Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жеңіл өнеркәсіптің жеңіл емес мәселелері - АРҚА АЖАРЫ

Жеңіл өнеркәсіптің жеңіл емес мәселелері

9  маусым – Жеңіл өнеркәсіп қызметкерлері күні

Оны отандық бір кәсіпорынның басына түскен жағдайдан да аңғаруға болады. Жалпы, халықтың әлеуметтік әлеуетін көтеруде жеңіл өнеркәсіптің ықпалы өлшеусіз. Жергілікті тұрғындардың, әсіресе, әйелдердің арасындағы жұмыссыздықты жоюдың бірден-бір тиімді жолы тоқыма тоқу мен тігін тігу секілді жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту болып табылады. Бұл саланың өнімдеріне деген сұраныс та жоғары.

Тоқылған дайын өнімдер

Азық-түлік тауарларынан кейінгі екінші орынды иеленеді. Қазіргі таңда облыс орталығында бұған дейін жеңіл өнеркәсіптің дамуына ерекше үлес қосып келген бір кәсіпорын ауызға бірден түседі. Ол Татьяна Басан басқарып отырған «Арман» тоқыма фабрикасы. Дегенмен, кәсіпорынның қазіргі жағдайы мәз емес екендігін өз көзімізбен көріп оралдық.

Татьяна Басанның айтуынша, ел тәуелсіздігімен құрдас бұл кәсіпорын бұрын 30 адамды жұмыспен қамтыса, қазіргі таңда онда алты-ақ адам еңбек етуде. Себебі, кәсіпорын өнімдеріне сұраныс азайған. Оның басты себебі – халықтың сапасы жоғары отандық өнімнен гөрі, Қытай, Қырғыз секілді елдердің арзан өнімдеріне әуес болып кетуі.

Тоқымашы Елена Ермолаева

–Мен бұл салада 20 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келемін. «Арман» тоқыма кәсіпорны сырт киімдерді, яғни, ерлер мен әйелдерге, балаларға арналған күрте, көйлек, белдемше, сарафан, жакет, желетке тоқумен айналысады. Сонымен қатар, мектеп формалары мен әскери киім-кешекті де өндіреді. Алдымен тоқимыз, кейін тігісін жатқызып, тиісті пішінде дайындап шығамыз. Шикізатты Беларусьтан аламыз. Себебі, Қазақстанда шикізат өндірісі жоқ, –дейді кәсіпорын басшысы. Елімізде табын-табын, отар-отар төрт түлік мал өсірілсе де, оның терісі мен жүнін өңдеп, жеңіл өнеркәсіп өкілдерін шикізатпен қамтитын жағдайымыздың болмауы өте өкінішті…

–Сонымен бірге, мектеп формаларына қатысты бір мәселені айтқым келіп отыр. Бұл жайды «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының отырыстарында да көтерген едік, бірақ олар заң бойынша рұқсат етілмейтіндігін айтуда. Мәселен, елімізде «Жалпы білім беру» қоры бар. Одан аз қамтылған отбасылардың балаларына киім алуға жыл сайын қаражат бөлінеді. Отбасыларға қаржы қолма-қол немесе сертификатпен ұсынылады. Бірақ, білім бөлімдері «біз ата-аналарды осындай кәсіпорынға барып, киім алыңыз деп мәжбүрлей алмаймыз» дейді. Бұл да дұрыс. Бірақ, біз сияқты тоқыма немесе тігін кәсіпорындарынан алуға ұрықсат берсе, жеңіл өнеркәсіптің дамуына да септігін тигізер еді. Болашақта біз секілді кәсіпорындар қалмайтын да тәрізді. Қазір тапжылмай жұмыс істеп отырмыз, бірақ сұраныс өте аз. Жұмыс орындарын сақтап қалғымыз келеді, сондықтан, өзімізше амалдап жатырмыз. Қазір біз білдей бір тоқыма кәсіпорны бола тұра, төсек-орын тыстарын тігіп отырған жайымыз бар. Мемлекет біздей өндіріс орындарына назар аударса екен деген тілектеміз. Бұл тек біздің қаламыздағы жеңіл өнеркәсіп өндірушілерінің мәселесі ғана емес, қазір барлық жерде осылай. Біз мемлекеттік сатып алу арқылы да жұмыс істейміз. Бірақ, осы мемлекеттік сатып алудың жұмысын түсінбей қойдым. Мысалы, тоқылған шәпке мен бөкебайды 6 мың теңгеге қояды. Ал, оны біреу тіптен төмендетіп тастап, 3 мың теңгеге ұтып алады. Сонда қазіргі нарық бойынша үш мың теңгеге қандай шәпке тоқуға болатындығы миға кіріп шықпайды. Сол, себепті мемлекеттік сатып алулардан ұтылып жатамыз. Біздің өнімдердің сапасы өте жоғары деңгейде. Көп адамдар бізден алған киімді бірнеше жыл киіп келеміз деп айтып жатады,– деді өз сөзінде «Арман» тоқыма кәсіпорнының директоры Татьяра Басан.

Үкімет тарапынан отандық өнімді қолдау туралы бірнеше рет айтылды. Бірақ, елімізде бұл сала әлі де дамымай келеді. Отандық шикізат жоқтың қасы, онымен айналысатын тәжірибелі мамандар тапшы. Татьяна Егоровнаның айтуынша жастар бұл салаға келгілері келмейді. Себебі, тоқыма ісі ауыр, қолмен тоқуға тура келетін кездер болады. Кәсіпорын тоқыма өнімдерін қайта өңдеп, жөндеу жұмыстарын да іске асырады.

Жалпы, елімізге киім-кешектің 80 пайызы Түркия, Қытай, Қырғыз, Италия және Түрікменстан мен Өзбекстаннан тасымалданады. Кейде көршілес мемлекеттердің көпшілік жерде таратылатын сапалы орамалдарын көріп, осыны  бізде шығаруға болмай ма деп таң қаласың.  Отандық жеңіл өнеркәсіптің қадамына тұсау болып отырған да осы – импортқа тәуелділік. Өзіміздің аймақтың өзінде тек жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп формасына қыруар қаржы жұмсалады. Оның ауқымды бөлігі Қырғыз, Өзбекстан, Түркия іскерлерінің қалтасын томпайтады.

Егер елімізде жеңіл өнеркәсіп саласына тиісті көңіл бөлініп, шикізаты өзімізде өндірілсе, одан жасалған киім-кешек халыққа қолжетімді бағада ұсынылса, бұлай басқалардың аузына қарап отырар ма едік? Сонда отандық өнімге сұраныс та артар еді.

Салтанат ҚАЛҚАМАНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар