Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Күрмеулі мәселелері көп болып отырған ветеринария саласына түбегейлі реформа қажет - АРҚА АЖАРЫ

Күрмеулі мәселелері көп болып отырған ветеринария саласына түбегейлі реформа қажет

Халқымызда «дәрігер адамды емдейді, мал дәрігері адамзатты емдейді» деген сөз бар. Дегенмен, адамзатты емдейтін ветеринария саласына бүгінде елімізде айтарлықтай дұрыс көңіл бөлінбей келеді. Салада қордаланған мәселелер шаш-етектен. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы ел халқына Жолдауында аталған саланы реформалау туралы тапсырма берген. Бүгінде бұл тапсырманың қаншалықты іске асырылғаны, сонымен бірге өңірдегі ветеринария саласының жай-күйі туралы облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасарыИбрагим Балтабаймен сұхбаттасуды жөн санадық.

–Құрметті Ибрагим Қапарұлы,алдымен Мемлекет басшысының аталған саланы реформалау туралы тапсырмасы қалай жүзеге асырылып жатқаныжөнінде әңгімелеп берсеңіз…

–Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы 2021 жылғы Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында ветеринария саласын реформалау туралы тапсырма бергені рас. Шын мәнінде, ел тәуелсіздігін алғалы бұл саланы реформалау осы  Жолдауда бірінші рет көтерілген еді. Осыған байланысты сала заман талабына сай дамып, қызмет көрсетеді деп үміттенген едік. Бірақ, үш жылдай уақыт өтсе де, салада ешқандай реформа орын алмады. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінен реформа жасауға ұсыныстарыңды жолдаңыздар, қандай проблемалар бар деген хаттар келіп, біз де өз тарапымыздан талай мәрте сол уәкілетті органға саладағы кем-кетікті дұрыс жолға қою бойынша жауаптар жолдадық. Бірақ, баяғы жартас, сол жартас күйінде.

–Ал, енді  біздің өңірдегі ветеринария саласының қазіргі жай-күйі қалай?

–Жалпы, ветеринариялық қауіпсіздік елдің биологиялық және азық-түлік қауіпсіздігінің ажырамас бөлігі болып табылады ғой. Бірақ, бұл салаға қай облыс болмасын, дұрыс көңіл бөлінбеуде. Енді өңірдегі жағдай қалай десеңіз, ветеринариялық іс-шараларды сапалы әрі уақытылы өткізу үшін материалдық-техникалық база дұрыс болу керек. Ал, ол бізде жаңартуды қажет етіп тұр. Олай дейтінім, аудандар мен қалаларда ветеринариялық станциялардың материалдық-техникалық базасыескірген, автокөліктері, вакцина сақтайтын тоңазытқыштары, компьютерлері, тағы да басқа қажетті құралдары тозып тұр. Мәселен, облыста 19 ветеринариялық станция мен 217 ветеринариялық пункт болса, олардың материалдық-техникалық базасын жаңарту үшін 3,6 миллиард теңге қаржы қажет. Ағымдағы жылдың басында 106 автокөлік пен 236 планшет сатып алуға облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасына 1,2 миллиард теңгеге жуық сомаға бюджеттік өтінім ұсындық, бірақ қаржы тапшылығына байланысты деп бізге 19 машина мен 118 планшетке ғана 264,5 миллион теңге бөлді. Бұл бөлінген қаржы қажетті соманың 7 пайызын ғанақұрайды. Енді сол көліктерді қайда жеткізерімізді білмейміз. Планшеттер де жеткіліксіз. Қазір мал дәрігерлерімалдан қан алуға барғанда қолында жазып тіркейтін планшеті болу керек. Ол уақытты үнемдеуге және жазылған мәліметтердібірден базаға түсіруге мүмкіндік береді. Енді сол қажетті қаржыны тым болмағанда алдағы үш жылға бөліп берсе,жақсы болар еді. 2013-2014 жылдары ветеринариялық станцияларды материалдық-техникалық жабдықтау үшін республикадан 1,8 миллиард теңге бөлініп, біраз жаңартқан едік, оның өзі тозды. Осыдан кейін мамандарды жұмысқа қалай тартамыз? Олар еңбекақының төмендігін, әрі жұмыс істеуге қажетті материалдық-техникалық базаның нашарлығын көріп,жоламайды. Ол былай тұрсын, аудандардың кейбірінде ветеринариялық станциялар мен пункттерді ғимаратпен қамту да үлкен проблема. Ал, жастар келгенде отыратын орын сұрайды. 19 ветстанцияның 8-інде, 216 пункттің тек 3-еуінде ғана өз үй-жайлары бар, қалғандары жалға алған немесе басқа ұйымдармен бірлесіп орналасқан. Ал, санитарлық нормаларға сәйкес, ветеринария нысандары бөлек ғимарат болуы керек. Үй-жайдың жоқтығынан шамамен, 80 ауылдық округте мемлекеттік қызмет ветеринарлардыңөз үйлерінде жүзеге асырылады. Осы жерде, айтқым келіп отырғаны, Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» Заңының 10-1 бабының 15 тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің құзыретіне ветеринариялық пункттерді қызметтік үй-жайлармен қамтамасыз ету де кіреді. Бірақ, мұны ешкім елемейді.

–Иә, кадр тапшылығын облыстық әкімдікте өткен бірнеше отырыстарда да көтердіңіздер. Бүгінде облыстағы ветеринарлардың орташа жасы 55-ті құрап, алдағы жылдары маман қалмайды деген дабыл қаққан әріптестеріңізді де білеміз. Жалпы, осы салаға маман тарту бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

–Ветеринария саласында ең маңызды міндет – барлық ветеринарлық жоспарланған іс-шараларды уақытында және сапалы өткізіп, жануарлардың аса қауіпті ауруларын болдырмау, жануарлар мен адамдарды ортақ аурулардан қорғау. Бұл ветеринар мамандардың біліктілігі мен шеберлігіне тікелей байланысты. Сондықтан, бұл салаға білікті мамандарды тартуға аса қатты көңіл бөлінуі керек, жергілікті жерде әкімдіктер мал дәрігерлерінің сапалы жұмыс істеуіне жағдай туғызу қажет.

Облыста аудандық және қалалық ветстанцияларда 716 штаттық бірлік қарастырылған, нақты іс жүзінде616маман жұмыс істейді. Тек мал дәрігерлерінің өзінің жалпы саны 443 болуы тиіс, бірақ,354 қана маман бар, яғни, саланы мал дәрігері мамандарымен қамтамасыз ету 79 пайызды ғана құрап отыр. Кейбір аудандарда бір мал дәрігері екі елдімекенге жұмыс істейді. Жоғарыда айтылғандай, олардың орташа жасы 55-те. Малдәрігерлерінің 40 пайызында ғана жоғары білімі бар. Бүгінде бізге жоғары білімді 56, орта арнаулы біліммен 44 маман керек. Ал, жоғары білім алған жастар ауылға барғылары келмейді. Тіпті, облыстық басқармаға орналасудың өзі оларды қызықтырмайды. Университет бітіргендер бірден министрлікке кіріп, сонда қалуға тырысады.

Енді мамандар қатарын толықтыру үшін өзіміз де қолдан келгенше жұмыс істеп жатырмыз. Арнайы орта буын ветеринарларын даярлауға Қатаркөл ауыл шаруашылығы колледжіне жыл сайын әр ауданнан екі адамнан оқуға жібереміз. Сонымен қатар, жыл сайын наурыз айында Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетін аяқтайын деп отырған мамандарға бос жұмыс орындарын ұсынатын жәрмеңкеге қатысамыз. Сонымен бірге, былтыр облыс ветеринария мамандығы бойынша жоғары оқу орындарына 5 адамға грант бөлді, бірақ сол тегін оқуға екі-ақ адам барды. Ветеринарияға оқытып алатын адам таппадық. Мамандарды жұмысқа тартудың бір қиыншылығы,біздің балансымызда қызметтік пәтер немесе жатақхананың болмауы.

«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасыбойынша облысқа соңғы 3 жылда 86 жас келді. Олардың 50-і көтермеақысын алса, 36-сы үй алуға берілетін жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, 3 миллион теңгеге жақын ақша алды. Олар сол келісім-шарт негізінде 5 жыл істейді де, жағдайға әбден қаныққан соң, кетіп қалады. Ал, ауылдық жерлерде мұғалімдер мен дәрігерлерге қосымша төленетін 25 пайыздық үстемеақы мен коммуналдық төлемдерді өтеу, отын сатып алуға қаржы бөлу шаралары ветеринар мамандарына ұсынылмайды. Оған енбеудің бір себебі –ветеринарлар азаматтық қызметшілер емес. Ветстанциялардың нысаны шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын болып табылады. Біз жоғарыда айтқанымдай, уәкілетті органға реформалық ұсыныс жолдағанда ауылдық жерлерде жұмыс істейтін ветеринарлық станциялардың дәрігерлерінің еңбекақысын кемінде 25 пайызға субсидиялау, коммуналдық қызметтерге ақы төлеу және жергілікті бюджет қаражаты есебінен отын сатып әперу бойынша әлеуметтік қолдау көрсету керек деп жазған болатынбыз. Енді ол үшін ҚР Еңбек кодексінің, ҚР «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы»заңының нормаларына өзгерістер енгізіп, оған ветеринар мамандарды қосу керек. Ұсыныстар жолданғанымен, әлі күнге шешім қабылданбады. Тағы да айтарым, бұл салаға жастар келуі үшін не істеу керек десек, ең алдымен, материалдық-техникалық базаны жаңартып, тұрақты еңбекақыны көтеру керек. Ауылда ветсанитарлар 100-120 мың теңге, веттехниктер70-90 мың теңге шамасында ғана жалақы алады. Айлығы шайлығына жетпеген соң, жастар ветеринар болудан гөрі вахталық күзет сияқты айына кем дегенде 200 мың теңге алатын жұмыстарға кетіп қалып жатыр.

