Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың Қосшы қаласына жұмыс сапары барысында 2021 жылы Целиноград ауданынан бөлініп шыққан Қосшының облыстық маңызы бар қала мәртебесін алғаны айтылады. Соңғы үш жылда мұнда халық саны айтарлықтай артып, инфрақұрылымы өзгерген. Сонымен қатар, тез арада шешуді талап ететін көптеген мәселелер де туындап отыр.
Барлығына қолжетімді баспана
Өңір басшысы «Лесная поляна» тұрғын үй алабында, сондай-ақ, кезекте тұрғандарға, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарындағы азаматтарға пәтерлер берілетін «Ақ шаңырақ» және «Dream Park» тұрғын үй кешендерін аралады. Жаңадан келген тұрғындарға жақын арада алғашқы 20 пәтердің кілті табыс етілетін болады.
«Алтын ұя 2021» ЖШС құрылыс компаниясының директоры Азамат Әміржанов «Dream Park» тұрғын үй кешенінің құрылыс және әрлеу жұмыстары жоспарға сай жүргізілгенін хабарлады. Пәтерлер жаңадан келген тұрғындарға таза әрлеумен беріледі, санитарлық құралдармен және газ плиталарымен жабдықталған.
– Халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы азаматтарды – көп балалы отбасыларды, жетім балаларды және тағы басқаларын тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін Қосшы қаласында 120 пәтер сатып алуға бюджеттен 2,2 миллиард теңге бөлінді. Жалпы облыс бойынша бұл санатқа жалпы құны 16 миллиард теңгені құрайтын 840-қа жуық пәтер бөлінеді, – деді құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Азамат Байқуанышев.
Облыс басшысы баспананың сапасы басты өлшем екенін атап өтті. Бұл ретте барлық қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар, ішкі әрлеу сапасына да назар аудару керек.
–Пәтерлер барлық қажетті заттармен қамтамасыз етілуі керекжәне баспана алған әрбір отбасы ешбір қосымша жұмыс жүргізбей, ештеңе сатып алмай-ақ келіп тұруы қажет, –деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Тағы бір аурухана
Жұмыс сапары барысында «Viamedis» ЖШС өкілдері облыс әкіміне көпсалалы аурухананың макетін сыйға тартты. Қосшыда жаңа медициналық нысанның құрылысы қажетті рұқсаттар алғаннан кейін басталатын болады.
Серіктестік басшысы Әсет Ахметовтың айтуынша, 300 төсектік жаңа көпсалалы облыстық аурухана мен күніне 1000 адамды қабылдайтын емхана Қосшы тұрғындарын ғана емес, жақын маңдағы алты ауданды да барлық қажетті медициналық көмекпен қамтамасыз етеді.
Ғимаратта ата-аналар бөлімі, жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелерге арналған патология, терапия және хирургия бөлімдері орналасады. Онкологиямен ауыратын науқастарға диагностикадан бастап күрделі операциялар мен оңалтуға дейін толық көмек көрсету жоспарлануда.
– Кадрларды тарту үшін медицина қызметкерлеріне 96 пәтерлік үй салғымыз келеді. Аурухананың жүктемесін жеңілдету үшін орнына пансионат қарастырылған. Өңірлерден келген емделушілер сонда қалып, емдеу мекемесіне емделуге немесе күндізгі стационарға келе алады. Осылайша біз көрсетілетін көмек көлемін айтарлықтай арттырамыз, – деді Әсет Ахметов.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Ахильбеков Қосшыдағы аурухана екінші облыстық ауруханаға айналса, Астанадағы №2 қалалық аурухана ғимаратында облыстық балалар ауруханасы орналасатынын қадап айтты.
– Тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсету – денсаулық сақтау жүйесінің басты мақсаттарының бірі. Сондықтан, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру үшін барлық шараларды қабылдау қажет. Жаңа медициналық мекеменің іске қосылуымен ақмолалықтардың сапалы ем алуы қолжетімді болады, – деді облыс әкімі.
Кездесу соңында Әсет Ахметов пен Марат Ахметжанов ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Ауыз су, жолдар…
Облыс әкімі Қосшы қаласы активімен кездесуінде қаланың мәртебесінің бізді бар мәселелерге кеңірек қарап, болашаққа жұмыс істеуге міндеттейтінінбірнеше рет айтып өтті. «Тұрғындар елді мекеннің даму болашағына сенуі керек. Сондаолар салық, қосымша мүмкіндіктермен қоса, әлі көп нәрсе істеуі тиіс екенін сезінеді. Өркениеттің негізгі игілігінсіз елді мекенде адамдар өмір сүрмейді», – деп қосты аймақ басшысы кездесудің ашылуында.
Сонымен қатар, Марат Ахметжанов алдымен, 2016 жылдан бері су алатын құрылыстар мен су құбырларының құрылысы созылып жатқанына айрықша тоқталды. Бағаның өсуіне байланысты сот процестері мен түзетулерге қарамастан, жұмыс әлі аяқталған жоқ. Оған Қосшы қаласының әкімі Гайдар Қасенов «Сақалды жоба» деп анықтама берді.
Қалада мұндай «сақалды проблемалар» өте көп. Олар жолдардың нашарлығы, тағы бір ұзақ мерзімді құрылыс – 1200 орындық мектеп, шағын және орта бизнес нысандарының қысқаруы, тағы сол сияқты мәселелер. Оның себептері де аз емес. Айталық, нысандарды қала балансына беруді кешіктіру, жосықсыз мердігерлер…
– Қаланың бизнесті жүргізуде даусыз артықшылығы бар, ол екі миллион адам тұратын елордаға жақын орналасқан. Өнімнің алуан түріне сұраныс жоғары. Сіздердің міндеттеріңіз – инвестицияны белсенді түрде тарту және жаңа кәсіпорындар ашу», – деп баса айтты аймақ басшысы.
Сондай-ақ, облыс әкімі кемінде 10 бригадаға арналған «Жедел жәрдем» станциясының жобасын дайындауды тапсырды. «Халыққа жағдай жасау керек, бұл маңызды», – деді ол. Мұндай жағдайларда халықты үздіксіз сумен, жылумен және электр қуатымен қамтамасыз ету, жаңа жұмыс орындарын ашу, балабақшалар мен мектептер, жақсы жолдар салу керек. Қазіргі қаланы онсыз елестету мүмкін емес, әрине.
–Қалаға, жұмысқа деген көзқарастарыңызды өзгертіңіздер, – деп түйіндеді кездесудің соңында облыс әкімі Марат Ахметжанов.
Наталья ЯКОВЛЕВА,
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.
Қосшы қаласы.
Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.