар, Ақкөл, Зеренді, Бурабай, Ерейментау, Сандықтау аудандарында орналасқан.

–Биылғы жазғы демалыста әр лагерь 6-7 ауысым бойынша балаларды қабылдайтын болады. Орталықтардың орындарын қоса есептегенде 2250-ден аса бала демалыспен қамтылады. Демалыс уақытының ұзақтығы 7-10 күнді қамтиды. Сонда жаз бойы қала сыртындағы лагерьлерде шамамен 14500 ақмолалық оқушы демалыспен қамтылады. Бұлардың ішінде 1600 оқушы тегін демалады, –дейді басқарма басшысы.

Енді осы лагерьлерге берілетін немесе сатып алынатын жолдаманың құнына келер болсақ, мемлекеттік лагерьлерге бір баланы демалтуға жіберуге 46-115 мың теңге аралығында қаржы қажет, жеке лагерьлер де жолдама құны 90-130 мың теңге шамасында. Биыл жолдамалар құны былтырмен салыстырғанда 20-25 пайызға өскен екен. Сөйтіп, облыс оқушыларын демалыспен қамтуға «Жалпыға бірдей білім беру» қорынан жолдама сатып алуға 121,5 миллион теңге қарастырылып, ол халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларына берілмекші. Былтыр, яғни, 2023 жылы жалпыға бірдей оқу қорынан жазғы демалысқа 85,5 миллион теңге бөлініп, оған 1500 оқушы тегін демалған екен.

Сонымен қатар, жазғы кезеңде облыстың 265 оқушысы «Балдәурен» республикалық орталығының филиалдарына барады. Сенімгерлік басқарушымен шарт жасасу шеңберінде әлеуметтік осал топтарға жататын отбасылардың 150 баласы 5 маусымнан бастап «Звездный» балаларды сауықтыру орталығына жіберіледі.

–Қазіргі уақытта Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, тегін демалысты ұйымдастыру туралы мәселені пысықтап жатырмыз. Сондай-ақ, ауыл мектептеріндегі 5-8 сыныптардың шығармашылық, зияткерлік, спорттық конкурстар мен фестивальдердің жеңімпаздары болып табылатын 1005 оқушысы үшін «Қазақстан халқы» қорының қаражаты есебінен тегін демалыс ұйымдастырылады деп күтілуде. Осылайша, алдын ала болжам бойынша облыстың 3020 оқушысы қала сыртындағы демалыспен тегін қамтылатын болады, –деп айтып берді Ш.Оразалин.

Жазғы демалыстың екінші бағыты – қала сыртындағы демалысқа қосымша 3 маусымнан бастап мектептер жанынан жазғы алаңдар ашу. Бұл бағытта 488 мектеп базасында шамамен 76 мың баланың қатысуымен тамақтанатын және тамақтанбайтын мектеп жанындағы алаңдар жұмыс істейтін болады. Ал, әлеуметтік осал топтардағы балаларға арналған мектеп жанындағы лагерьлерде тамақтандыру мемлекеттік қызметтер арқылы ұсынылса, қалған балалар ата-анасының төлемі есебінен тамақтанады.

Демалыстың үшінші бағыты аз шығынды нысандар болып табылады. Мұнда жаз бойы 7 мыңға жуық бала өлкетану жорықтарына қатысып, шатыр, киіз үй, археологиялық лагерьлер секілді нысандарда зерттеушілік жұмыстармен айналысатын болады.

«Тәуекел тобындағы» 18 868 мың ақмолалық оқушы бірінші кезекте демалыспен және сауықтырумен қамтылады. Олар халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан 17089 бала, 367-сі ювеналды полицияда, 400-і мектепішілік есепте тұрған жасөспірімдер, 986-сы қолайсыз отбасында тәрбиеленіп жатқандар. Ал, алдын ала алынған мәліметтер бойынша, ата-аналарының төлемі есебінен шамамен 25 600 бала қала сыртындағы орталықтарда демалады деп болжанған. Осылайша, сауықтыру мен демалыстың барлық түрлерімен 117900 бала немесе облыс оқушыларының 88,3 пайызы қамтылатын болады.

Биыл республиканың 6 облысында көктемгі су тасқыны орын алып, қаншама отбасылар зардап шекті. Бұл қатарда біздің облыстың да бірер аудандары бар. Сол су тасқынынан зардап шеккен отбасылардан шыққан 60 бала облыс лагерьлерінде тегін демалыспен қамтылады. Осы санаттағы тағы 128 оқушы «Балдәурен» республикалық оқыту-сауықтыру орталығының филиалдарына жіберіледі деп жоспарлануда.

Сонымен қатар, балалардың жазғы уақытта жұмыспен қамтылуы мақсатында 1300 шығармашылық үйірмелер мен студиялар, үш мыңға жуық еңбек жасақтары, көгалдандыру бригадалары, мыңнан астам зияткерлік жұмыспен қамту нысандары мен спорт секциялары ұйымдастырылады. Мәдениет, спорт және білім беру саласындағы мемлекеттік тапсырысты іске асыру шеңберінде облыстың 29 мыңға жуық баласына үйірмелер мен секцияларға тегін қатысу мүмкіндігі ұсынылды. Осындай нысандармен 132 мыңға жуық оқушы демалыс кезіндегі жұмыспен қамтылады. Бұл жалпы оқушылар санының 99 пайызын құрайды.

Енді осы жазғы демалыс кезіндегі балалардың қауіпсіздігін ұйымдастыру мақсатында ведомствоаралық мониторинг жүргізіліп, қала сыртындағы 15 лагерь тексерілді. Комиссия құрамына 4 мемлекеттік орган және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері – санитарлық-эпидемиологиялық бақылау, төтенше жағдайлар, полиция департаменттері мен білім басқармасының, балалар-жасөспірімдер туризмі жөніндегі республикалық ұйымның өкілдері кірді. Мониторингтің мақсаты – лагерьлердің дайындық деңгейін анықтау және лагерьлердегі балалардың қауіпсіздік кеңістігін бақылап, тексеру. Сандықтау ауданында «Жас дәурен» лагері балаларды 1 маусымнан бастап қабылдай бастайды, 10 маусымға дейін тағы 3 маусымдық лагерьді ашу жоспарлануда. Қалған лагерьлер ағымдағы жылдың 17 маусымына дейін ашылады.

Қауіпсіздік мақсатында лагерьлер орналасқан аумақтарға учаскелік инспекторлар күнделікті барып, қадағалап отырады. Бүгінде полиция департаментімен бірлесіп, онда қадағалау жасайтын жауапты тұлғалар бекітіліп, жоспар-кесте әзірленді. Ауысым кезеңінде демалушы оқушыларға төтенше жағдайлар мен полиция департаменттерінің қызметкерлері профилактикалық іс-шаралар өткізетін болады.

Қазіргі уақытта мемлекеттік және жеке лагерьлердің қызметкерлері мен педагогикалық кадрларының соттылығы мен құқық бұзушылығына тексеріс жүргізілуде.

–Лагерь аумағында балалардың қауіпсіздігін ұйымдастырудың маңызды құрамдас бөлігі объектілерді бейнебақылау және дабыл түймесімен жабдықтау болып табылады. Қазіргі уақытта 8 мемлекеттік лагерьдің 6-уында бейнебақылау камералары бар, қалған 2 лагерьде аппаратура сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Дабыл түймесі 4 мемлекеттік лагерьде жұмыс істейді, 3 лагерь жедел басқару орталығына қосылған. Дегенмен, лагерьлер интернет желісі қамтылмаған орманды-дала аймақтарында орналасқан. Осының салдарынан кейбір лагерьлерді жедел басқару орталықтарына қосу мүмкін емес. Бұл мәселені шешу үшін облыс әкіміне ұсыныс жасалды, – деді сөз барысында Шоқан Жетпісбайұлы.

Оқушылардың сапалы демалысын ұйымдастыру, ең алдымен, лагерьлер мен қала орталықтарының инфрақұрылымына байланысты. Жалпы, облыс аумағында бірқатар демалыс орталықтарына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары қажет. Мәселен, көктемгі су тасқыны салдарынан Атбасар ауданындағы «Есіл» мемлекеттік лагері зардап шеккені белгілі. Қазіргі уақытта оны қалпына келтіруге арналған жұмыстар қолға алынып, лагерьдің өзі уақытша жабық тұр. Сонымен бірге, Ақмола облысының лагерьлерін жаңғыртуға биыл облыс бюджетінен 314,6 миллион теңге бөлініп, бұл қомақты қаржыға «Жұлдыз» балаларды сауықтыру орталығы мен «Сұңқар» сауықтыру кешеніне күрделі жөндеу жүргізіледі. Бұған қоса, облыста қала сыртындағы жеке лагерьлер желісі дамуда. Ағымдағы жылдың маусым айында Целиноград ауданының Қоянды ауылында бір маусымда 350 баланы қамтитын «Астана кэмп» жаңа жеке меншік лагерін ашу жоспарлануда.

Міне, біздің Ақмола облысында балалардың жазғы демалысы осылай ұйымдастырылмақшы. Олай болса, балаларымыз жазғы демалысын жақсы әрі қызықты өткізеді деп ойлаймыз.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар