Анемия сарқатынан сақтана білген жөн

Темір тапшылығынан болатын қанның аздығын ағзадағы гемоглобин мен эритроциттердің жетіспеуінен білуге болады. Сырқат медицина тілінде анемия деп аталады.

Гемоглобин – қан құрамында темірі бар белок. Бұл белок өкпеден ағзаға оттегі береді де, кері қарай көміртекті газ береді. Гемоглобин эритроциттерде, басқаша айтсақ, қанның қызыл клеткаларында болады.

Темір тапшылығынан болатын қанның аздығы өте жиі кездеседі. Атап айтқанда, қандағы гемоглобин деңгейінің төмендеуінен болатынанемиялардың бестен төрт бөлігін құрайды.

Бұл сырқат үш түрге бөлінеді. Жеңіл деңгейдегі анемияда 1 литр қанда 90-110 грамм гемоглобиннің бары байқалады. Оның клиникалық белгілері болмайды.Екінші денгейінде гемоглобин көрсеткіші 70-90 граммнан аспайды. Мұнда тез шаршайтын әлсіздік, терінің қан аздығын байқататын солғындығы көрініс береді.

Ал, ауыр түрінде гемоглобин деңгейі 1 литр қанда 70 граммнан төмендеп кетеді. Сөйтіп, осы сырқат сәл күш түскенде ентігумен, бастың айналуы, жүректің жиі соғуы, құлақта шу туындауымен, ұйқының жиі бұзылуымен, асқа тәбеттің болмауымен ерекшеленеді. Терінің қанның аздығын білдіріп  тұратын белгілері одан сайын айқын көрінеді. Яғни, адам аппақ қудай болып,  терісінің түсі өңеді.

Ағзадағытемір тапшылығының негізгі себептерін жоғарыда айттық. Бұл ауруға анемиямен ауырған анадан туған бала да шалдығуы мүмкін. Сонымен бірге, тек өсімдіктен тұратын тағамды тұтынған, ас мәзірі біркелкі болған және майлар мен углеводтар басым түскен жағдайларда да осы сырқат өрбиді. Темірдің жетіспеушілігі тұқым қуалауы да ықтимал.

Темір жетіспеушілігін немесе анемияны емдеу үшін алдымен оның себептерін айқындап алу керек. Белсенді өмір салтын ұстанып, күн сайын таза ауада серуен құрған пайдалы. Диетаны ұстаған жөн. Ас мәзірін түрлендіріп, оған ірімшік, ет, балық, жұмыртқа  белогын, бауыр, бүйрек тағамдарын қосу қажет. Майлы өнімдерді тұтынуды шектеп, сары май, өсімдік, соя майларын пайдаланған жөн. Сондай-ақ, сүт ішуді де азайтып, қою шайдан тартыну керек. Өйткені, олар ағзада темірдің  сіңірілуіне кедергі келтіреді. Әдетте анемиямен ауырған адамдарға әртүрлі жармалардан жасалған тағамдар, қант, бал, түрлі тосаптар, ұннан жасалған өнімдер, көкөністер, жеміс-жидектер ұсынылады.

Мұндайда диеталық терапияның маңызы өте зор. Сонымен бірге, белсенді өмір салтын ұстанып, таза ауада көп жүрудің де анемия сырқатының алдын алуға көп септігі барын ұмытпаған жөн.

Ал, енді анемия неден туындайды? Осының себеп-салдарына келсек, бала туғанда аналардың ағзасындағы темірдің тапшылығы да осы сырқатқа алып келеді. Екінші бір себебі, ағзаға тағаммен бірге темірдің бірқалыпты сіңуіне кейбір кері әсер ететін факторлар болады. Мәселен, вегетариандық өмір салтын ұстану, яғни, тек өсімдік түрлерінен тұратын тағамды тұтыну да  осы ауруды туындатуы мүмкін. Сол сияқты, ағзадағы темірдің мөлшерін тұқым қуалаушылықпен берілетін ауытқушылықтар да өзгертіп тұрады.

Жалпы осы сырқат байқалғанда, В және С тобына жататын витаминдерді көбірек тұтынған жөн. Мұның алдыңғысы бауыр, бүйрек сияқты ет өнімдерінде, жұмыртқаныңсары уызында, ет  пен балықта, сүт пен ірімшікте, түрлі жармаларда, ал, С витамині (аскорбинді қышқыл) салатта, жасыл сарымсақта, қырыққабат пен сояның дәндерінде көп болады.

Ағзада темірдің мөлшерін ұлғайтатын дәрі-дәрмектер қабылдау шарт. Алғашқы үш айда емдік дозаларда, кейін профилактикалық мақсатта. Ауыр жағдайларда тамырға және ет талшықтарына укол тағайындайды. Қан құю процедурасын жүргізеді.

Әркім өз бойынан жоғарыда айтылған ауру белгілерін байқаса, терапевт немесе гематолог дәрігерге көрініп, анализдер тапсыруы, дәрігерден емдік шаралар алып, оларды бұлжытпай орындауы тиіс. Сонда ғана ағзадағы қанның аздығынан арылып, денсаулығыңызды түзей аласыздар.

Күлзайра АЙМУРЗИНОВА,
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті
Ақмола облысы бойынша департаментінің №5 бөлімінің басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар