Мемлекет басшысы атап өткеніндей, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасын тауып, жылда жақсы дәстүрге айналып, дамуы тиіс. Ақмола облысының кәсіпкерлер палатасы қоршаған экожүйені сақтауға және жақсартуға елеулі үлес қосатын кәсіпорындарды сүйемелдей отырып, акцияны өткізу бойынша жұмысты жалғастырып келеді.
Палата алаңында өңірдің экологиялық проблемалары, қатты тұрмыстық қалдықтарды сақтау мәселелері бірнеше рет талқыланды. Негізгі проблемалардың қатарына қалдықтарды басқарудың әлсіз инфрақұрылымы, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының нормаларға сәйкес келмеуі, оның рұқсат беру құжаттарының болмауы, рұқсат етілмеген полигондардың санының көптігі, кәріз-тазарту станцияларының тозуы немесе олардың болмауы жатады. Мәселелерді шешу экожүйеге ұқыпты қараумен қатар, қатты тұрмыстық қалдықтарды терең өңдейтін зауыттар мен кәсіпорындардың да тапшылығында жатыр. Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу бойынша 45 жобаны пысықтады, оның ішінде Ақмола облысында қоқысты сұрыптап-қайта өңдейтін үш кешен салу жоспарланған. Жоба шамамен 7 миллиард теңгеге бағаланып отыр.
Жобаға «ЭКО-DUMP» ЖШС директоры Мариям Әбішева бастамашылық етті. Оның айтуынша, қоқысты сұрыптау-өңдеу кешендерін Көкшетау қаласында, Бурабай және Зеренді аудандарында салу жоспарлануда. Айта кетейік, Мариям Әбішева осы саланың барлық проблемаларын жақсы біледі. Көптеген жылдар бойы ол «Kazakhstan Innovations» АҚ төрағасы, өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанындағы туризм және экология жөніндегі салалық кеңестің мүшесі бола жүріп, экологиялық проблемалармен айналысып келеді. Сондықтан, Краснояр ауылында орналасқан полигонның құжаттары болмауына байланысты бірнеше жыл бойы жұмыс істемей тұрған нысан жұмысын қалпына келтіру туралы шешім дұрыс болды. Алайда, кәсіпорын жұмыс істемей тұрып, оны заңдастыруға, сәйкестендіруге көп уақыт пен күш жұмсалды. Сегіз айға жуық уақыт бойы рұқсат құжаттары дайындалды. ҚТҚ-ның жалпы көлемінде қайта өңдеуге жататын пайдалы қайталама шикізат шамамен 24 пайыз ғана, ал, қалғанының бәрі өтімді емес қалдықтар болып табылады. Бұл үлкен проблема тудырады. Олар үнемі қоқыстың өртенуіне себеп болатын биогаз жасайды.
Қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару нәзік әйелдердің иығына арналмаған, сонда да полигондағы өзгерістер айқын. Полигонда жұмыс тәулік бойы жүргізіліп, күніне 150 тоннаға жуық қоқыс әкелінеді. Сонымен қатар, бірнеше жыл бойы полигонға әкелінген, тонналап жиналып, қоршаған ортаны бітеп тастаған қалдықтарды кәдеге жарату жүріп жатыр. Айта кетейік, «Таза Қазақстан» акциясы басталғаннан бері кәсіпорын төрт мың тоннадан астам қоқысты қабылдап, осы мақсатта тәулік бойы ауысымдық кезекшілік орнатты.
–Полигондарды қолдау лайықты деңгейде жүргізілуі тиіс. Заманауи, жаңа технологияларды қолдану, қайта өңдеумен айналысу, табиғи ресурстарды сақтау және көбейту қажет, әйтпесе, қолда бар қорларды ұзақ уақыт ұстау мүмкін болмайды. Біздің жоба аясында Көкшетау қаласында, Зеренді және Бурабай аудандарында қуаттылығы жылына 70 мың тонна сұрыптау желілерін салу көзделген. Жалпы, бұл жобаны іске асыру аталған өңірлерде жаңа полигондар салудан аулақ болуға, қолданыстағы ҚТҚ полигондарын рекультивациялауды жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл – қалдықтарды қайта өңдеуге байланысты экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық мәселелерді шешуге айтарлықтай ықпал етеді, – дейді Мәриям Әбішева.
Өңірлік палата директоры Ерқанат Мұсылманбектің айтуынша, Көкшетау қаласының ҚТҚ полигоны қоршаған экожүйеге зиянды азайту, азаматтардың өмір сүру жағдайларын, олардың жайлылығын қамтамасыз ету мақсатында қалдықтарды қабылдау, сақтау, оларды оқшаулау бойынша жұмыстарды жүзеге асыратын тұтас кешенді кәсіпорын.
–Біз облыс кәсіпорындарын, ұйымдарын «Таза Қазақстан» акциясына белсенді қатысуға шақырамыз. Елді мекендердің сыртқы келбеті біздің бірлескен күш-жігерімізге байланысты, әрқайсымыз қоршаған ортаға зиян келтірмей, тазалық пен тәртіпті сақтай отырып, аумақтарды абаттандыруға елеулі үлес қоса аламыз, – деп атап өтті өз сөзінде Ерқанат Мұсылманбек.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.