–Мал басын есепке алу, есептен шығару бойынша да бірқатар сұрақтар бар. Мәселен, облыс әкімдігінде өтетін жиындарда ұсынылатын көрсеткіштерде жыл сайын малдың басы өсіп жатыр. Ал, биыл кейбір аудандарда қыста жауған жаңбырдың көк мұз болып қатып қалуынан, былтыр жазда құрғақшылық орын алып, жемшөп дайындауда қиындықтардың туындауынан мал басы, әсіресе, жылқы түлігі шетінеп,  мал жұттан қырылды немесе ауылдарда төрт түлік иелерінің өздері ұстауға жағдайлары келмей сатып жіберуде, қолда бар малын не етке жұмсауда. Бірақ, статистикалық көрсеткіштерде мал басының азайғаны байқалмайды.

–Иә, қазірстатистикалық көрсеткіш пен ауыл шаруашылығы базасындағы есептерде жануарлардың санында айырмашылықбар. Сол айырмашылықты болдырмау үшін алдағы уақытта жергілікті атқарушы органдар мал басын есептегенде ветеринар мамандармен жұмысты бірлесіп жүргізу керек. Бірақ, біз стандарт бойынша мал иесінің өз өтініші болмаса, оларды қыстапүй жануарларын есепке ала алмаймыз.Мұндайда прокуратура тарапынан ескерту болады. Ол үшін шетелдегідей малды есепке алу мен шығаруды заңға енгізіп, иелерін міндеттеу керек. Әйтпесе, мұндай сәйкессіздіктер жойылмайды. Біз үшін қара мал мен қойды есепке алу қиын емес, мал дәрігерлері қан алуға барғанда иелерімен келісімді түрде жануарларын есепке енгізеді. Ал, жылқыны есепке тіркеу қиын. Малды есепке тіркемеген адамдардың малдары мысалы су тасқынында шығынға ұшырап, есепте болмаған соң, оларға өтемақы төленбейді. Малдарды есептен шығару  көбіне иелері сойып, сатарда ветеринардан өз малы екенін дәлелдейтін анықтама алуға келген кезде іске асырылады. Мал иелері өздері келіп шығармайынша, оны іске асыра алмаймыз. Статистер қора-қорада жүрмей, иесінің айтуымен тіркейді, ал біз нақты көзбен көріп тіркегендіктен, көрсеткіштер аздау. Былтыр облыстық әкімдікте хаттамалық тапсырма беріліп, статистика мен біздегі көрсеткіштерді бірдейлендіру бойынша тапсырма болды. Қазір статистика да көрсеткіштерін бізбен келісіп, бір ізге түсіріп келеді.

Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру базасында тіркелген жануарлар бойынша салыстыратын болсақ, облыста ірі қара мал 2023 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметте 512 262 басты құраса,  2024 жылы 431891 бас болып, көрсеткіш 15 пайызға кеміген. Ұсақ мал да солай. Былтыр 682042 бас болса, биыл 591992 бас тіркелді, ол да 15 пайызға азайған. Ал, шошқа 2 есе кеміген. Жылқы 2023 жылы 223085 бас болса, 2024 жылы 232 222 бас болып көрсеткіш саны ұлғайған, мал саны бойынша былтырдан бері жылқы ғана көбейген, себебі, шаруа қожалықтары жылқыларына субсидия алатын болғасын, есептен шығармауға тырысады. Біз, ветеринарлар өздеріне тиесілі жұмыстарын жүргізгендеқоралардағы малдарды санап есепке алыңдар, есепте бұрын тұрғандары жоқ болса, иелерімен сөйлесіп, есептен шығарып тастаңдар деп тапсырма бердік. Жалпы, ауыл шаруашылығы жануарларын есепке қою немесе алу мемлекеттік қызмет стандартына сәйкес, мал иесі өтініш бергенде ғана іске асады. Ветеринар мамандар өз бетінше есепке қою мен алуды іске асыра алмайды.

