Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақкөл ауданының әкімі Біржан Әбдірахманов ауданның құрылыс, жарықтандыру, жол құрылысы сияқты аса маңызды даму бағыттарынан сөз қозғады.
Аудан әкімінің айтуынша, ағымдағы жылы аудан орталығы Ақкөл қаласындағы 60 пәтерлі тұрғын үй құрылысы жалғасуда. Сондай-ақ, тұрғын үй алу тізімінде кезекте тұрғандарды пәтерлермен қамтамасыз ету үшін аудан орталығында көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысына инвесторларды тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізілді. Бүгінгі таңда «STA group 2024» инвесторымен 45 пәтерлі тұрғын үй құрылысына келісім-шарт жасалды және «МТЛ-Арка» ЖШС-мен де осындай жұмыстар жүргізілуде.
Ақкөл қаласындағы Иманов көшесіндегі 45 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысын аяқтау бойынша мәселе бар көрінеді. Бұл тұрғын үй халықтың әлеуметтік осал топтарын пәтермен қамтамасыз ету үшін жалға беріледі.
–Қазіргі уақытта мердігердің шарт бойынша міндеттемелерді жосықсыз орындауына байланысты құрылыс-монтаж жұмыстары тоқтатылды. Ауданның құрылыс бөлімі сотқа арыз берді, қазір сот талқылаулары өтуде. Сот шешімі шыққаннан кейін басқа мердігермен келісім-шарт жасалып, жұмыстар қайта басталады, – деп түсіндірді мұны Біржан Әбдірахманов.
Аудан тұрғындарын ауыз сумен жабдықтау, жарықтандыру, жол жөндеу, басқа да мәселелердің қарастырылып жатқандығы, бұл бағытта тиісті шаралар қолданылғаны анық байқалады. Домбыралы, Кеңес, Қына ауылдарындағы су құбырларын қайта жаңарту жұмыстарын аяқтау, сондай-ақ, Амангелді, Талқара, Өрнек ауылдарында су құбыры желілерін қайта жаңарту жұмыстары қолға алынды.
Елді мекендерде жарықтандыру мәселесін шешу үшін Қарасай, Саздыбұлақ, Рамадан, Қараөзек, Новорыбинка, Өрнек, Жалғызқарағай ауылдарында көше жарығын орнату жұмыстары басталды. Көшелерді жарықтандырудың жалпы ұзындығы 8,7 шақырымды құрайды.
Сондай-ақ, Ерназар-Наумовка аудандық маңызы бар автомобиль жолын, Ақкөл-Азат-Новорыбинка облыстық маңызы бар жолын, ұзындығы 6,1 шақырым Домбыралы ауылының көше жолы желісі мен осы ауылға кіреберіс автомобиль жолын орташа жөндеуге сараптаманың оң қорытындысымен жобалар әзірленді. Қаражат бөлуге бюджеттік өтінімдер Ақмола облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына жолданды.
Брифинг соңында аудан әкімі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің аудан бойынша кадрлардың жетіспеушілігі, жылумен қамтамасыз ету және құрылысқа байланысты сауалдарына жауап берді.
Сабина ТАСБОЛАТ,
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің,
журналистика және саясаттану факультетінің 2-ші курс студенті.