Жуырда Ақмола облыстық мәслихаты экономика және бюджет сұрақтары жөніндегі тұрақты комиссиясының кезекті отырысы өтті. Мәслихат төрағасы Бейбіт Жүсіповтің қатысуымен және депутат Марат Қойшыбаевтың төрағалығымен өткен жиында 2023 жылдың және ағымдағы жылдың бес айының қорытындысы бойынша облыстық бюджеттің атқарылуы туралы мәселе қаралды.
Отырыс барысында облыстық қаржы басқармасының басшысы Талғат Бөлтенов өткен жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, бюжеттің атқарылу көрсеткіші төмендеген. Қаржы жылының негізгі көрсеткіштеріне қатысты облыстық мәслихаттың 4 сессиясында бастапқы шешім өзгеріске ұшырады. Облыстық бюджетке 25 рет, оның ішінде мемлекеттік резервтік қорларды пайдалануға сегіз, республикалық бюджет қаражатына алты, пайдаланылмаған қаражатты республикалық бюджеттен қайтаруға үш реттүзетулер енгізілді.Облыстық бюджетке түсімдер 100,2 пайызға орындалды. 2022 жылмен салыстырғанда кірістердің жалпы көлеміндегі меншікті табыс үлесінің төмендеуі байқалады. Облыс бюджетіне салық бойынша берешек 2,9 миллиард теңгені құрап, өткен кезеңмен салыстырғанда 39,9 пайызға азайған. Берешектерді азайту корпоративтік табыс салығы бойынша берешекті өтеу арқылы қамтамасыз етіледі, – деді ол.
Сондай-ақ, 2023 жылдың қорытындысы бойынша 1 миллиард теңге игерілмеген. Бұл көрсеткіш оның алдындағы жылы небары 177,3 миллион теңге болған екен. Оған қоса, игерілмеген қаражаттың ең көп сомасы денсаулық сақтау, білім беру және цифрландыру басқармаларына тиесілі болған. Бұл ретте, тексеру комиссиясының төрағасы Қанат Есмағамбетов бюджеттің атқарылуына егжей-тегжейлі талдау жасады. Депутаттардың бөлінген бюджет қаражатын сапалы және толық игермеу себептері туралы сұрақтарына білім, денсаулық сақтау, құрылыс, цифрландыру және мұрағат басқармаларының басшылары мен басшыларының орынбасарлары жауап берді. Және де бағдарлама әкімшілерінің және облыстық басқармалардың ағымдағы жылғы бюджетті атқаруы туралы облыстық қаржы басқармасының басшысы Талғат Бөлтенов хабардар етті. Бұл мәселе бойынша бірқатар басқармалардың басшылары да түсініктеме берді.
Сонымен бірге, Ақмола облысының 2021-2025 жылдарға арналған Даму жоспарының нысаналы индикаторларына қол жеткізу туралы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Динара Құлтасова айтып өтті. Келтірілген мәліметке сүйенсек, жоспарлы индикатордың 43-і орындалмаған. Ауыл шаруашылығы, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармаларының өкілдері өздерінің бейіндері бойынша өңірдің даму жоспарының жекелеген индикаторларын орындамау себептері туралы сұрақтарға жауап беріп, осыны түсіндіріп өтті. Тұрақты комиссияның төрағасы Марат Қойшыбаев атап өткеніндей, қаралған мәселелердің барлығы қорытынды қаулыда ескеріліп, орындалуы үшін мемлекеттік органдарға жіберілумен қатар, облыс әкімінің қатысуымен өтетін сессияға шығарылатын болады.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.