–Қыс бойы жылқы малы қырылғаны рас. Су тасқыны кезінде де мал басы шығын болды, әрі ол сулар өлі малдардың өлекселерін де шайып кетті. Ол өлекселер сай-салада қалды. Оларды күйдіру, көму бойынша қандай жұмыстар жүргізілді? Құдай бетін аулақ қылсын, өлекселер далада қалып қойса, осыдан түрлі аурулар тарауы мүмкін ғой…

–Ақмола облысының елдімекендерінде 265 мал қорымы бар, олардың 8-і үлгілік –Беккер шұңқыры деп аталса,  257-сі бұрыннан келе жатқан малдың қарапайым қорымдары. Малдың өлексесін жоюда үлгілік түрде жасалған Беккер шұңқыры пайдалырақ. Оған лақтырып жіберген малдар бетондалған шұңқырда, 10 метр тереңдікте жатқандықтан, микроорганизмдерге айналып,уақыт өте шіріп кетеді. Арнайы қоршауы, қақпағы болады. Ал, мал қорымдарында өлген малды 1 метрдей жерге көмеді, оларды ит-құс шығарып алуы да ықтимал. Сонымен бірге, жағып жіберетін 31 инсенатор құрылғысы бар, бірақ, оған қой сияқты ұсақ малдар ғана сияды, әрі ол қымбатқа түседі.Облыстың елдімекендеріндегі жануарлардың өлексесін жоюға үлгілік мал қорымдарымен қамтамасыз ету жөніндегі мәселелерді шешу үшін облыс әкімдігі «Облыс аумағында қолда бар мал қорымдарын сәйкестендіру және жаңа үлгілік мал қорымдарын кезең-кезеңмен салу жөніндегі 2019-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын» бекіткен болатын. Соның негізінде 17 аудан мен 2 қалада 108 жер телімі бөлініп, ресімделді. Жоспарға сәйкес 2020-2021 жылдары Біржан сал ауданының орталығы Степняк қаласында және осы ауданның Үлгі, Макинка, Мамай, Әндіқожа батыр ауылдарында жалпы сомасы 70 миллион теңгенің 5 үлгілік мал қорымы салынды. Көкшетау қаласында, Целиноград және Бұланды аудандарында бір-бір үлгілік қорымнан бар. Облыстың аудандары мен қалаларында 233 миллион теңгеден астам қаржыны қажет ететін 9 үлгілік мал қорымын салу бойынша жыл басында облыстық бюджетке өтінімдер берген едік, алайда,қаржы тапшыдеп тиісті қаражат бөлінбеді.

Ағымдағы жыл жылқы малы үшін ауыр болғаны рас. Мұз астынан тебіндеп, тамағын жей алмай, жылқы жұттан біраз қырылып қалды. Көктемгі су тасқыны да малсақ қауымға зардабын тигізбей қоймады, бір ауданда ауыл шаруашылығы жануарлары шығынға ұшырады. Осыған байланысты облыс пен аудандарда комиссиялар құрылып, шығындарды есептеу бойынша жұмыстар жүргізілді, өлген жануарларды санитарлық талаптарға сай көму, жағужұмыстарын жергілікті әкімдіктер ветеринар мамандарының бақылауымен атқарды. Жұттан қырылған жылқылар да сай-саладан жинап алынып, мал қорымдарынакөмілді. Ауылдық жерлерде үлгілік мал қорымдары жоқ жерлер өлекселерді шұңқырлар қазып, үстінен баллондар жағып, көміп тастады. Ветеринарлар мұндайда тек бақылау жүргізеді. Ал, санитарлық тазалау, өлексесін көму, жағу жұмыстарын жергілікті әкімдіктер атқарады. Жалпы, облысқа осындайда 25 қой сиятын үлкен бір КАМАЗ сияқты мал күйдіретін бір техника керек. Республикада біреу бар. Аса қауіпті аурулар шыққанда сол жаққа барып, малдарын күйдіріп береді, күлін типтік қорымға лақтырып тастайды.  Өте пайдалы. Осы жерде айта кету керек, малдарын уақытында есепке қоймағандар шығындарды өтеу бойынша мемлекет тарапынан берілетін көмектерді ала алмады.Себебі, мемлекет ауыл шаруашылығы жануарларының бірдейлендіру базасында бар малдың ғана шығынын өтейді.

Үшқарасуда былтыр сібір жарасыныңжұқпалы инфекциясы тарады. Ондағы өлген малдар қалай көмілді? Себебі, ол жерді биыл көктемде су басты ғой. Жалпы, жұқпалы аурулардың алдын алу бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

–Аса қауіпті аурулар шыққанда ереже бойынша малды күйдіріп жібереді де хлормен дизинфекция жасайды. Сібір жарасы қорымдары республикада 65, бірақ 58-і есепте бар. Тасқында сол қорымды су шайып кете ме деп ойлап едік, әйтеуір, оған су жетпеді. Бірақ, күйдіріп жіберіп, дизинфекция жасағаннан кейін сол маңнан сынама алып тексергенде таза болды.

Ал, енді малдардың жұқпалы ауруларын алдын алу бойынша жүргізілетін ең басты шара – індетке қарсы екпе егу. Бұл бағытта ветеринария саласына облыстық бюджеттен 2,7 миллиард теңге қаржы бөлінді, бұл қаржы 6,7 миллион бас ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстарын 13 аса қауіпті аурудың, атап айтқанда, құтыру, сібір жарасы, вирустық диарея мен инфекциялық ринотрахеит, ринопневмония, нодулярлы дерматит, құстардың тұмауы, аусыл секілді жұқпалы аурулардың алдын алу бойынша екпе егу жұмыстарына бағытталады. Сонымен бірге, 1,2 миллион бас малға аса қауіпті 27 ауруға диагностикалық зерттеулер жүргізуге жұмсалады. Аса қауіпті аурулар бойынша шектеу Атбасар ауданының Мариновка ауылында бруцеллез ауруы бойынша орын алды. Бұл шектеу былтырдан бері сақталып тұр. Біз анықтап, зертханаға сынама жібердік. Енді әр 10-15 күн сайын сынама алынып, тексерілуде. Биыл шектеу алынады деген ойдамыз. Ветеринарлардың аса қауіпті ауруларға залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуге тиісті арнайы киімдері мен құралдары бар.

–Соңғы бір сұрақ – қаңғыбас иттер мәселесі. Ауылдарда болсын, қала көшелерінде болсын, қаңғыған ит қаптап жүр. Олар тұрғындарға, әсіресе, балаларға өте қауіпті. Оларды ұстап, жансыздандыру бойынша жұмыстар атқарылып жатыр дейді, бірақ, нәтижесі көрінбейді. Бұл жұмыстарды белгісіз бір кәсіпкерлер іске асырады екен, олар сіздерге есеп бере ме? Бұл жұмысқа да қазынадан қыруар қаржы бөлінедіғой…

–Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы», «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңдарына сәйкес біздіңбасқарма төрт бюджеттік бағдарламаның әкімшісі болып отыр.Негізі иттерді аулау ветеринарларға еш қатысы жоқ еді, оны бізге жүктеп қойды. Бұрын ату, жою деген жұмыстарды аудандар өздері жүргізетін. Қазір халықаралық стандарттарға сай, атуға болмайды, оларды қорғау керек деп, түрлі жаңалықтар енгізді. Енді біз төрт бағыт бойынша аулау, жансыздандыру, бірдейлендіру, есепке алу, уақытша ұстау, зарарсыздандыру және кастрация, амалдарын жүргізуге әкімші болып отырмыз. Оған бюджеттен 96 миллион теңге бөлінеді. Облыста 600 елдімекен бар болса, солардағы осы жұмыстарды 6-7 кәсіпкер мемлекеттік сатып алу арқылы ұтып, бірнеше ауданға қызмет көрсетеді. Әр бағыт бойынша әртүрлі кәсіпкер ұтып алғанымен, ол жұмыстардың бәріне үлгермейді. Бұрын атуға рұқсат болғанда 20 мың ит атылатын. Қазір қаңғыбас иттердің көбінің иесі бар, бірақ ұстап аулаған кезде ғана  сол иесі табыла қалады. Сол кезде учаскелік полицияны шақырып, олардың иттерін байлап ұстамағандары үшін айыппұл салу сияқты заң аясындағы шаралар қолданылады. Бұл мәселені аудандардың әкімдіктерінің құзырына беру керек деген ұсыныс жасағанбыз, Мәжіліс депутаттары бізді қолдауда, ендігі нәтижесін уақыт көрсетеді.

–Ашық та тиянақты әңгімеңізге көп рахмет!

Сұхбатты жүргізген Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар